Ізгілікті іске ұмтылу – адамгершілік белгісі

Қайырымдылық

Ақмола облысында волонтерлер қозғалысы белсенді дамуда. Қазірдің өзінде өңірде 90-ға жуық еріктілер ұйымы тіркеліп, оларға 3600-ден астам адам мүшелікке өткен. Бұл саладағы адамдардың мамандықтары мен жас ерекшеліктері әртүрлі болса да, олардың көздеген басты мақсаты бір – кім-кімге де жақсылық жасау.  

Қазіргі уақытта волонтерлік ұғымы мемлекет пен жалпы қоғамның даму көрсеткішіне айналған. Бұл ретте, мемлекеттің жетістігі мен табысы күн сайын маңызды және пайдалы іспен айналысатын азаматтардың белсенді әрекеттері мен олардың патриоттық көңіл-күйіне байланысты десек қателеспеспіз.

Жалпы, волонтерлердің жұмысы ақшамен өлшенбейтін игілік пен ізгілікке толы көмек. Бұл жолда олар өзгелердің жан тыныштығы мен бақыты үшін өздерінің алтын уақыты мен бар күш-жігерін аямайды. Жыл басынан бері облыстағы волонтерлер қайтарымсыз негізде 300-ден астам іс-шара өткізіпті.

Қолдауды қажет еткендерге көмек беруге әп-сәтте біріге кететін волонтерлер қыс бойы жалғызбасты қарт адамдар тұратын жекеменшік үйлердің ауласын қардан тазалап, апта сайын ардагерлерге азық-түлік себетін жеткізіп беріп тұрғанын жақсы білеміз. Ол туралы газетімізде бірнеше мәрте жазылған да болатын. Сонымен бірге, олар жоғалып кеткен адамдарды іздестіру жұмыстарына да белсенді қатысады.

–Қазіргі таңда Ақмола облысының жастар ресурстық орталығы волонтерлерді қолдау орталығының фронт кеңсесімен бірлесіп, көптеген жұмыстар өткізіп жатыр. Оның ішінде 9-бағыт бойынша «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Таза әлем» жобасын жүзеге асырудамыз. Бұл акция Зеренді, Атбасар, Бурабай аудандарында және басқа да аудандар мен қалаларда жиі ұйымдастырылып тұрады. Одан басқа, жалпы волонтерліктің қайырымдылыққа арналған ең пайдалы әрі тиімді бағыттарының бірі осындай акциялар екенін ұмытпауымыз керек, – дейді облыстық волонтерлерді қолдау орталығы фронт кеңсесінің басшысы Дидар Хамзин.

Елімізде волонтерлік қозғалысқа мемлекеттік деңгейде қолдау бар. Аймақта «Волонтерлік қызметті дамытуға қатысты шараларды ұйымдастыру және өткізу», «Мен волонтермін» жобалары жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар әлеуметтік жобаларды қолдауға және оған жастарды тартуға, еріктілер қозғалысын дамытуға бағытталған. Айта кету керек, облыстағы ең жас волонтердің жасы 15-те екен.

– Негізі осы волонтерлік жұмысқа менің көңілімді аударып, есік ашып берген өзімнің әпкем болатын. Ол өзі волонтерлік жобаларға қатысып жүретін. Оның  бойындағы осындай игі іс жасауға деген ынта-құлшынысын көріп, мен де қызыға бастадым. Сөйтіп, өзім айналыса бастағанда бойымда бір рух пайда болып, елге пайдалы болғаным үшін қуандым. Көптеген жобаларға әпкеммен бірге қатыстым. Содан бері табиғатты, қоршаған ортаны таза ұстап, тазалық акцияларына қатысып тұруға білек сыбана кірісіп, жүрмін, – дейді Дінмұхамед Талғатов есімді волонтер.

Жыл сайын волонтерлер тұрғындарды қолдау бағытында ондаған қайырымдылық акциясын ұйымдастырады. «Мектепке жол» акциясына атсалысу, «Қарттарды қолдау айлығы», «Жаңа жылдық шырша» және Халықаралық балаларды қорғау күніне орайластырылған шаралары осы ізгіліктің жалғасы.

Осы ретте айта кетсек, облыста волонтерлік қызметті қолдау мен дамытудың аймақтық бағдарламасы бекітілген. Ерікті болуға ниетті кез келген адам осы волонтерлер қозғалысының мүшесі бола алады.

Ы.ШАМШИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар