Бәрекелді!
14 шілде күні Көкетау қаласының спортсүйер жұртшылығы велосипедпен қазақ елін аралауға шыққан белгілі веломарафоншы Жұмабай Отарғалиевты қарсы алды.
Ақтөбеден шығып, жолшыбай бірнеше қалаларда болған Жұмабай ағамыз Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласында бір күн аялдап, әрі қарай тағы да елордамыз Астанаға жолға шықты. Одан әрі жоспарында Қарағанды қаласы бар. Осылай велосаяхат өз ретімен жалғасын таба бермекші.
Жұмабай Отарғалиев бар саналы өмірін теміржол саласына арнаған зейнеткер. Бүгінде салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен және дене шынықтырумен айналысып жүрген еліміздің белсенді бір азаматы Жұмабай ағамыздың веломарафонмен шұғылдана бастағанына 8 жыл.
2017 жылдан бері өзін қолдаған веломарафоншы достарымен бірге, бұрынғы Кеңес Одағы елдерінің аумағымен өтетін халықаралық марафондарға тұрақты түрде қатысумен келеді. Оның мұндай әрбір сапары өзі үшін тек спорттық сынақ қана емес, сонымен қатар, тарихымыз бен мәдениетіміздегі маңызды оқиғаларға құрмет білдірудің айқын бір дәлелі.
Елімізді аралау орайындағы 2025 жылғы бұл марафонның Жұмабай Отарғалиев екі маңызды оқиғаға – Екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен қазақ халқының ұлы ағартушысы, хакім Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына арнап келе жатқан болып шықты.
Олай болса, Жұмабай ағамыздың осы бір өмірлік берік ұстанымы мен салауатты іс-қимылы әрдайым біздің жастарымызға да үлгі болып, олар да осылай жан мен рух сергектігіне, рухани құндылықтарға бойлап, ел намысы, ер намысын жоғары ұстап жүрсе, нұр үстіне нұр.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

