Еңбегімен еселі
Мұрат Қожин энергетика саласында 45 жылдан астам еңбек етіп келеді. Зеренді электр желілерінің Орталық желі жөндеу учаскесінің шебері осы кәсіпорынға 1980 жылы орналасып, өмір бойы таңдаған мамандығына адалдығынан танбай, жемісті еңбек етуде.
Мұрат Қабиденұлы 1958 жылдың 1 сәуірінде Көкшетау ауданына қарасты Жолдыбай ауылында дүниеге келген. Симферополь орта мектебінің сегізінші сыныбын аяқтаған соң, 1973 жылы Шағалалы совхоз-техникумына оқуға түсіп, оны «электромеханик-техник» мамандығы бойынша бітірген. Әскер қатарынан оралғаннан кейін еңбек жолын «Агропром Энерго» мекемесінде электрик болып бастаған.
Жас маман өзінің жауапкершілігімен және еңбекқорлығымен көзге түсіп, екі жылдан кейін электрмонтаж бригадасының бригадирі болып тағайындалған. 1985 жылы инженер-электрик, кейінірек желі учаскесінің шебері қызметіне ауысқан.
Сол кездегі күрделі жағдайларға қарамастан, Мұрат Қабиденұлы өз ісіне адал болып, 1994 жылы «Зеренді-Энерго» мекемесінің құрамындағы Көкшетау электр желілеріне шебер ретінде ауысып, осы күнге дейін сол жұмысында жемісті еңбек етіп келеді. Жарты ғасырдай уақыт ішінде Мұрат Қабиденұлы өз ісінің кәсіби маманы ретінде танылып, әріптестерімен тәжірибесін бөлісіп, жастарды осы кәсіпке үйретуге әрдайым дайын екенін көрсетті.
2004-2008 жылдары аралығында «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бригадалары арасында тарату желілерін жөндеу және пайдалану қызметі бойынша өткен аймақтық кәсіби шеберлік сайыстарында «Үздік шебер» атағын иеленді. 2005-2009 жылдары аралығында 0,4-10 кВ КТП тарату желілерін жөндеу және қызмет көрсету бойынша оқу-жаттығу шараларында жүлделі орындарға ие болып, «Көкшетау Энерго» компаниясының Құрмет грамотасымен марапатталды.
2009 жылы кәсіби шеберлігі үшін «Көкшетау Энерго» ЖШС құрылтайшыларының Құрмет грамотасымен, 2017 жылы Краснояр ауылдық округі әкімінің Алғыс хатымен марапатталса, 2019 жылы Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінің Құрмет грамотасын иеленді. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасы энергетикасының ардагері» және «Көкшетау Энерго» ЖШС-нің «Еңбек ардагері» төсбелгілерімен марапатталған. Төрт жыл бұрын зейнеткерлік жасқа жетсе де, білікті маманды кәсіпорын басшылығы зейнет демалысына жіберуге асығар емес.
– Бір шеберді өз орныма ізбасар ретінде даярлаған едім, бірақ, ол басқа БЦР бөліміне ауысып кетті. Енді сату қызметінен бірнеше жігітті бізге ауыстырмақшы, соларды жұмысқа үйретіп, тәжірибеммен бөлісемін. Біздің ұжымымызда өз ісін жетік білетін тәжірибелі мамандар шоғырланған. Бұрынғыдай кадрлардың жиі ауысуы деген жоқ, өндірістік тәртіп те жақсарды. Компания басшылығының қамқорлығы арқасында еңбекақы да артып келеді. Сондықтан, әркім өз орнын бағалап, жұмысты сақтап қалуға тырысады.
Былтырдан бастап көптеген жаңа техника сатып алынды, соның арқасында жұмысымыз жылдамырақ жүреді. Мысалы, бір апта ішінде Қараөзек-Жаңатілек бағытында 6,4 шақырымдық желіні салып болдық. Биыл іске қосылған инвестициялық бағдарлама аясында элктр желілерін жоспарлы түрде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары өте көп. Мен «Көкшетау Энерго» компаниясының халықты сапалы электр қуатымен жабдықтау бағытындағы ауқымды жұмыстарына өз үлесімді қосып жатқанымды мақтан тұтамын, – дейді өз ісінің майталманы Мұрат Қожин.
Қарлыға МҰХАТАЕВА.
![]()

