Жаз және жастүлек
Жылда бір келетін жазғы каникул кезеңін мектеп оқушылары ерекше ынтызарлықпен тосатыны белгілі. Жазғы демалыс олар үшін тек тынығу ғана емес, тұлғалық қалыптасуына, денсаулығын нығайтуға және шығармашылық әлеуетін ашуға үлкен мүмкіндік беретін маңызды кезең.
Бұл мүмкіндікті барынша тиімді пайдалану ата-аналар жауапкершілігі мен білім ошақтарының қолында.
Осы ретте, облыстық білім басқармасы мамандарымен хабарласып, облыстағы мектеп жасындағы балалардың қалай тынығып, демалып жатқанын сұрап білдік.
Сонымен, басқарма мәліметтеріне жүгінсек, облыста 1-10 сынып аралығында 134 мың оқушы бар екен. Оның 20 356-сы немесе 15 пайызы ерекше санаттағы, яғни, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, қолайсыз отбасыларында өмір сүретін, полиция есебінде тұрған, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын балалар. Осыншама баланы тиісті жазғы демалыспен қамту оңай-оспақ шаруа емес, Бұл бағытта аталмыш басқарма басқа да мүдделі органдармен бірлесіп жұмыс істеуде.
– Маусымның алғашқы күнінен-ақ облыс аумағында 15 лагерь өз жұмысын бастап, бүлдіршіндер мен жасөспірімдерге құшағын айқара ашып, оларға қызықты демалыстарын ұсынуда. Бұл лагерьлердің екеуі жыл бойы жұмыс істесе, қалған 13-і маусымдық кезеңде іске қосылатын мекемелер. Сонымен бірге, биылғы жазда 2 лагерь қайтадан қалпына келтіріліп, жұмыс істей бастады. Олар – Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының аумағында орналасқан, бірақ, біздің облыстың қарамағындағы «Сокол» орталығы мен Бурабай ауданындағы «Браво, Бурабай» лагері. Қазіргі уақытта облыс лагерьлерінде жалпы саны 9350 бала демалыспен және сауықтырумен қамтылып үлгерілді. Жаз маусымының соңына дейін тағы 15900 бала осындай демалыс орындарына барып, тынығатын болады, – дейді облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Әділет Сенбі.
Мамандардың айтуынша, әр бала үшін лагерьдегі демалыс мерзімі 7-10 күнге созылады. Осыған байланысты жазғы маусым демалысы 5-7 ауысымға жоспарланған. Бүгінде жұмысбасты ата-аналар балаларын ақылы түрде осындай демалыс-сауықтыру лагерьлеріне жібере алады. Қазіргі уақытта мемлекеттік лагерьлерге берілетін жолдаманың құны 40 мың мен 130 мың теңгенің аралығында болса, жеке меншік лагерьлерде 100-150 мың теңгеге барып қалады. «Не себепті мұндай айырмашылық орын алып отыр?» деген сауалымызға мамандар «жолдаманың құны лагерьдің инфрақұрылымына және көрсетілетін қызметтер тізіміне байланысты» деп жауап берді.
Сонымен, биыл облыс лагерьлерінде жаз бойы 2576 ерекше санаттағы балалар тегін демалыспен және сауықтырумен қамтылады деп жоспарланған. Осы орайда, «Звездный» және «Сокол» сауықтыру орталықтарында сенімгерлік басқару шарттары шеңберінде халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы 110 бала, ал жалпыға бірдей білім беру қорының қаражаты есебінен 1876 бала дем алады. Көп балалы, аз қамтылған отбасыларынан шыққан 374 бала «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен «Сұңқар», «Сокол», «Парус» лагерьлерінде дем алады. Сол сияқты, «Звездный» және «Сокол» лагерьлерінде сенімгерлік басқару шарттары шеңберінде полиция есебінде тұрған 134 бала да тегін дем алады деп қарастырылған. Сонымен қатар, жаз бойы 192 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар «Рассвет» және облыстың басқа да лагерьлерінде дем алуда. Ерекше санаттағы 15610 бала жаз бойы балалар шығармашылығы үйлеріндегі, аула клубтарындағы, мектеп жанындағы алаңдарда демалыспен қамтылады деп жоспарланса, бүгінгі күні олардың 10510-ы осы демалыс түрлерін пайдаланып үлгерген.
Құқық бұзушылықтар мен жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін ерекше санаттағы балаларды жұмыспен қамтудың түрлі бағыттары жоспарланып іске асырылуда. Мәселен, 17 маусымнан бастап мектептердің аумағында тәртіпті сақтай отырып, 23 шатырлы және киіз үй лагері жұмыс істеп, бұл демалыс түрімен ерекше санаттағы 2150 оқушы қамтылған. Мұндай лагерьлердің бағдарламасына туристік қызметтің негіздері, радиалды жорықтар, жергілікті жердің картографиясын зерттеу секілді бірқатар тақырыптар кіреді. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың маусым айында 250 баланы қамтитын қала сыртындағы эко-парк аумағында Көкшетау қаласының стационарлық киіз үй лагері ұйымдастырылды. Лагерь бағдарламасында оқушылар халық қолөнерін, ағаш оюды, киіз басуды, тері өңдеуді үйреніп, ұлттық ойындар мен тақырыптық іс-шараларға қатысты. Сандықтау ауданында 6-9 сынып аралығындағы 75 оқушыға «Жалынды болашақ» шатырлы лагері ұйымдастырылып, онда балалар туризм және өлкетану негіздері бағытында білім алды.
Маусым айында облыстың 80 оқушысы үшін Зеренді ауданы Васильковка ауылында археологиялық лагерь ұйымдастырылды. Оқушылар онда археолог ғалымдармен бірлесіп, Ботай мәдениетінің артефактілерін зерттеді. Сондай-ақ, жаз мезгілінде 14-16 жас аралығындағы 24420 оқушы жұмыспен қамтылды, оның ішінде полиция органдарында есепте тұрған 41 бала бар.
Сонымен, қорыта келгенде, жазғы каникул кезеңінде шығармашылық жұмыспен 58600, туристік іс-шаралармен 26450, зияткерлік және спорттық нысандармен 35150 бала қамтылған. Жаздың екінші жартысында облыс оқушылары үшін «Менің Отаным – Қазақстан» туристік экспедициясы, «Астана – менің Отанымның елордасы» әлеуметтік туры ұйымдастырылады деп күтілуде.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

