Алимент төлемеген әкелер бас бостандығынан айырыла бастады

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысының әділет департаменті басшысының орынбасары Шыңғыс Айнақұлов облыста алимент өндіру, мемлекет пайдасына қарыздарды қайтару және борышкерлерді жауапкершілікке тарту бағытында кешенді шаралар қолға алынғанын мәлімдеді.

Баяндамашы департаменттің 2025 жылдың алғашқы алты айындағы жұмыс қорытындысына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде облыста 10 мемлекеттік және 78 жекеменшік сот орындаушысы жұмыс істейді. Осы кезеңде алимент өндіруге қатысты 13286 атқарушылық іс тіркеліп, оның 1272-сі аяқталған. 6891 іс мерзімдік бақылауда, ал 4649 борышкер алиментті өз еркімен төлеп жатыр.

Алайда, 538 іс бойынша берешек сома 753 миллион теңгені құрап отыр. Бұл проблемалық істерге байланысты сот орындаушылары борышкерлерді әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту шараларын қолдануда. Нәтижесінде 114 адам әкімшілік жазаға тартылған. Нақтыласақ, 65-і қамауға алынып, 49-ына айыппұл салынды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша алимент төлемеген 10 борышкер сотталыпты. Сонымен қатар, 6 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп, жұмыссыз жүрген 40 борышкер тұрақты жұмысқа орналастырылған.

– Жыл басынан бері жекеменшік сот орындаушыларының өндірісінде мемлекет пайдасына өндіру бойынша 48676 іс тіркелген. Оның 18927-сі аяқталып, 5,8 миллиард теңге көлеміндегі берешек қайтарылған. Бұл істердің 9267-сі нақты орындалған. Жалпы өндірісте қалған істер саны 29749, сомасы 7,7 миллиард теңге,–деді спикер.

Жеңілдетілген тәртіппен қаралған 20418 атқарушылық істің жалпы сомасы 470,9 миллион теңгені құраған. Оның ішінде 4112 іс аяқталып, 4103 іс нақты орындалған. Өндірілген қаражат – 86,7 миллион теңге.

Борышкерлерге қатысты шараларды күшейту мақсатында Көкшетау қаласының ауданаралық аумақтық бөлімінің аға сот орындаушысы Ерлан Қабышев жауапты қызметкер ретінде бекітілген. Осы кезеңде 168 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 36 қылмыстық іс тіркелген. Соның ішінде 10 іс сотқа жіберіліп, борышкерлерге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Тағы 20-дан астам іс тергеуде немесе сот қарауында.

Алты ай ішінде 58 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Олардың арасында жекеменшік сот орындаушысы болуға үміткерлерді аттестаттаудан өткізу және атқарушылық өндірістерді қозғау бойынша өтініштер бар. Атап айтқанда, 5 үміткер аттестаттауға жіберіліп, одан 1 адам ғана ойдағыдай өткен. Ал, 53 өтініштің 37-сі заңды тұлғалардан, 16-сы жеке азаматтардан түскен.

Шыңғыс Айнақұловтың айтуынша, Ақмола облысының әділет департаменті алдағы уақытта да азаматтардың құқықтарын қорғау мен әділетті сот орындаушылық қызметті қамтамасыз етуге бағытталған осындай көзге көрінетін жұмыстарды одан әрі жалғастыра бермекші.

Ы.ШАМШИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар