Асыл мұра
Ұлттық домбыра күніне орай, қазақ халқының төл мәдениеті мен рухани бай мұрасын дәріптеу мақсатында Көкшетау қалалық балалар кітапханасында «Ағаш көлеңкесіндегі домбыра әуені» атты әдеби-музыкалық кеш ұйымдастырылды.
Бұл іс-шараның басты мақсаты – қазақ халқының киелі мұрасы саналатын домбыра аспабын кеңінен насихаттап, жас ұрпақтың бойында рухани тәрбие мен ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілікті қалыптастыру болып табылады. Шара аясында қатысушылар қазақтың ұлы күйші-композиторлары жайлы мазмұнды мағлұматтар алып, олардың шығармашылық мұрасымен танысты. Және де кітапхана қорынан арнайы ұйымдастырылған «Домбыра – халық мұрасы» атты кітап көрмесі оқырмандар назарына ұсынылды.
Іс-шараға кітапхананың тұрақты оқырмандары белсене қатысты. Балалар музыка мектебінің жетекшісі Дәуренбек Нұркенов кештің шымылдығын Құрманғазының «Адай» күйімен ашып, көрермендерге шынайы өнер құдіретін тарту етті. Сонымен қатар, «Қайнар» балалар аула клубының «Күмбірлі домбыра» ансамблі орындаған күй де көпшілік көңілінен шықты. Ансамбльде өнер көрсеткендердің қатарында Нұркен Саян, №14 орта мектептің оқушылары Амантай Нұрали мен Нұркен Мансұр шеберліктерімен сүйсінтті. Және де домбыра туралы тебірене өлең оқыған Нұркен Мансұр, Жүнісов Дамирдің өнерлері де жиналған қауым тарапынан ерекше ықыласқа ие болды.
Бағдарлама аясында «Ата мен немере» атты шағын сахналық көрініс қойылып, қазақ отбасындағы өнер мен тәрбиенің ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын байланысы көркем түрде бейнелене түсті. Іс-шара соңында ұйымдастырушылар ұлттық өнердің ұрпақ санасында мәңгілік сақталуы қажеттігін атап өтіп, домбыраның тек музыкалық аспап қана емес, халқымыздың рухани жүгін арқалаған киелі мұра екендігіне де ерекше тоқталып өтті. Осылайша, «Ағаш көлеңкесіндегі домбыра әуені» әдеби-музыкалық кеші көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй мен ұлттық рух сыйлап, күйдің сазды әуенімен баурады. Шара соңында қатысушылар кешті ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, осындай тәрбиелік мәні зор шаралардың алдағы уақытта да жиі ұйымдастырылуына тілектестіктерін білдірді.
Алма НҰРКЕНОВА,
балалар кітапханасының меңгерушісі.
Көкшетау қаласы.
![]()

