Елімізде Ұлы Отан соғысына ер-азаматын аттандырмаған шаңырақ жоқ шығар, сірә. Сол сияқты, біздің атамыз Ертай Молдахметов та соғыс өртін өз көзімен көрген жан.
Атамыз 1922 жылы Зеренді ауданына қарасты Қызылтаң ауылында дүниеге келген. Өзінің айтуы бойынша Ұлы Отан соғысы басталған кезде небары 19 жаста ғана болған екен. Соғысқа шақыртылып, енді кетейін деп жатқанда соқыршек болып ауырып қалады. Отадан жазылып шыққаннан кейін Омбыға минометшілер даярлайтын курсқа жіберіледі. Даярлық курсын бітіргесін бірден Сталинград майданында, маршал Рокосовскийдің армиясында неміс-фашистермен шайқасқа кіреді. Минометші болып Сталинградты азат етуге қатысады. Әкеміз қаруластарымен бірге, қардай бораған оқтың астында, жан берісіп, жан алысып, қаруын арқалап жүріп, өлеңде айтылғанындай, жарты Европаны жаяу аттап, қыста қар төсеніп, мұз жастанып, жазда су кешіп, талай елді мекендерді неміс-фашист басқыншыларынан тазарта отырып, Будапешке де жетеді. «Соғыста тоқтау бар ма? Зуылдаған тажал оғы, аспаннан құлап келе жатқан бомбалар жан түршіктіретін» дейтін. «Бірақ, жанымызды ойлаған біздер жоқ, ұранымыз «Отан үшін алға!» еді деп отыратын.
Әрине, батыр жарасыз болмас, бұл екі аралықта бірнеше жарақат алады. Будапешті азат етуде фашистермен кескілескен шайқас болады. Өшпес ерлік жасап, қаруластарымен бұл қаланы да фашистерден тазартады. Осы қала үшін шайқаста әкеміз басынан ауыр жарақат алады. Бір жыл госпитальда жатып, 1946 жылы жазылып елге оралады. Басының оң жақ шекесінде сүйегі жоқ болатын. Миы жас баланың еңбегіндей бүлкілдеп тұратын. Өзі бір стақан су сияды дейтін. Иә, бұл да Алланың жазуы шығар. Қазағым айтқандай, «кебін киген келмейді, кебенек киген келеді».
Ал, қаншама қыршын жастар қан майданнан оралмады. Сол зұлмат соғыста қаза болғандарға, аман-есен елге оралған боздақтарға арнап 2005 жылы 9 мамырда облыстың бас тіс дәрігері, еліміздің бел азаматы Сағынтай Кенжетаев ауылға ескерткіш орнатты.
Елге оралған әкеміз күйзелген шаруашылықты қолға алып, еңбекпен біте қайнасып, қой фермасын басқарады. Азып-тозған ауыл, шаршаған, ауыр қайғыны көтерген кемпір-шалдар, қара жамылған әйелдер, реңдерінен күлкі табы көрінбейді. Қайдан көрінсін, бір үй екі баласын бірдей майданға жіберіп, қара жамылып отырса. Шіркін, бәріне шыдай білген, халқым-ай! Өзінің адалдығы, тиянақтылығы, еңбекқорлығы арқасында сенімге ие болып қойма меңгерушісі болады.
1954 жылы Петропавлдағы колхоз төрағасын даярлайтын бір жылдық курсты тәмамдап, ауылда төраға болады әкеміз. Жауапкершілік одан әрі артады. Тың игеру басталады. Бұл іс бейбіт өмірдегі ерлікке пара-пар болғаны баршаға аян. Сол кездегі 1954 жылғы 6 қазандағы №10 куәлігі әлі сақтаулы. Сол жылдары бітік шыққан егінді ысырапсыз мезгілінде жинап алған «Қызылтаң» колхозы миллионер колхоз аталады. 1957 жылдың тамыз айында Мәскеуде Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысып, медаль алады. Бұл да адал еңбегінің дәлелі. Осы кезде Ақшасор сайлау округі депутат болады. Ал, қан майдандағы ерліктері үшін бірінші дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Германияны жеңгені үшін», «Будапешті азат еткені үшін» медальдарымен, одан басқа да бірнеше мерекелік төсбелгілермен марапатталған.
Кейін соғыстан алған жарақаты қатты әсерін тигізе бастады. Сонда да еңбектен қашпай, Қазақстан, Ақкөл, Қызылтаң ауылдарының пошта қызметкері болып жұмыс жасады.
Иә, қанша тырыссақ та зымыраған уақытты тоқтату мүмкін емес қой. Атамыздың өмірден озғанына да 25 жыл. Артында от кешіп қорғаған Отаны, балалары, атасының жолын қуған немерелері барда, Ертай Молдахметов есімі ешқашан өшпейді деп ойлаймын. Бүгінде ардагердің төрт немересінің екеуі Қарлығаш Молдахметова подполковник шенімен, Айдын Молдахметов капитан шенімен зейнетке шықса, Толқын, Дәуренбек немерелері Отан алдындағы қызметін әскери салада абыроймен атқарып жүр. Дәстүр сабақтастығы осы емес пе?!
Күләш ҚАПАРОВА,
келіні.
Зеренді ауданы.
![]()

