Жазиралы Жарқайың, қазақтың құт мекені,
Мәлім байтақ еліме ырысты өлке екені!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар ашық, тиімді, жергілікті жұртпен қоян-қолтық жұмыс істеуде. Ақтылы мал өсіріп, ақық дән тербеткен аудан тұрғындары егемен елдің болашағын баянды ету жолында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, сүттей ұйыған ұйымшылдықпен танытып келеді. Өзіндік еңбек дәстүрі қалыптасқан Жарқайың ауданының сонау 1955 жылы құрылғандығын айта кетелік.
Бүгінде аудандағы жер көлемі 12,1 мың шаршы шақырым. 2025 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша ауданда 11918 адам тіршілік етуде. Ауданда бір қала мен 22 ауыл бар.
Жер емшегін емген Жарқайың диқандары әр жыл сайын егістік алқаптарынан мол өнім алуды берік дәстүрге айналдырған. Сөз арасында Жарқайың егістік алқабы көлемі жағынан өңірдегі маңдайалды аудандардың бірі. Ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында ауыл шаруашылығы құрылымдары 1,5 миллиард теңгенің өнімін өндірді.
Жер емшегін емген тәжірибелі диқандар жыл сайын егіншілік мәдениетін жетілдіріп, озық технологияларды батыл қолға алып, іс нәтижесінің мол болуы үшін қауырт қимылдап еңбек етуде. Биыл да көктемгі дала жұмыстары мейлінше тиянақты жүргізілді. Өткен жылмен салыстырғанда, егістік алқаптар көлемі біршама көбейді. Қазіргі күні ауданда 7514 мың гектар егістік алқап бар. Диқандар белгіленген межеден шығып, егін егу жоспарын 100 пайыз орындады. Бір айта кетерлігі, майлы дақылдар көлемі де 13 мың гектарға арттырылды. Соңғы жылдары дәнді дақылдармен қатар, мал азығын қамдау мәселесіне де жіті назар аударылуда. Мемлекеттік қолдаудың арқасында картоп және көкөніс егу жоспары да ойдағыдай орындалды. Бұл орайда диқандарға жеңілдетілген несиенің септігі тигендігін де айта кету керек.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу барысында 7,9 миллиард теңгеге 90 өтінім түсті. Ауыл шаруашылығы құрылымдарына әр литрі 254 теңгеден, жалпы көлемі 9415 тонна болатын жеңілдетілген дизель отыны бөлінді.
Есепті кезең ішінде мал шаруашылығының біршама дамып келе жатқандығын байқауға болады. Сәл таратып айтатын болсақ, ірі қара мал саны 11041 басқа жетсе, оның ішінде сауын сиырлары 5515 бас. Қой-ешкі де 27671 басқа жетіп отыр. 9292 жылқы бар. Құс саны 26420.
Төрт түлікті бағу бар да, одан өнім алу бар. Малшы қауымның еңбегі ақталса, аудан тұрғындарының дастарханы ырыздыққа толып тұрады емес пе? Малсақ қауым тірідей салмағы 1138 тонна ет, 1898 тонна сүт, 745 мың дана жұмыртқа өндірді. Жыл басынан бері аудандық бюджетке 531 миллион теңге қаражат түсті. Бұл орайдағы жоспар 124 пайызға орындалды.
2025 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында жалпы құны 2 миллиард теңге болатын өнім өндіріліп, қызмет көрсетілді. Ойға алған шаруа оңынан оңғарылса, жыл соңына дейін межеленген жоспар 133,4 пайызға жетеді деп күтілуде. Инвестицияның ел игілігі екендігі белгілі. Экономиканың қан тамырын соқтыратын осы. Ауданда 13 инвестициялық жоба қолға алынған. Бұл жобалардың құны 3,3 миллиард теңге. Жаңа жобалар жүзеге асқан кезде жүзден астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Шалғайдағы аудан халқы үшін бұл да өте маңызды. Жаңа жобаларды жүзеге асыру ағымдағы жылдың 3-4 тоқсанына межеленіп отыр.
Соңғы жылдары Жарқайыңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіле бастады. Өткен жылмен салыстырып айтатын болсақ, сәйкес мерзім ішінде 1113 миллион теңгенің құрылыс жұмыстары жүзеге асырылды. Құрылыс жұмысына 204 миллион теңге инвестиция тартылды. Үшінші тоқсанда 80 пәтерлік тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін екі 60 пәтерлік тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қайтадан қалпына келтіріледі. Құрылыс жұмысын тілге тиек еткенде, 1411 шаршы метр тұрғын үйдің пайдалануға берілгендігін де айта кеткеніміз жөн. Бұл жоспардың 120 пайызы.
Шалғайдағы шағын ауылдарда әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсарту басым бағыттардың бірі. 2024 жылдан бастап Бірсуат ауылында жалпы құны 920 миллион теңге болатын жүз орындық мектеп мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынуда. Сондай-ақ, Пятигорское селосында жалпы құны 320 миллион теңге болатын дәрігерлік амбулаторияның құрылысы қолға алынған. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында толық аяқталмақ.
Кез-келген ауыл, село тұрғындары үшін ауыз су мәселесі өте маңызды. Аудан тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жобалар қолға алынған. Күні бүгінге дейін жалпы құны 40 миллион теңгенің жұмысы тиянақты атқарылды. Шойындыкөл ауылында жерасты суларымен қамтамасыз ету жүйесін жүзеге асыру жобасы жүргізілуде. Жұмысты толық аяқтау үшін 316 миллион теңге қаражат бөлініп отыр. Жалпы ауданда ағымдағы жылдың қыркүйек айына дейін барлық су жүйесіндегі жұмыс тегіс аяқталатын болады.
Ендігі бір мәселе – жолдың жайы. Бұл орайда да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жезқазған-Петропавловск тас жолының 445-490 шақырымындағы жалпы көлемі 45 шақырымды құрайтын жолға орташа жөндеу жұмысы жүргізілуде. Бұл жөндеу жұмысына 5,4 миллиард теңге қаражат қарастырылған. Күні бүгінге дейін үш шақырымы жақсылап жөнделді. Облыстық маңыздағы Жақсы-Державинск тас жолының 38,5 шақырымын жөндеу 3,2 миллиард теңге қарастырылған. Бұл бағыттағы жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталмақ. Оған қоса Державинск қаласына жеткізетін жолдың 28,9 шақырымын жөндеуге 900 миллион теңге қаражат қажет. Бұл қаржыны облыстық бюджеттен бөлу жоспарлануда. Қала ішіндегі 3,2 шақырым жол жөнделуде. Бұл жұмысты «Арқа К» серіктестігі атқаруда. Жалпы құны 199 миллион теңге болатын жұмыс басталып кетті. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Отрадное және Кенский селоларының арасындағы жолдың 3,2 шақырымы жөнделуде. Жөндеу жұмысын «Пейко» жеке кәсіпкерлігі қолға алған. 197 миллион теңге қаражат қарастырылған бұл жұмыс ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында толық аяқталады деп межеленуде.
Аудан тұрғындары еліміз бойынша өрістетілген «Жаңа Қазақстан» жалпыұлттық акциясына белсене қатысуда. Жыл басынан беру 56 мәрте сенбілік ұйымдастырылып, оған екі мыңнан астам адам қатысты. Ауыл-селолардың маңы мұнтаздай етіп тазаланды. Қай тарапқа қарасаңыз да ұқыпты қолдың табын анық байқар едіңіз. Тротуарлар мен көше бойындағы ағаштардың діңі әктеліп, 14 аялдаманың маңы абаттандырылды. Көктемде 2000 ағаш көшеті отырғызылды.
Ауданда 20 мектеп бар. Оның 9-ы негізгі, біреуі бастауыш. Білім ошақтарында 2070 оқушыға 474 мұғалім заман талабына сай тәлім-тәрбие, білім беруде. Мектептің барлығы интернет жүйесімен қамтамасыз етілген. «Айгөлек» шағын орталығына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Екі айдың ішінде 55 миллион теңге қаражат игерілді. Орталық балаларды қабылдай бастады. Аудандағы төрт мектепті қажетті құралдармен қамтамасыз етуге 500 миллион теңге қаражат бөлініп отыр. Жан-жақты қамқорлық көрсетілгеннен кейін білім деңгейі де көңіл қуантарлық.
Аудандық аурухана жұмыс істейді. Төрт дәрігерлік амбулатория мен 15 медициналық, 1 фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс істейді. Денсаулық сақтау саласында 30 дәрігер, 94 орта буын, 52 кіші медициналық қызметкер еңбек етеді.
Ауданда жұмысқа орналастыру мәселесі де шешілуде. Ағымдағы жылдың алғашқы бес айында 206 жаңа жұмыс орны ашылды, оның 130-ы тұрақты. Жұмыспен қамту орталығына 257 адам өтініш жасады. Оның 115-і жұмысқа орналастырылды.
Аудан қазір жылу беру маусымына дайындалуда. Молодежный шағын ауданындағы жылу жүйесіне «Коммунсервис» ұжымы жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмысқа 140 миллион теңге қарастырылған. Облыстық бюджеттен 88 миллион теңге бөлініп, үш жаңа қазандық орнатылмақ.
Қорыта айтқанда, ынтымағы мен ырысын молайтқан Жарқайың ауданы берекелі ісін көбейтіп, алға қойған мақсат-мүддеден шығуға ұмтылуда.
Ербол ЖҮСІПБЕКОВ,
Жарқайың ауданының әкімі.
![]()

