Қысы-жазы, жаздың қара қарғаның миы қайнайтын ыстығында, қыстың сақылдаған сары аязында мал бағу оңай-оспақ шаруа емес. Қос білегін сыбанып, қолына құрық ілген келіншектің кәтепті қара нарға жүк болатын шаруаны атқаруы өзгеге өнеге, әдемі мысал.
Жусанды даланың жанға жағымды иісі көкірегіңді кернеп, қуат дарытатындай. Дала шіркін маусымның ыстық лебімен, кешегі көк аспаннан жауған ырыздық нәрімен бусанып, әдемі көрініске еніпті. Төрт түлік малға жұғымды еркекшөп, жоңышқа булыға өскен. Соқаның тісінен аман қалған қырат-қырлар, сай-сала тұнып тұр.
Мал бағу оңай шаруа емес, ілкідегі ақылман қариялар жылқыны жылқының өзіндей қайратты адам бағады деуші еді. Бүгінде ел ішінде мал бағуға ынта білдіретіндер некен-саяқ. Жастар жағы ата кәсіпті меңгеруге құлықсыз. Содан ба екен, жекеменшік мал бағуға белсеніп кісі шыға қоймайды. Біздің өңірде кейбір ауыл-елдің малын өзбек ағайын бағып жүр дегенді естігенде, таң қалатының бар. Қазір жылқының бір басын айына бес-алты мың теңгеге бағады. Егер табында 200 жылқы болса, ай сайын бір миллион теңге ала тақиялы ағайынның қалтасына түсті дей беріңіз. Қызғаныш емес қыжыл. Ауылдағы ағайын екі қолға бір күрек таба алмай отыр дегенімізбен, ең құрығанда атқа мініп мал бағуға болар еді ғой. Әлде атам қазақ мал бақпап па еді?!
Салы суға кетіп отырған ағайынға мысал болсын деп осы тақырыпты қаузауға тура келіп отыр. Тассуаттық келіншек Әлем Молайған тепсе темір үзетін азаматтар атқаратын шаруаны дөңгелетіп-ақ отыр. Осымен жеті жыл бойы ауылдың сиырын бағып, алғыс арқалауда. Ауылдастары Әлемнің мал баққанына разы. «Сиырдың сүті тілінде» деген қағида бар. Егер шілденің ыстығында қыруар малды иіріп қойса, кешке ешкінің сүтіндей ғана сүт берер еді. Ал, отты жерді қуалап, еркін жайылған мал өрістен желіні толып оралмақ.
Тілдесе келе Әлемнің кісі жатырқамайтын мінезіне разы болдық. Өзінің айтуына қарағанда ес біліп етек жапқалы төрт түлік малдың ішінде. Ал, ауыздығымен алысқан атқа бес жасынан бастап қонған. Мектепте оқып білім алып жүрген кезінде жазғы демалыста әкесінің қолғанаты болыпты. Мал сырын жадына жаттаған. Даланың да өзіндік сырын зерек көкірегіне тоқыған. Бар ғұмыры төрт түлік малдың ішінде өткен әкенің ғибраты өз алдына. Алдындағы малдың ауруын, сауын бір көргенде-ақ айқындайды. Әр түліктің еркін отығып, қоң жинау жайы да жадында жатталып қалған.
–Маған бақташы болудың ешбір қиындығы жоқ, – дейді Әлем Молайған, – өз ісіңді жақсы біліп, жүрегің қалап тұрса алдыңдағы іс те өз-өзінен үйіріліп тұрады. Ең бастысы, ел менің жұмысыма разы, көптің көңілінен шығу оңай емес қой. Алдымдағы мал ауылдастарымның ырыздығы. Осы малдың арқасында балаларын оқытып, күндерін көріп, табыс тауып отыр. Сондықтан, мен малдың күйін жоғалтпай, жүдетіп алмай, басының аман болуына жауаптымын.
Моңғолияда Әлем бухгалтер-экономист мамандығын алыпты. Әйтсе де, мамандығы бойынша жұмыс істеудің сәті түспеген. 1992 жылы отбасы Қазақстанға қоныс аударған. Облыс орталығынан тым шалғай жатқан Жарқайың ауданындағы шоқ жұлдыздай шағын ғана Тассуат ауылына көш басын тіреген. Бұл жерде мамандығы бойынша жұмыс табылмаған. Жолдасы Мұратбек Жұмағали екеуі жергілікті ауыл шаруашылығы ұйымына жұмысқа орналасыпты. Жолдасы малшы, өзі сауыншы. Ел тынысын екшей келе, бала жасынан көзі қаныққан бақташылық қызметті қалаған, қой мен жылқы баққан. Келілеп түйе де бағыпты. Жергілікті «Кен-М» серіктестігі түйе бағатын адам таппай аңтарылып отыр екен, Әлемнің әбжіл қимылы тәнті еткен. Бұл өңірде түйе таңсық мал. Тілін білетін кісі сирек.
Бәрі өз қалпымен жүріп жатқан. Әлдебір себептермен бұлар жұмыс істеп, табыс тауып жүрген шаруашылық жабылып қалды. Көктем шыға бұрын ауылдың малын бағып жүрген бақташы құрығын босағаға байлаған. Ауыл тұрғындары аңтарылып қалсын. Қыруар малды кім бақпақ? Төңіректің төрт құбыласы түгел егін. Көктем шығысымен көпке салмақ. Тығырықтан шығар жолды Әлем тапты. Ауыл тұрғындарының жиынында бақташы боламын деп белсеніп шықты. Жабыққан жұрттың қуанғаны-ай. Жолдасы Мұратбек көмекшісі. Міне, осылайша 2018 жылдан бастап Тассуаттың тәмам тұрғыны көктем сайын бақташы іздейтін бейнеттен құтылғаны. Күн астында көлеңкелеп жатып, кешке мал өрістен қайтқан кезде Жарқайыңның жазығында өскен жауқазындай нәзік әйелдің атпен келе жатқан суретіне сүйсініп қарайды-ай кеп.
Даланың қатыгез мектебінен өткен, еменнің иір бұтағындай шыңдалған бақташы келіншек бейнеті жайлы тіс жарып айтқан емес. Соңғы уақытта бар шаруаны өзі тындырып жүр. Жолдасы сырқатты болып, ота жасатқан. Әйтсе де, таңмен таласа тұратын бақташы үйдің де, түздің де шаруасына оңқай асықтай.
Бозторғайдың шырылымен оянып, жұлдыз жамырағанда табалдырықтан аттау үйреншікті іс. Ауылдастарының жүзге жуық сиырын қарынын қампайтып өрістен айдап келген соң ғұмыры таусылып бітпейтін үйдегі жұмыс тосып тұрады. Үйге келісімен өзінің онға жуық сиырын сауып, сүтін тартады. Май былғайды. Әйелдің ісі таусылған ба?!
–Қазір мал басы біртіндеп азайып келеді. Алғаш атқа ер салғанда 200 бас еді, – дейді кейіпкеріміз, – еш қиындығы болмаған. Әкем баққан, атам баққан мал ғой, сыры мәлім. Жалғыз ғана қиындығы төңіректің бәрі егін алқаптары, жайылым жер тоқымдай ғана, тұяқкесті. От іздеген аяқты мал тұрақтамайды.
Мұратбек пен Әлем көп балалы отбасы. Жастар жайлы қоныс, жақсылығы көп жер іздемей ме? Үш қызы мен ұлы Астана қаласында тұрады. Сегіз немересі жазғы демалысын Алаштың ақ бесігі – ауылда өткізеді. Атасы мен әжесінің қолғанаттары. Атқа мінеді, мал қайырады. Ілкіден жалғасқан ата кәсіп сәтімен сабақталатын шығар деп атасы мен әжесі іштей шүкірлік етеді. «Жас өспей ме, жарлы байымай ма» дегендей, күні ертең кекілі желбіреген балалар да ер жетер. Өздеріне ұқсап атқа мінер. Қалай болған күнде де ес білгеннен адал еңбекке баулынып келе жатыр. Дархан даланың даналығын бойына жинаған атам қазақ «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген емес пе, бұлар да еңбекпен есейіп ер жетеді.
Тассуаттың ық жағында қыр басына қашып барып қонғандай бір түп еркекшөп өсіп тұр. Қаулап кәдімгідей қанат жайып от орнындай жерге. Еңбекпен босағасына береке байланып, ырыс үйірілген Мұратбек пен Әлемнің шырайлы шаңырағы іспетті. Тіл-көзден аман болса, ертең-ақ еліміздің жүгін көтеретін ұрпақ емес пе?!
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Жарқайың ауданы.
![]()

