Ежелгі тарихтың іздерінен бастау алады

Орта ғасырлық тарихи жазбаларда, оның ішінде әйгілі Әмір Темірдің жорықтарын баяндайтын «Зафарнаме» тәрізді жинақтарда жиі аталатын Жарқайың ақ Есілдің орта ағысында орналасқан. Тоқтамысқа қарсы жасаған алғашқы жорығында ақсақ Темірдің Ұлытау, Арғанаты, одан Қаракеңгірге түсіп, Терісаққан арқылы Жарқайыңнан өткені белгілі.

Шерлі шежірені ақтарсаңыз…

Тұлпарлардың тұяғымен жазылған көне тарихтың көмбесі осы жерде. Қазақ халқының ауыз әдебиеті мен тарихи шежіресінде бұл төңіректі Жарқайың ағашы деп те атайды. Есте жоқ ескі кезеңнен қалған қорғандар мен жан баласына бергісіз жұмбақ құбылыстар, орта ғасырлық қалалар мен қордалы қоныстар өте көп. Жарқайың бекінісі орта ғасырлық Ор қаласы үстіне орналасқан. Осы екі құрылыстың орны бүгінгі күні көрініп жатыр. Бұл қорған Шолақсандық ауылынан үш-төрт шақырым жерде. Жарқайың атауы архив құжаттарында да жиі кездеседі. Патша өкіметіне жазылған хаттарда да Жарқайың атауы кеңінен орын алған. Онда бұл өлкені қазақ жеріндегі ең танымал шаруашылыққа қолайлы аймақ ретінде атайды. Заманында Жарқайың бекінісі деп аталған ескі құрылыстың орны әлі де бар. Көне карталарда «Джаргаинь» деп көрсетілген. Бұл төңіректе аңыз да аз емес. Соның бірі «Алып». Баранкөл ауылы тұсында, ерте заманда алыптар мекендеген аңыз жиі айтылады. Керуен жолы да осы топырақты басып өтеді. Белгілі ғалым Әлкей Марғұлан «Бетпақдала арқылы өтетін ежелгі керуен жолдары» атты еңбегінде мынандай деректер кездеседі. «Ұлытау арғанаты маңындағы далалар мен Тіңгір Терісаққан алқабында ойысқан жол Жарқайың түбінде Оңтүстік Оралға баратын керуен жолымен қосылады».

Шерлі шежірені ақтарсаңыз, бағаналылар Ұлытау сонау Шыңғыс ханның басқыншылық заманында келіп қоныс тепкен деседі. Үшқарасу ауылының маңында Бадана руы мекендеп, бір шеті Қарауыл сайы, Сандыққа дейін жайылған. Есіл өзенінің бойында Сексенбай өткелі бар. Осы аймақтан «Масалы көл» деген жерден кен табылып, қазіргі уақытта Масалинский деп аталады.

Көке өзенінің құйылысына орналасқан Пятигор селосы бар. Бұрынғы Савинковка селосының аты Алтыбасар екен. Өткелге осы атауға берілсе керек Сабыр Шәріповтың «Алтыбасар» атты кітабы осы жер туралы жазылған.  Бағзы заманда әйгілі Баубек батыр Терісаққан өзенінің құйылысындағы биік бір қырдың үстінде даланы шолып тұрып «Иә, көңілің түссе екі рет, көңілің түспесе бір рет байлыққа кенеледі екенсің» депті, көрегендікпен айтылған сөз. Себебі жылына бір рет Терісаққан тасыса, екінші рет Есіл тасып, түбектерге су жайылып, шалғынға толтырып тастайды екен. Бектауылдар Терісаққанның қиылысына орналасып, Есіл өзенінің төменгі ағысына қарай Саспақ руы, одан кейін Қарабатыр басқарған Сайыс руы, Қабыл-Маты басқарған Орақ пен Көшек туралы жайлаған. Көшектің үш атасы Тасөткел жағына орналасыпты. Кейін Қызылту (қазіргі Баубек ауылы) Құмсуат өткелінің тұсында Ақтөбе, Далабай, Тассуат ауылдары құрылған.

Жұмақ жерге орыстар ХХ ғасырдың соңында келіп қоныстана бастаған. Жоғарыда біз таратып айтып отырған ел үстіне Донской, Монастырка, Ишимка, Любицкий, Браталюбовка, Держава, Савинковка сияқты селолар орнналасқан.

1921 жылы бес болыс Жарқайың болса, 1922 жылы үш болыс бірігіп, бір волисполком, ал, қалған екеуі қосылып екінші волисполком болған. 1923 жылы бәрі бірігіп, Тасөткел деп аталатын бір-ақ болыс болған. 1930 жылдары Атбасар ауданы бөлініп, артынан Есіл ауданы еншісін алып шыққан. Осы жылдары кеңес өкіметінің ұжымдастыру саясаты елді тұрақтандырып, елді мекендер салына бастады. Ең алғаш «Шолақсандық» қой совхозы ашылды. Кейіннен «Үшқарасу», «Баранкөл» кеңшарларының іргесі қаланды. Ұжымдастыру кезінде бірнеше колхоздар ұйымдастырылды. Олар ауыл шаруашылығымен айналысты.

Сұрапыл соғыс жылдары

Екінші дүниежүзілік соғыс басталған кезде елдегі ер-азаматтар тайлы-таяғымен майдан даласына аттанды. Тылдағы жұмысты еңкейген қария, еңбектеген бала, әйелдер атқарды. Өлкетанушы Баянды Саматанов әкесі туралы жазған жинағында майдан жылдары туралы көптеген деректер келтіреді. Ауданның төл тарихын зерделеуде өлкетанушы Елеубек Тінәлиннің еңбегі зор. Алматының архифтерінен елдің ежелгі тарихы туралы мол деректер жинап, қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған кезде жазықсыз қуғынға ұшыраған жерлестеріміз туралы материалдар жинақтап, үлкен үлесін қосты. Жалпы Жарқайың топырағынан басқыншы жаумен күресуге 1161 адам аттанған екен. Кейін арада жылдар өткенде ауданның барлық елді мекендерінде соғыста қаза тапқандар, елге оралғандар және хабарсыз кеткен боздақтарға арнап ескерткіштер қойылды. Тағы бір айта кетерлігі, Жарқайың ауданы ресми ұйымдастырылғанша Тасөткел, Савинковка немесе Алтыбасар ауылы, Үшқарасу, Далабай, Ақтөбе елді мекендері болғаны белгілі. Бұл төңіректе бірнеше бөлімшелер де болған. Кейін орыстар көшіп келгеннен соң Браталюбовка, Любицкий тәрізді селолар салына бастады. Ал, оған дейін бұл өлкеде Саспақ, Сайыс, Орақ, Көшек рулары жаз жайлап, қыс қыстау еткен. 1956 жылы колхоздар жабылып, «Баранкөл» кеңшардың бөлімшесі болып қалды. Ақтөбе ауылының тұрғындары біртіндеп Баранкөл, Державинге көшті. 1957 жылы Далабай ауылынан Өмірлік орта мектебі ашылып, халық тұрақтана бастады. Баранкөл аудандық партия комитетінің тұңғыш конференциясы осы Далабай ауылында өтті. Аудандық мәдениет үйі ашылып, жұмыс істей бастады.

Тыңмен түлеген тағдырлар

Тың игеру кезінде әртүрлі жаңа техникалар мен әлденеше ұлт өкілдері Жарқайыңға ағылып келе бастады. Аудан орталығының темір жолдан тым шалғай жатқандығы біршама қиындық туғызды. Жол салу өте қымбатқа түсетін еді. Сол себепті аудан орталығын Державин станциясына көшіру қолайлы деп есептелді. Алайда бұл ұсынысты облыс басшылары қолдағанымен, қиын істің шешімін ешкім мойнына алғысы келмеді. Міне, осы тұста ел азаматтары тығырықтан шығар жол іздеді. Жарқайың ауданы Қазақстан Республикасының картасында ресми түрде тың игергеннен кейін пайда болды. Өңірдің алтын астығы талайға таңдай қақтырды. Баранкөл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Ұлы Отан соғысының ардагері, Алаштың арда азаматы Ақпан Үкібаев тағайындалды. Ақпан ағамызбен бірге үзеңгі қағыстыра, Едіріс Смағұлов, Антон Сергеев, Василий Никитиндер еңбек етті. 1956 жылы колхоздар жабылды.

Ақпан Үкібаев білікті ұйымдастырушы, қабілеті зор азамат еді. Сол іскерлігінің арқасында мидай далаға әсем қала орнату жұмысының ұйытқысы бола білді. Несін айтасыз, егіс даласын тынымсыз аралау, сансыз жиналыстардың барлығы астық үшін күрес аясына сиятын. Қашанда табандылықпен күресу өз нәтижесін береді емес пе?  Аудан диқандарының мемлекет қамбасына 1957 жылы 54 миллион пұт, 1959 жылы 20 миллион пұт астық құюы еңбек майданындағы жеңіс еді. Айналасы үш жылдың ішінде әп-әдемі қала тұрғызылды. Бұл қалада Ақпан ағамыздың қолтаңбасы қалды. Ер есімі ел есінде сақталады. Аудан орталығында Ақпан Үкібаев атындағы қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретін мектеп бар. Білім ошағында Ақпан атамыз атындағы тарихи-өлкетану мұражайы жұмыс істейді.

Тың жайын тілге тиек еткенде жазиралы Жарқайыңның шет-шегі жоқ жалпақ даласында табаны тастан таймаған тарланбоздай еселі еңбек еткен Едіріс Смағұлов, Ахметжан Ниязбаев, Кенжебай Бекбаев, Иван Захаров, Василий Никитин, Антон Сергеев, Қыдырбай Құснидинов, Гафият Кучаев, Иван Палагута сияқты азаматтар білек біріктіріп еңбек етті. Ақпан Үкібайұлының ұсынысымен аудан орталығы Державинге 1956 жылдың соңында көшірілді. 1957 жылы 200-ге жуық тұрғын үй алынып, 960 адам баспаналы болды. 10 қыркүйекте сегіз жылдық мектеп алғашқы 36 оқушыны қабылдады. Осылайша жетпіс жыл бұрын Державин қаласының іргетасы қаланды. Есіл қаласынан құрылыс материалдары тасымалданып, болашақ аурухананың ғимараты қолға алынды. 1962 жылы Ораз Бейсенов бас дәрігер болып тағайындалды. 2016 жылы аудандық аурухананың жаңа ғимараты пайдалануға берілді.

Қарсақ ақын және өнер көші

Өткен ғасырда Далабай ауылында 1886 жылы дүниеге келген әнші, айтыскер ақын Қарсақ Қопабайұлының есімі мәлім. 16 жасында Башкириядағы медресеге оқуға түсіп, елге оралады. Әсем әні тыңдаған жұрттың жанын жадыратса керек. Әйгілі әнші Нартай Бекежановпен үзеңгілес дос болған деседі. 1996 жылы Қарсақ ақынның туғанына 110 жыл толуы кеңінен аталып өтті. Қазақтан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Мапруза Утеулова, Астана филармониясының өнерпаздары Жанна Мусина, Бахтияр Омаровтар осы бір ұлы көшті жалғастырып келе жатқан тамаша талант иелері. Қазір аудандағы білім ошақтарында өскелең ұрпақты өнерге тәрбиелеу, баулу қолға алынған. Есімі елге белгілі спортшыларымыз да аз емес. Еліміздің бірнеше дүркін чемпионы болған, халықаралық турнирлердің жүлдегері Теміртас Жүсіпов 2021 жылы бокстан Әлем чемпионы атанды. Ол Қазақстан боксшылары құрама командасының мүшесі. Кір көтеру спортынан жоғары санатты жаттықтырушы, халықаралық деңгейдегі төреші Салтанат Халибек осы салаға еңбегі сіңген абыройлы азаматтың бірі. Облыстық, республикалық халықаралық жарыстардың жеңімпаздарын, Азия мен Әлем чемпиондарын, Қазақстан Республикасының спорт шеберлерін дайындаған белгілі жаттықтырушы.

Елде еңбегімен еленгендер өте көп. Аудан тарихын екшеген бір мақалада бәрін түгел айтып шығу мүмкін емес. Бүгінгі шолуымызда басты-бастысын тілге тиек еттік. Бір ауданның жетпіс жылдық тарихы кәтепті қара нарға жүк болатын дүние. Аудан атын шығарған азаматтардың аяулы есімдері жерлестерінің жүрегінде жүрері сөзсіз.

Б.ҚАЙЫРЛИН.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар