Сұхбат
«Көкшетау Энерго» ЖШС ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазақстан және ТМД-ның еңбек сіңірген энергетигі Александр Иванович Редванецкий осы ұйымды он жылдан астам уақыт басқарып келеді. Оның басшылығымен кәсіпорынның ардагерлер ұйымы үлкен жетістіктерге қол жеткізді. 2007 жылы құрылған ардагерлер кеңесі бүгінде немен айналысып жатыр? Осы туралы Александр Иванович газетке берген сұхбатында былай әңгімеледі.
– Мен 1947 жылы Көкшетау облысы, Келлер ауданы, Обуховка ауылында дүниеге келдім. 1965 жылы 11-сыныпты аяқтадым, содан кейін үш жылға әскер қатарына шақырылып, Түрікменстанда қызмет еттім. Әскерден кейін механикалық зауытта дәнекерлеуші болып біраз уақыт жұмыс істедім. Бірақ, көп ұзамай жоғары білім алу қажет екенін түсіндім де, 1969 жылдың сәуірінде Целиноград ауыл шаруашылығы институтының дайындық курсына оқуға түстім. 1974 жылы электрификация факультетін бітіріп, жолдамамен Көкшетауға, осы электр желілері кәсіпорнына жұмысқа келдім, – деп бастады әңгімесін ұйым төрағасы біздің өз өмір жолы туралы сауалымызға. –Алғашқы еңбек жолымды желілер қызметінің инженері болып бастадым. Кейін еңбек қауіпсіздігі және пайдалану бойынша аға инженер, ал, 1981 жылдан бастап 23 жыл бойы оқшаулау қызметін басқардым. Кейін орталық техникалық қызметтің бастығы, 2004 жылдан 2013 жылға дейін бас инженердің орынбасары болдым. 2013 жылы оқу орталығының басшысы болып тағайындалдым. Біз персоналды дайындаумен айналыстық. Электромонтерлерден бастап, болашақ мамандарды Қостанай, Петропавл, Астана, Алматы энергетика университеттеріне оқуға жібердік. Жыл сайын 20-25 адам біздің орталықтан осындай іріктеуден өтетін. 2014 жылдың ақпанынан бастап бүгінгі күнге дейін «Көкшетау Энерго» ЖШС ардагерлер кеңесінің төрағасымын. Жалпы еңбек өтілім 65 жыл, оның 50 жылын энергетикаға арнадым. Басқа кәсіпорындардан шақырулар болды, бірақ, мен бас тарттым. «Көкшетау Энерго» мен үшін туған үйімдей. Бұл жерге компания өзінің 10 жылдығын атап өтіп жатқанда келдім. Подстанция, электр желілері, өндірістік базалардың құрылысына қатыстым. Барлық өзгерістер көз алдымда өтті. Бұл – менің екінші отбасым.
– Ардагерлер кеңесінің жұмысын неден бастадыңыз және кеңес немен айналысады?
– Ардагерлер кеңесі 2007 жылы құрылды. 2007-2014 жылдар аралығында оны Жақсылық Қанұлы Дәуітбаев марқұм мен Владимир Иванович Ситников басқарды. Мен Владимир Ивановичтен осы қоғамдық жұмысты қабылдап алдым. Ардагерлер кеңесі жеке заңды тұлға ретінде жұмыс істейді, өзіміздің банк шотымыз, статкартамыз, мөріміз бар. Әрине, ардагерлер кеңесі өз бетінше өмір сүре алмайды. Біз «Көкшетау Энерго» ЖШС басшылығының демеушілік көмегі арқылы жұмыс істейміз. 2014 жылы келгенде шамамен 200 зейнеткер болды, бюджет – 2,5 миллион теңге еді. Қазір біз 750 адамға жақындадық, бюджет 29 миллион теңгеге дейін өсті. Бұл компания басшысы Досымхан Әлішұлы Аралбаевтың қолдауымен мүмкін болды. Әр ардагер туралы жеке мәліметтік картотека жүргіземіз. Онда туған күні, еңбек өтілі, зейнетке шыққан уақыты көрсетіледі. Қазір база бойынша 750 адам бар, жыл соңына дейін 800-ге жетеміз деп отырмыз. Ақмола облысының Бурабай, Зеренді аудандарында және Көкшетау қаласында, Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша, Айыртау аудандарында филиалдарымыз бар, оларды да мен сияқты өз зейнеткерлеріміз басқарады. Сондай-ақ, аудандық электр желілеріндегі кадрлар бөлімінің мамандарына ризашылығымды білдіремін. Олар бізге көп көмек көрсетеді. Компания басшысы Досымхан Әлішұлы біздің жұмысымызға үлкен қолдау көрсетіп келеді. Жыл сайын құратын сметамды ешқашан қысқартқан емес, керісінше, арттырып отырады. Біз әкімшілікпен де, кәсіподақ ұйымымен де тығыз байланыстамыз. Көптеген іс-шараларды бірлесіп өткіземіз. Кәсіподақ төрағасы Бауыржан Исмағамбетов зейнеткерлермен жұмысқа көп қолдау көрсетеді. Мысалы, «Көкшетау Энергоның» 60 жылдығына арналған медальдарды бірге табыстадық, Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында тыл еңбеккерлерін құттықтадық. Қазіргі таңда 114 адам Қазақстан энергетика қауымдастығының «Энергетика ардагері» медалімен марапатталды. «Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі» – 18 адам, «ТМД-ның еңбек сіңірген энергетигі» – 7 адам, «Қазақстанның құрметті энергетигі» – 16 адам бар. Үш адам Уәлиханов, Еңбекшілдер, Ғ. Мүсірепов аудандарының құрметті азаматтары. «Еңбек ардагері» медалін 10 адам алды. Өкінішке орай, бұл көрсеткіш аз, өйткені, квота шектеулі. Біз алғаш рет 45 адамның құжаттарын тапсырдық, соның тек төртеуіне рұқсат берілді. Әр жылы солай, әрі кетсе, екі-үш адам. Ал, бізде қазірдің өзінде еңбек өтілі 40 жылдан асқан 41 адам, 25 жылдан асқан 150-ден астам адам бар. Сондай-ақ, ведомстволық «Еңбек ардагері» медалі бар, бірақ, ол негізінен, әлі жұмыс істейтін қызметкерлерге беріледі. Сондықтан, жыл сайын 10 шақты адамды «Қазақстан энергетика қауымдастығының ардагері» атағына ұсынамыз.
– Ардагерлерге қандай көмек көрсетесіздер? Қала және облыстық ардагерлер кеңестерімен қалай жұмыс істейсіздер?
– Жыл сайын ардагерлерге мерекелік күндерге сыйақы беріледі. 8 наурыз, Қарттар күніне, 9 мамырға орай. Сондай-ақ, 65 жасқа толған және одан асқан әйелдерге, 70 жастан асқан ерлерге мерейтойлық сыйақы бар. Бұрынғы қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелері қайтыс болған жағдайда жерлеуге материалдық көмек қарастырылған. Тәуелсіздік күні мен Энергетиктер күніне жалпы сыйақы тағайындалған. Ерекше жағдайларда да көмек көрсетеміз, мысалы, өткен жылы Көкшетау мен Айыртауда өрттен зардап шеккен екі отбасына көмектестік. Сонымен қатар, шахмат, дойбы, үстел теннисі, дартс, бильярд сияқты жарыстарға қатысамыз. Жақында біздің команда Жеңістің 80 жылдығына арналған қалалық веложарысқа қатысты. Өткен жылы «Көкшетау Энерго» ЖШС өзінің 60 жылдығын кең көлемде атап өтті, көп ардагерлеріміз марапатталды. Біз Көкшетау қаласының ардагерлер кеңесімен тығыз байланыстамыз. Мен қалалық Кеңестің мүшесімін, әлеуметтік-тұрмыстық комиссия төрағасының орынбасарымын. Мұнда да белгілі бір жұмыстар жүргіземіз, зейнеткерлердің әлеуметтік жағдайын зерттейміз, басқа ұйымдардың ардагерлер кеңестеріне барып тұрамыз. Қазақстан энергетиктерінің ардагерлері кеңесінің төрағасы Советхан Нұрпейісовпен өте тығыз қарым-қатынастамыз. Оны Энергетика вице-министрі болған кезден білемін. Өткен жылы Щучинск қаласында Қазақстан энергетика ардагерлерінің форумын бірлесіп өткіздік. Оған өзге облыстардан және Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Беларусь елдерінен қонақтар келді. Бұл – біз үшін маңызды оқиға болды. Форумды ұйымдастыруға біздің кеңестен бөлек, Досымхан Әлішұлы бастаған бүкіл кәсіпорын ұжымы, кәсіподақ ұйымы үлкен үлес қосты. 2018 жылы біздің кеңестің жұмысы қала деңгейінде үлгілі деп танылды, біздің тәжірибеміз басқа ұйымдарға мысал ретінде ұсынылды. 2020 жылы елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына, патриоттық және рухани тәрбиеге қосқан үлесіміз үшін Қазақстан ардагерлерінің Орталық Кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қолы қойылған дипломмен марапатталдық. Осылайша, республика бойынша бастауыш ардагерлер ұйымдары арасында жеңімпаз атандық.
– Осындай күрделі әрі маңызды жұмысты жалғастыра беруге сізді не шабыттандырады?
– Кезінде мен кәсіпорынның комсомол ұйымының хатшысы, одан әрі партия ұйымының хатшысы, еңбек ұжымы кеңесінің төрағасы болдым. Қазір де бас директормен жиі пікірлесемін, ол кәсіпорынның мәселелері мен міндеттері туралы хабардар етіп отырады. Зейнеткерлерге деген ықыласы үшін Досымхан Әлішұлына алғысымыз шексіз.
Біздің ардагерлер ұмыт қалмағанын, оларға көмек көрсетіліп жатқанын, алғыс естіп жатқанымызды көргенде, жаңа күш пайда болады. Ең бастысы, кейінгі буынның үлкендерді құрметтейтіні қуантады. Осы ізгі дәстүрді сақтауға тырысамыз. Осы кәсіпорынмен өмір сүремін, мұнда барлығын білемін, бүкіл іс-шараға қатысамын. Бұл мен үшін жай жұмыс емес, өмірімнің бір бөлігі.
Сұхбатты жүргізген Қарлыға МҰХАТАЕВА.
![]()

