Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серік Сахиевпен және Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Нөгертаевамен бірге облыс орталығындағы бірқатар медициналық мекемелерді аралады.
Аймақтағы медициналық қызмет сапасы мен шұғыл көмек көрсету мәселесі облыс басшылығының ерекше бақылауында ұсталуда.
Бұл жолы жедел медициналық жәрдем станциясының жұмысына айрықша назар аударылды. Қазіргі таңда облыс бойынша осы бағытта қызмет көрсететін бөлімшелерде фельдшерлер мен жүргізушілерді қосқанда шамамен 850 қызметкер еңбек етеді. Көкшетау қаласында олардың саны 230-ға жуық. Жедел жәрдем бригадалары тәулік бойы жұмыс істеп, халыққа уақытылы және сапалы медициналық көмек көрсетуде.
Сондай-ақ, осы жолы да емханалар мен ауруханалардың қабылдау бөлімдерінде науқастармен кездесулер өтті. Атап айтқанда, олардың өтініштері, ескертулері мен ұсыныстары тыңдалып, медициналық қызмет сапасын арттыру мәселелері қаралды. Алғашқы қабылдаудың жағдайы, шұғыл жәрдем көрсетудің сапасын арттыру, науқастарды ауруханаларға бағыттаудың тәртібін жетілдіру және кезекте тұру уақытын қысқарту жолдары талқыланды. Күрделі жөндеу жұмыстарының сапасына да баса мән берілді. Мекеме басшыларына жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде және сапалы атқару, науқастар мен медицина қызметкерлері үшін қолайлы жағдай жасау тапсырылды.
Соңғы уақытта еліміздің кейбір өңірлерінде медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылдарға байланысты күзет шараларын күшейту, бейнебақылау жүйесін жетілдіру және құқық қорғау органдарымен өзара әрекеттестікті нығайту мәселелері қаралды. Осы ретте, мекеме басшыларына және сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктелді.
– Халық денсаулығы біздің ең басты құндылығымыз. Әр адам уақытылы және сапалы медициналық көмек алуы үшін барлық қажетті жағдай жасалуы тиіс. Сондай-ақ, дәрігерлер мен медицина қызметкерлері қауіпсіз әрі жайлы ортада жұмыс істеп, өз міндеттерін толық атқаруы қажет, – деді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.
![]()

