Біле жүріңіз!
Үстіміздегі жылдың 11 шілдесінен бастап «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы «Астана-Бурабай курорты» бағыты бойынша «Comfort+» санатындағы вагондармен жаңа электр пойызын іске қосты.
Пойыз дүйсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі және жексенбі күндері жүреді. Астана-1 стансасынан таңертенгі сағат 11.00-де шығып, Бурабай курортына сағат 13.35-те келеді. Жолда жүру уақыты 2 сағат 35 минут. Ал, Бурабай курорты стансасынан күндіз сағат 14.15-те аттанып, Астанаға 17.00-де жетеді.
Пойыз жоғары жайлылықтағы вагондардан тұрады және заманауи еуропалық стандарттарға сәйкес келеді. Электр пойызында 6 вагон, 374 отыратын орын қарастырылған. Салон осы заманғы интерьермен жабдықталып, жайлы креслолармен және олардың кең орналасуымен ерекшеленеді. Барлық вагондарда жолаушылар отыратын орындарда USB ұяшықтары орнатылған және тегін Wi-Fi желісі де қолжетімді.
Жаңа электр пойызында жайлы жүріп-тұруға барлық жағдай жасалған. Соның ішінде қозғалысы шектеулі жолаушыларға арнайы орындар бар. Алдынғы бас вагонда екі жағынан да платформалық көтергіштер орнатылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың пойызға кіруіне кедергінің болмауы қарастырылған. Ал, жол жүру билеттерінің бағасына келсек, бірінші класты вагонда ол 5800 теңге, екінші класты вагонда 3586 теңге, үшінші класты вагонда 2962 теңгені құрайды.
Сонымен осының бәрін қорыта келгенде, бұл пойыз жолаушылар тасымалын Астанаға дейін және одан бері ыңғайлы да жайлы етудің жақсы бір шешімі болып табылатыны сөзсіз.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

