Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нығмет ҚАУАШЕВ: «Балықты көп өсіріп, өндіруді көздеп отырмыз»

13 шілде – Балық шаруашылығы қызметкерлері күні

Балық та баққанға бітеді. Сулы, нулы Көкшетау мен Қорғалжынның арасындағы күміс көлдерде балық өрістетуге әбден болады. Дастархан мәзірін байытатын саланың тыныс-тіршілігі туралы таратып айту парыз. Балық шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында өзекті мәселенің өрісі туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нығмет Қауашевқа жолығып, сұхбаттасқан едік.

–Құрметті Нығмет Амангелдіұлы, төл мерекелеріңізге орай,  балық шаруашылығы жайында егжей-тегжейлі сұхбат құрсақ деген ниеттеміз. Өңір аумағында балық ресурстарын қорғау және пайдалану шаралары қалай жүргізілуде?

–Бұл мәселе туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында балық саласын дамытуға ерекше назар аудару қажеттігін атап өткен болатын. Негізінде Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының аумағында балық ресурстарын және басқа да су жануарларын қорғау және пайдалану саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады. Есіл бассейні бойынша балық шаруашылығы қорын халықаралық маңызы бар Есіл өзені, республикалық маңызы бар Сілеті және Нұра өзендері құрайды. Ақмола облысы әкімдігінің 2017 жылғы 27 қазандағы №А-11/489 қаулысымен Жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының тізбесіне жалпы ауданы 166180,31 гектар және 715,5 шақырым 632 су айдыны енгізілді. Солтүстік Қазақстан облысының балық шаруашылығы қоры 2328 су айдынын құрайды, оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2019 жылғы 4 сәуірдегі № 256 қаулысымен жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының және учаскелерінің тізбесіне жалпы ауданы 297495,9 гектар 589 су айдыны енгізілген. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы сәуір айындағы №208 Қаулысымен елдің балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы дайындалды және бекітілді, ол кәсіптік балық аулаудан аквакультураға, яғни, балықты жасанды өсіруге көшуді және өсірілген балық көлемін 2030 жылға қарай 270 мың тоннаға дейін жеткізуді көздейді.

Дайындауға негіздеме Қазақстан Республикасы Үкіметі отырысының 2020 жылғы 18 тамыздағы № 28 хаттамасы болып табылады. Жоғарыда аталған бағдарламаның құрылымында Ақмола облысының әкімі 2021 жылғы 11 наурызда бекіткен Ақмола облысының балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы бар.

–Таяуда ел Президенті «Аквамәдениет туралы» Заңға қол қойды. Осы заң туралы сәл таратып айтып берсеңіз.

 –Ондағы мақсат жаңа өндірістер құру, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту, бәсекеге қабілетті аквамәдениет объектілерінің санын көбейту, сондай-ақ, олардың қоршаған орта мен адам денсаулығы үшін экологиялық және санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету есебінен аквамәдениетті тұрақты дамыту болып табылады. Заңның негізгі міндеттері – инвестициялық ахуалды жақсарту және экспорттық әлеуетті дамыту, инновациялық және индустриялық технологияларды енгізуді қолдау, сондай-ақ, аквамәдениет субъектілерін мемлекеттік қолдау. Қазіргі уақытта Ақмола облысы бойынша жағдай туралы да айта кетейін. Жергілікті маңызы бар 632 балық шаруашылығы су айдынының 280 пайдаланушысына 360 су айдыны бекітілді, оның ішінде 169 пайдаланушыға  216 су қоймасы бекітілген. 136 су айдыны 109 пайдаланушыға кәсіптік балық аулау үшін пайдалануға берілді.  Жергілікті су айдындары бойынша лимит 575,67 тоннаны құрайды. Қазіргі күні 550,82 тонна игерілді. Бұл жалпы көрсеткіштің 95 пайызы. 8 су айдыны спорттық-әуесқойлық балық аулау үшін 8 пайдаланушыға бекітілген. 2024 жылы тауарлық балық өсіру көлемі жоспар бойынша 1520 тонна болса, 1549 тонна өсірілді. Бұл орайдағы жоспар 102 пайызға асыра орындалды. Тауарлық балық өсіруге 230 балық өсіруші шаруашылық қатысуда. Алдағы жоспар да ауқымды. Тауарлы балық түрлерін мейлінше көбейтуді көздеп отырмыз. 2025 жылға Ақмола облысы бойынша тауарлық балық өсіру көлемі 2000 тоннаға жетпек

–Жоғарыда аталған Заңда субсидиялау, жеңілдікті кредиттеу, сақтандыру, салықтық преференциялар, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және басқа да құралдар сияқты мемлекеттік қолдау шараларын қоса алғанда, инновациялар да көзделді емес пе?

–Иә, заң шеңберінде аквамәдениет субъектілерінің құқықтары мен міндеттері, аквамәдениет объектілерін өсіру жөніндегі қызметті жүргізу шарттары, ғылыми-зерттеулер жүргізу, балық шаруашылығы су айдындары мен жер учаскелерін беру және пайдалану тәртібі айқындалған. Ақмола облысы бойынша инвестициялық жобалар бойынша таратып айтуға тура келер. Целиноград ауданының Аққайың (Малотимофеевка) кентінде «Poseydon» ЖШС 1 УЗВ бойынша 745 миллион теңге сомасына жылына 100 тонна форель және бекіре тұқымдас балықтарды өсіру, өндіру және қайта өңдеу бойынша автоматтандырылған балық фермасын құру жоспарлануда. «Прогресс-Агро» серіктестігі Степногорск қаласында орналасқан. Балық және балық отырғызу материалдарын өсіру және сату жылына 40 тонна төңірегінде. Өз қаражаты есебінен УЗВ жүйесінде шабақтарды өсіру,  балықты өсіру және уылдырықты инкубациялау цехы салынды. Кемпірқосақ форель шабақтарын қарқынды өсіру үшін 50 текше метр жаңа заманауи УЗВ цехын іске қосу бойынша іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «Biosphere-fish» серіктестігі Бурабай ауданы Ақылбай ауылында орналасқан. 5 гектар жер учаскесі жалға алынды. Жылына 40 тонна көлемінде балық және балық отырғызу материалдарын өсіру және сатуды межелеуде. Жалпы, заңның қабылдануы саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға, балық өнімдерін өндіру мен экспорттаудың өсуін қамтамасыз етуге, жаңа жұмыс орындарын құруға және халықтың балықты тұтынуын арттыруға мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз – ішкі нарықты отандық өндірістің тауарлық балықтарымен қанықтыру. Бірақ, мен балық шаруашылығының дамуына балық өнімдерінің көлемін ұлғайту ғана емес, сонымен қатар, балық ресурстарын ұтымды пайдалану және сақтау да кіретінін қосқым келеді.

–Инспекцияның негізгі функцияларының бірі бақылау-инспекциялық қызметі болып табылады. Бұл табиғатты қорғау заңнамасының бұзылуын анықтау және әкімшілік материалдарды құрастыру емес пе?

–2025 жылдың басынан бастап инспекция қызметкерлері 322 әкімшілік материал толтырды. Заң бұзушыларға 6983532 теңге көлемінде 322 айыппұл салынды. Олардан 50,2 келі балық тәркіленді. Заң бұзушылар табиғатқа 117665 теңге мөлшерінде залал келтірді. 23 заңсыз балық аулау құралы тәркіленді. Қылмыстық құқық бұзушылық анықталған жоқ. Балық ресурстарын және басқа да су жануарларын сақтауға бағытталған «Уылдырық шашу» балық қорғау акциясы кезінде 216 тәртіп бұзушылық анықталды. «Жануарлар дүниесі объектісін, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеулер мен тыйымдар енгізу, оларды пайдалану орындары мен мерзімдерін белгілеу туралы» бұйрығының негізінде 2025 жылғы 15 сәуір мен 20 маусым аралығында Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары шегінде Есіл, Нұра, Сілеті өзендерінде және олардың салалары мен су қоймаларында балық аулауға тыйым салынды. Осы кезеңде балық табиғи жағдайда тыныш уылдырық шашуы керек, ал, біздің міндетіміз осы жағдайларды жасау болып табылады.

–Арқаның күміс көлдерінің жағалауын тазалау, жалпы, табиғатқа қамқорлық жасау жайы қалай?

– «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында және балық шаруашылығы комитетінің бұйрығы негізінде көктемгі кезеңде Есіл бассейнінің балық шаруашылығы су айдындарында «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясы өткізіледі.

Акцияның мақсаты – балық шаруашылығы су айдындарын тасталған балық аулау торларынан тазарту, жағалау аумақтарын жинау. Оған еріктілер, студенттер, табиғат пайдаланушылар, инспекция қызметкерлері және басқа да осы мәселеге бейжай қарамайтын азаматтар қатысады.  Биыл акция 15 сәуірде басталып, 31 мамырда аяқталды. Осы кезеңде 36 тоннадан астам қатты тұрмыстық қоқыс жиналып, шығарылды, су қоймаларынан 181 тасталған балық аулау торлары, 49 дана ілгектер алынды. Акцияға барлығы 415 адам қатысып, 105 техника жұмылдырылды. Сондай-ақ, табиғатты қорғау акциясының ең белсенді қатысушыларын көтермелеуге ерекше назар аударылады. Биылғы жылы «Таза су қоймалары» акциясында ерекшеленгендердің қатарында «Астана қаласының спорттық балық аулау федерациясы» қоғамдық бірлестігі спорттық балық аулау қатысушылары, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «География және экология» кафедрасының студенттері атап өтілді. Сондай-ақ, «ЖасНұр» өндірістік-шаруашылық кәсіпорны», «Штурм», «Әрекет 2050», «AKN Agro» серіктестері мен «Энкель» жеке кәсіпкерлігі, «КМООиР» қоғамдық бірлестігі және балық шаруашылығы субъектілерінің өкілдері қоршаған ортаны қорғауға және балық шаруашылығын қолдауға қосқан елеулі үлесі үшін Алғыс хаттармен марапатталды.

Бұл акциялар жыл сайын бүкіл Қазақстан бойынша көктемгі кезеңде өткізіледі. Акцияның өзі табиғатқа ұқыпты қарау қажеттілігі туралы қоғамды оқытуға және ағарту жұмыстарына бағытталған. Мұның өзі азаматтардың балық ресурстарын және басқа да су жануарларын сақтау бойынша жауапкершілік сезімін қалыптастыру үшін өте маңызды.

Сұхбатты жүргізген Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар