20 шілде – Металлург күні
Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 15 қарашадағы Жарлығымен еліміздің мерекелік күндер тізбесіне Металлург күні енгізілді және ол жыл сайын шілденің үшінші жексенбісінде атап өтіледі. Жалпы, бұл кәсіби мереке 1957 жылдың 28 қыркүйегінен бастау алады.
КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы бұл күнді Ұлы Отан соғысы кезіндегі және соғыстан кейінгі ел экономикасын қалпына келтіру кезеңінде отандық металлургияның маңызды үлесі мен рөлін жоғары бағалап, соның бір өтеуі ретінде осы Металлург күнін белгілеген. Тәуелсіз Қазақстанда бұл дәстүр одан әрі жалғасын тапты.
Металлургия – ел экономикасының жетекші салаларының бірі, ал, металлург ғасырлар бойы келе жатқан мамандық. Археологиялық қазбалар кезінде табылған заттар біздің заманға дейінгі бесінші-алтыншы мыңжылдықта-ақ адамзат баласының металл өңдеуді үйренгенінің дәлелі. Көне заманда адамзаттың үш ғасыры туралы түсінік пайда болған. Тас, қола және темір дәуірлері – бұл металдардың қоғамның дамуы үшін қаншалықты маңызды екенін және металлургиялық өнердің қаншалықты көне екенін білдіреді. Қай кезеңде де металлургия саласы мемлекеттің қуатын арттыруда маңызды орын алып келген болса, бүгінде де елімізді индустрияландыруда қозғаушы күш болып табылады. Бұл саладағы қызмет ауыр әрі құрметке лайықты. Ал, осы саладағы мамандар өз бойларына батылдық пен жоғары кәсіби біліктілікті тоғыстырған қасиет иесі ретінде бейнеленеді.
Біздің «Altyntau Kokshetau» акционерлік қоғамында да жаңа технология мен техникалық қайта жарақтандыруды өндіріске белсенді енгізіп, өнім көлемін ұлғайтуға қабілеті жоғары кәсіби мамандар еңбек етеді. Кәсіпорынның тиімді жұмысының нәтижесі өзіміз орналасқан Зеренді ауданының экономикалық дамуына, тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыруға үлкен үлес болып қосылуда.
Ірі өндіріс орнының жұмыс күшін осы іргелі міндеттерді шешуге бағыттауда елеулі орын алатын біздің «Алтынтау» бастауыш кәсіподақ ұйымы – «Казцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жергілікті еңбеккерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі болып табылады. Бүгінгі күні «Алтынтау» кәсіподақ ұйымы «Altyntau Kokshetau» акционерлік қоғамы компаниясының 1600-ден астам еңбеккері мен инженер-техник қызметкерлерін біріктіреді. Ұжымның 90,9 пайызы кәсіподақ мүшесі.
Кәсіподақ ұйымының негізгі міндеті – кәсіпорынның жұмысшыларына қосымша жеңілдік және әлеуметтік кепілдік жасау, сондай-ақ, оларды қауіпсіз жұмыспен қамтамасыз ету. Осы негізгі міндетті қамтамасыз ету мақсатында үлкен компанияның барлық еңбеккерлеріне тиісті жұмыс жағдайын қамтамасыз ететін қажетті бағыттар қарастырылған сапалы ұжымдық келісім-шарт жасалады. Бұл ұжымдық келісім-шарт кәсіподақ жұмысының барлық негізгі тұстарын қамтиды.
Бүгінгі таңда компанияның барлық бөлімшелерінде 26 техникалық инспектор жұмыс істейді. Оларға кәсіподақ комитеті өз қаржысынан қызмет бабында қолдануға ұялы телефондар сатып алып берген, олардың онымен өндірісте техникалық қауіпсіздік ережелері бұзылған жағдайда фото, бейне түсірілімдер жасап, бізге жедел хабар беріп тұруына мүмкіндіктері бар. Техникалық инспекторлардың сапалы жұмысын қамтамасыз ету үшін кәсіподақ ұйымы оларды оқуға да жібереді. Сондықтан, жыл өткен сайын бұл саладағы жұмыс жақсара түсуде.
Компанияда өндірістік кеңес жұмыс істейді. Әрбір айда кеңес отырысы өткізіліп, онда қауіпсіздік саласындағы барлық мәселелер жан-жақты талқыланады. Техникалық инспекторлар техника қауіпсіздігінің және еңбекті қорғаудың бұзылуын анықтап, тіркейді. Бұған жұмыс беруші бірден назар аударып, анықталған олқылықты тәртіпке келтіреді. Сондай-ақ, ұжым мүшелеріне көрсетілетін әлеуметтік қолдауларды да атап өткен жөн. Айталық, кәсіподақ мүшелеріне шипажай-курорттық мекемелерге және олардың балаларына сауықтыру лагерьлеріне жолдама берілгенде көп жеңілдіктер жасалады. Көп балалы отбасылардың балаларына сауықтыру лагерьлеріне жолдамалар жүз пайыз тегін беріледі, мұндай жағдайда елу пайызын жұмыс беруші, елу пайызын кәсіподақ комитеті төлейді. Биылғы жылы осылай Зеренді көлінің жағасындағы «Сұңқар» лагерінде дем алуға жұмыскерлердің балаларына 120 жолдама берілді. Сондай-ақ, облыс аумағында ұйымдастырылатын әртүрлі көпшілік іс-шараларға да үзбей қатысамыз. Кәсіпорын қызметкерлерін қолдау үшін спорттық жарыстар, викториналар, түрлі конкурстар мен ойын-сауық шараларын ұйымдастыру да компанияның берік дәстүрі.
Компания осы ұйымда еңбек еткен, сөйтіп, әр жылдары оның дамуына елеулі үлесін қосқан өз зейнеткерлерін де ұмытпайды. 1 қазан – Халықаралық қарттар күні жыл сайын «Altyntau Kokshetau» компаниясы зейнеткерлеріне 10 АЕК көлемінде ақшалай көмек беруді дәстүрге айналдырған. Сондай-ақ, 15 ақпанда біздің кәсіпорында жұмыс істейтін, Ауған соғысына қатысқан азаматтарымыздың оқ пен оттан бірге өткен қатарластарымен жүздесулеріне тиісті жағдай жасаймыз.
Кәсіподағымыз тек қана бұл шаралармен шектелмейді. Кәсіподақтың негізгі міндеттерінің бірі – еңбеккерлер құқын қорғау. Бұл үшін келісім комиссиясы құрылған. Компания басшылығының шешімін әділ емес деп санайтын кез-келген еңбеккер осы комиссияға жүгініп, өз құқын қорғай алады. Комиссияның осындай әділ ықпалы нәтижесінде еңбеккерлердің жұмысына қайта оралуы және тәртіптік шараның алынып тасталуы секілді оқиғалардың да орын алғаны бар. Бұл кәсіпорын жұмысында заңдылық пен тәртіптің назарға алынатынын білдіреді.
Сондай-ақ, әлеуметтік жағынан қолдауды қажет ететін немесе ауыр жағдайға тап болған еңбеккерлерге көмек көрсету, сөйтіп, оларды демеу де кәсіподақ ұйымының жұмысы болып табылады. Ұзақ мерзімге сырқаттанған немесе емделуіне көп қаржы қажет еңбеккерлердің емі мен медициналық тексеріс-зерттеулеріне ұйым материалдық көмек көрсетеді. Ауыр жағдайға тап болған еңбеккерлерге де қолұшын созамыз.
Кәсіподақ ұйымы белсенді жұмыс істесе де, адам болған соң күнделікті тірлікте ойламаған түрлі проблемалар да кездесіп қалады. Оның барлығын ұйым заң аясында еңбеккерлерді қорғау бағытын ұстана отырып, шешуге ұмтылады.
Міне, өз жұмысына осындай игі істерді арқау еткен «Алтынтау» кәсіподақ ұйымы металлургия саласының барлық қызметкерлерін Металлург күнімен құттықтайды! Жылына бірнеше тонналап алтын өндіретін компаниямыз жұмыс қарқынын одан әрі еселеп, алтын қол еңбеккерлеріміздің арқасында әрқашан алға қойған биік мақсаттарына жете берсін.
Әнуарбек ӘЛЕНОВ,
«Алтынтау» кәсіподақ ұйымының төрағасы.
![]()

