Ақмола облысының сот жүйесі ардагерлерін еске алу, олардың әділет жолындағы қызметтеріне құрмет білдіру мақсатымен Бурабай аудандық соты ғимаратының алдында Нұрғазы Қанапияұлы Жүсіпов пен Серік Айтжанұлы Қауневке мемориалдық ескерткіш тақталар орнату салтанаты болып өтті.
Іс-шараға облысымыздың судьялар қауымы, сот қызметкерлері, осы сот жүйесінің ардагерлері мен шақырылған қонақтар қатысты.
Салтанатты рәсімді құттықтау сөзімен Ақмола облыстық сотының төрағасы Арман Жүкенов ашып, жүргізіп отырды. Оның барысында ардагер судьялар Мейрам Ғибаділов, Мақсұт Ахметов, Н.Жүсіпов пен С.Қауневтің ұлдары, бірге қызметтес болған әріптестері, олардың адалдығын көзбен көріп, өнегесін жүрекпен сезінген азаматтар, сөз алып, өз лебіздерін жеткізді.
Нұрғазы Жүсіпов 1932 жылы Зеренді ауданының Үлгілі ауылында дүниеге келген. Заң саласында 40 жылдай еңбек етіп, 1977-1995 жылдар аралығында Щучинск қалалық халық сотының төрағасы болды. 2004 жылы 72 жасында өмірден өтті.
Серік Қаунев бұрынғы Щучье, қазіргі Бурабай ауданы Бурабай кентінің тумасы. Көкшетау облыстық сотының судьясы, кейін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы болып қызмет атқарған. Небары 51 жылы ғұмыр кешіп, заңға адалдығымен, парасаттылығымен ел есінде қалды.
Бірі аға, бірі інілік жастағы қос судьяның да өмір жолдары заң жолындағы қажырлы еңбекпен өрілген өнегелі жол. Сондықтан, олардың тасқа қашалған есімдері ел жадында жүреді.
Ақмола облыстық сотының материалы бойынша.
![]()

