Қырық ауруға ем болатын бал қымыз

Дәстүрім, салтым.

Зерлі Зеренді жерінде Қымыз Fest фестивалі өтіп, «Күміс күбі» жүлдесін Ортақ ауылының бал қымыз баптаушылары жеңіп алды.

Зерлі Зеренді жерінде өткен Қымыз Fest фестивалі қымыз баптаудың бабын білетіндер мен оны талғаммен татып ішетіндердің басын қосты. Бұл күні көк шалғынға қазақтың алты қанат ақ киіз үйі тігіліп, берекелі дастарханы жайылып, арқан тартылып, асық ойналды.

Иә, қазақ халқы ежелден салт-дәстүрге берік халық. Сайын даланың төсінде көшіп қонған ата-бабамыздың өзіне тән тұрмыстық қалыптасу әдебімен қатар, ішіп-жейтін ұлттық тағамы мен сусыны мол болған. Ет пен қымыз, құрт пен бауырсақ халқымызбен ғасырлар бойы жасасып келе жатқан ұлттық ас. Бұл киелі асты күні бүгінге дейін қазақ баласы сүйіп жейді. Апа-жеңгелеріміз қымыз баптауды, былқылдатып ет асумен қатар, бүлкілдетіп құрт қайнатып, қызартып бауырсақ пісіруді жетік меңгерген. Бұл жай ғана ішіп-жеуді білдірмейді, бұл тағамдарға қазақтың бар болмысы сіңген. Ал, бүгінгі ұрпақтың міндеті сол бабаларымыздан қалған дәстүрді жаңғырта отырып, оны келесі ұрпақ буынына аманат ету емес пе?! Зерендідегі қымыз фестивалінің мақсаты да халқымыздың бай мұрасын насихаттап, ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерімізді қайта тірілтуге, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға негізделді.

Бұл күні Зеренді ауылының маңында этно ауыл пайда болды. Көк майсаға алтыбақан құрылып, ән айтылып, күй шертілді. Ауданға қарасты бірнеше ауылдардан қымыз әкелініп, қазақы жомарттықпен мол дастархан жайылды. Дүбірлі әрі думанды шара бірден екі маңызды мерекеге – Астана күні мен Ұлттық домбыра күніне арналды. Аудан әкімі Әсет Құрманғожин ел алдында құттықтау сөз сөйлеп, баба дәстүрін жаңғыртуға ат салысып жатқан өз жерлестеріне алғысын жеткізді. Кең даладағы ашық алаңқайда сахна  жабдықталып, аудан өнерпаздары әуелетіп ән салып, қара домбыраның қос ішегінен күмбірлетіп күй төкті. Әсіресе, Зеренді балалар музыка мектебінің тәрбиеленушілерінен құралған жас домбырашылар ансамблі Құрманғазының, Тәттімбеттің тәтті күйлерін шалқыта шерткенде, ашық аспан астына жиналған жұрт бір сәт құдіретті музыкаға еліте қалды.

Биылғы жылы Зеренді ауданына 90 жыл толып отыр. Талай тарихты ғасырлар еншісіне беріп қойып, шалқар көлімен, бұйра қыратымен етене тыныстап жатқан Зеренді жерінде қонақжайлықтың үлгісін көрсетіп, мәдениет пен дәстүрдің беріктігін паш ету де осынау дүбірлі тойдың қарсаңында ұйымдастырылып отыр.

Әсет Асылбекұлы да өз сөзінде ұлттық құндылықтарға негізделген дәстүрлі тағамдарды және қазақ халқының төл мәдениетін насихаттауға бағытталған осы ауқымды шараның идеялық мазмұнын атап өтті. Содан соң кезек марапаттау рәсіміне келіп жетті. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен отбасылық құндылықтарға беріктігі және қоғамның дамуына қосқан үлесі үшін көп балалы ана Кристина Кокинаға  «Күміс алқа» алқасы табыс етілді. Сондай-ақ, аудан әкімінің қолынан ерекше қажеттіліктері бар спортшылар облыстық «Надежда» спартакиадасында сәтті өнер көрсетіп, жалпы командалық есепте екінші орын алғаны үшін сыйлық сертификаттарын алды.

Дүбірлі думан қыза түсіп, әртістердің өнер көрсетуімен қатар, ұлттық ойындар ойналып, ол жас спортшылардың шеберлік сабақтарымен жалғасты.

Бір сөзбен айтқанда, қатысушылар мен фестиваль қонақтары ұлттық рухты  толық сезініп, оның өзіндік ерекшелігі мен әсемдігінен ерекше әсер алды.

Шілденің ыстық күнінде қымыздың түр-түрі шөл басуға таптырмас олжа болды.  Көлеңкелеген  халық киіз үй мен салқын самалға төсін бере ұмтылып, қымыздан қанып ішіп, ұлттық тағамдардан дәм татты. Аталмыш фестивальда қонақтардың назарына әр қолдан дайындалған бал қымыз, бапталған қымыз, дөнен қымыз, бесті қымыз, кешкі қымыздың түр-түрі ұсынылды. Киіз үйлердің бірінде келген қонақтармен Қойсалған ауылының тұрғыны, Мәлік Ғабдуллин округінен келген Гүлжиян Темірбаева мен оның келіні Самал өздерінің қымыз дайындаудағы әдіс-тәсілімен бөлісіп жатты. Темірбаевтардың  таңдайда дәмі қалатын бал қымызы ауданнан тыс жерлерде де танымал. Бұл отбасының қымыз дайындау әдісі ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, құпия сақталады екен.

–Көп жыл бұрын қымыз дайындау технологиясын маған анам үйретті. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып үзілмей келе жатқан бұл әдісті мен қазір өз балаларыма үйретудемін, – дейді Гүлжиян Дәулетханқызы. Келіні Самал да өз кезегінде  қымызды кәсіпке айналдырғандарын, көп жылдардан бері «Сұңқар» балалар сауықтыру кешеніне жеткізілетінін айтып, оның балалар денсаулығы үшін мол пайдасы бар екенін сөзге тиек етті.

–Біз отбасылық ісімізді одан әрі дамытып, қымыздың құндылығын насихаттап, оны дайындау өнерін, бүгінде жиі қолданылмайтын өзгеше технологияны балаларымызға да үйретеміз. Аналарымыздан келе жатқан қымыз ашытудың бұл әдісінің жоғалуын, әрине, қаламаймыз. Қымыздан басқа, біз бүгінде мол сұранысқа ие, адамның ішкі ағзасына пайдалы саумал да сатамыз, – деді Самал қонақтармен әңгімелесу барысында.

Ал, келесі бір киіз үйде Бұлақ, Садовый және Сарыөзек ауылдарының тұрғындары  қымызбен қатар, ешкі сүті мен қаймақ, қазы, шұжық, қарта сынды дайындап әкелген тағамдарын ұсынды. Қымызды ерлі-зайыпты Бақытжан мен Сәния Мұханбетовтер дайындайды екен. Олардың да қымыздары комиссия мүшелерінің көңілінен шықты. Осы қымыз фестивалін өткізу идеясын қолдаған  жылқы фермасының иесі Мұратхан Өнер болса, бұл тамаша дәстүрді одан әрі қолдауға және оны жүзеге асыруға көмектесуге дайын екендігін жеткізді.

– Мысалы, келесі фестивальға адамдарға ыңғайлы болуы үшін орындықтар жасаймын. Бұл фетиваль шынымен де бізді түп-тамырымызға бойлататын өте қажетті шара, – деді ол жұртшылықпен кездесу барысында. Зеренді тұрғыны, зейнеткер Нина Линник үшін де бұл шара қазақ халқының мейірімділігін, өзара құрметін сезініп, жан жомарттығын білдіретін көне дәстүрлерге оралу іспетті.

–Бізге бәрі де ұнап жатыр. Фестивалды ұйымдастырушылар тұрғындардың мұнда жетуі үшін  арнайы автобус та бөліпті. Бұл бізге сөзсіз қолайлы болып жатыр, –деп өз әсерімен бөліскен Нина ел-жұртымызға амандық тіледі.

Шара қорытындысында  үздік деп танылған фестиваль қатысушылары марапатталып, оларға арнайы  сыйлықтар үлестірілді.

Олардың арасында «Күміс күбі» аталымын жеңіп алған Ортақ ауылының тұрғындарының қуанышы келесі қатысушыларға зор шабыт пен ынта-жігер сыйлады.

Ал,  жиналған көпшілік осы шараның өтуіне  мұрындық болған Зеренді ауданының ішкі саясат бөлімі, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің қызметкерлеріне алғыстарын жаудырып жатты.

–Бүгінгі шараға барлық ауылдық округтердің өкілдері қатысып, олар алдын ала дайындықтардың барлығына жауапкершілік пен зор ықылас таныта кірісіп кетті. Менің ойымша, біздің осы алғашқы әрекетіміз өте табысты болды, өйткені, көпшілікке осындай шынайы халықтық мерекелер ұнайды. Бұл еліміздің өзара бірлігі мен ынтымықтастығын көрсетеді,– деді әңгімеге тартқан аудандық ішкі саясат бөлімінің  басшысы Клара Сағындықова.

Иә, мұндай ұлттық дәстүріміздің тіні үзілмесін деп тілейік.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар