14 шілде – Нотариат күні
Жылдағы дәстүр бойынша 14 шілдеде Қазақстан Республикасында Нотариат күні атап өтіледі. Бұл күн – құқықтық жүйенің маңызды құрамдас бөлігі саналатын нотариустардың қажырлы еңбегіне деген алғыс пен құрмет күні.
Әлем әйгілісінің «Әділет салтанат құрсын десең, әр сөзіңе нотариус куә болсын» деген тәмсілі бар. Нотариус – жай ғана заңгер емес. Нотариус мамандығы – қоғамда ең беделді әрі жауапкершілігі зор мамандықтардың бірі. Бұл мамандарға адамдар өздерінің ең қымбат істерін мүлік, мұрагерлік, некелік шарттар, баланың құқықтарын қорғау және өзге де маңызды мәселелерді сеніп тапсырады. Қазақстандағы нотариус тек қана мәмілені куәландырушы емес, ол – заңдылықтың кепілі, бейтарап төреші, медиатор және құқықтық кеңесші.
Цифрлық технологиялар мен құқықтық реформалар заманы нотариатқа деген сұранысты арттыра түсті. Нотариус – азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтық қауіпсіздігінің тірегі. Оның қолы мен мөрі – еліміздің аумағында ғана емес, шетелде де мойындалатын сенімді қорған.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде қазіргі заманғы нотариат жүйесі қалыптаса бастады. 1997 жылы қабылданған «Нотариат туралы» Заң мемлекеттік және жеке нотариустардан тұратын екі секторлы жүйенің негізін қалады. Содан бері нотариат институты елеулі өзгерістерге ұшырады және бүгінде Қазақстанда нотариустар Республикалық нотариат палатасы мен өңірлік нотариат палаталарына біріге отырып, өз кәсіби міндеттерін жоғары деңгейде атқарып келеді.
Бүгінде нотариат саласында цифрлық қызметтер кеңінен енгізілуде. Электронды құжат айналымы дамып, ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) арқылы қашықтан қызмет көрсету мүмкіндігі пайда болды. Бұл нотариат қызметтерінің қолжетімділігін арттырып, заманауи талаптарға сай келуіне жол ашты.
Нотариат – бұл тек заңгерлік көмек қана емес, әлеуметтік жауапкершілік пен азаматтық сенімнің тірегі. Әсіресе, шалғай аймақтарда халықтың құқықтық көмекке қол жеткізуі шектеулі болған жағдайда, нотариустар ең алғашқы құқықтық кеңес беруші рөлін атқарады. Әлеуметтік осал топтар – зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жалғызбасты аналар үшін нотариустың көмегі өте маңызды.
Сондай-ақ, нотариус – мемлекет пен азамат арасындағы делдал. Ол мұрагерлік рәсімдерді, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауды, мүлікті тіркеуді және өзге де маңызды мемлекеттік функцияларды жүзеге асыруға қатысады.
Осы мереке күні Қазақстандағы барлық нотариустарға шын жүректен алғыс білдіреміз. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз, әділдіктеріңіз, заңға деген адалдықтарыңыз – құқықтық мемлекеттің нығаюына қосылған баға жетпес үлес.
Сіздерге мықты денсаулық, тұрақтылық, кәсіби табыстар мен отбасылық амандық тілейміз. Еңбектеріңіз бағаланып, күн сайын халықтың сенімі мен алғысына бөлене беріңіздер!
Баукен ӘЛМЕШ,
Ақмола облысы әділет департаментінің басшысы.
![]()

