Степногорск қаласы дамудың жаңа кезеңінде тұр

Әкім – ел ішінде

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Степногорск қаласының халқымен кездесу өткізді. Аймақ басшысы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштеріне тоқталып, тұрғындарды толғандырған басты сауалдарға жауап берді, сондай-ақ, қаланың қысқы жылу беру маусымына дайындық барысымен танысып, мектеп және спорт нысандарының құрылысын аралап көрді. Бұл күні сонымен бірге, жаңа спорт сарайының іргетасына капсула салу рәсімі болып өтті.

Кездесу барысында облыс әкімі өңірдегі экономикалық және әлеуметтік маңызды жобалардың жүзеге асырылуына ерекше назар аударылып отырғанын тілге тиек етті.

–Алда тұрған басым бағыттар қатарында Бестөбе кентіндегі 300 орындық мектептің құрылысы, жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен ашық спорт алаңының салынуы бар. Сонымен қатар, өнеркәсіптік кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілік танытып отырғаны қуантарлық. Жақында ғана әкімдік пен «Алтыналмас» компаниясы арасында Степногорск қаласында 1000 орындық мектеп пен заманауи Спорт сарайын салу жөнінде меморандумға қол қойылды. Қазіргі таңда спорт нысанының құрылысы басталып кетті, – деді Марат Ахметжанов.

Сондай-ақ, аталған компаниямен бірлесіп, Степногорск қаласы мен Бестөбе кентінде Қарттар орталығын ашу жөнінде келісім туралы сөз болды.

Қалада қоғамдық орындарды абаттандыру, тұрмыстық қалдықтарды шығару және рұқсатсыз қоқыс тастайтын орындарды жою жұмыстары қолға алынған. Алайда, бірқатар мәселе әлі де өзектілігін жоғалтпауда. Атап айтқанда, кәсіпкерлік субъектілерінің жауапкершілігін арттыру қажет. Осыған байланысты әкімдік тарапынан әкімшілік шаралар күшейтілді. Полициямен бірлесіп, қала көркіне нұқсан келтірген кәсіпорындарды жауапкершілікке тарту жұмысы басталды.

Облыс әкімі өз сөзінде инфрақұрылымдық мәселелерге де жеке тоқталды. Соңғы екі жылда жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының арқасында жылу желілерінің тозу деңгейі 81 пайыздан 68 пайызға дейін төмендеді. Шаңтөбе кенті мен Изобильное ауылында су құбырларын жаңарту және жаңа желілер тарту жұмыстары жүргізілуде. Биыл Степногорск қаласының жол инфрақұрылымын дамытуға 650 миллион теңге бөлінді. 7 елді мекенде 9 жол жобасын іске асыру жоспарланған. Сонымен қатар, Азат – Степногорск бағытындағы автожолдың жүргін бөлігіне кеңейту жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Сумен жабдықтау саласындағы жұмыстар да жалғасуда. Шаңтөбе мен Изобильное елді мекендерінде тиісті жобалар іске асырылуда. Сондай-ақ, су таратушы магистралдық желілерді және су сорғы стансасынан Степногорскіге дейінгі жүйені қайта жаңғырту жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Әлеуметтік салада да оң өзгерістер бар. Қалада бірнеше мектептің құрылысы мен жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 45 пәтерлі тұрғын үй бой көтеруде.

Кездесу барысында тұрғындар аула ішілік жолдардың жағдайы, аулаларды абаттандыру, денсаулық сақтау нысандары мен медициналық кадр мәселесіне қатысты сауалдар қойды. Аймақ басшысының айтуынша, биыл қалаға жұмысқа бірнеше медициналық мамандар келеді. Ал көпбейінді қалалық аурухананың күрделі жөндеу жұмыстары облыс әкімінің жеке бақылауында болады.

–Таза, жасыл және қауіпсіз қала – бұл тек жергілікті атқарушы биліктің ғана емес, әр тұрғынның ортақ міндеті. Сіздер көтерген мәселелер біздің жұмысымыздың басты бағдаршамы, – деді Марат Ахметжанов.

Сапар аясында облыс әкімі азаматтарды жеке қабылдады. Кездесу барысында 100-ден астам тұрғын өз өтініш-тілектерін тікелей жеткізу мүмкіндігіне ие болды. Халықпен кездесу және жеке қабылдау барысында көтерілген барлық мәселе облыс әкімдігінің бақылауына алынды.

Қала жылу беру маусымына тиянақты дайындалуда

Облыс әкімі Марат Ахметжанов халықпен есептік кездесу барысында жылумен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндап қана қоймай, сонымен қатар, жұмыс сапары аясында жылу және су құбырларының жөндеу жұмыстарымен, сондай-ақ, қаланың қысқы маусымға дайындығымен танысты.

Өңір басшысының айтуынша, жүйелі жөндеу жұмыстарының нәтижесінде қысқа уақыт ішінде магистральдардың тозуы төмендеп, көптеген жылдардан бері алғаш рет жылыту маусымы апатсыз өткен. Бұған дейін Степногорск қаласындағы жылу желілерінің тозуы 81 пайызға жетіп, бұл жылыту маусымында жиі апаттарға әкеп соқты. Өткен жылы Үкіметтің қолдауымен қалаға 2,6 миллиард теңге бөлініп, бұл қаражат жеті шақырым магистральдық құбырларды жөндеуге бағытталды. Нәтижесінде тозу деңгейі 68 пайызға дейін төмендеді. Биыл ЖЭО-дан қалаға дейінгі 12,5 шақырым магистральдық құбыр жөнделуде. Бүгінде ескі құбырлардың барлығы алынып тасталып, үш шақырымнан астам жаңа құбыр төселді. Сонымен қатар, жылу көзін жөндеуге кәсіпорын иесі тарапынан 7 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.

Бюджеттік инвестициялардан бөлек, Степногорск ЖЭО өз қаражаты есебінен қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізіп, станция жабдықтарын жаңартып жатыр.

Марат Ахметжанов энергетика саласына кадр даярлаудың маңыздылығына жеке тоқталды. Осы мақсатта облыс әкімінің 10 гранты Алматы энергетика институты мен Еуразия институтында білім алатын студенттерге бөлінеді.

– Жас мамандарды даярлау – бұл стратегиялық қадам. Біз болашақта жылу энергетикасының тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін кадрлық резервті алдын ала дайындауымыз керек, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, әкім әкімдік, ЖЭО және тұрғын үй қорын басқару органдарының бірлесіп, ішкі үй жүйелерін қысыммен тексеру және жуып-шаю жұмыстарын ұйымдастыру қажеттігін атап өтті. Қала әкімдігіне жөндеу науқанын ерекше бақылауға алуды тапсырды және ТҮКШ мен жол инфрақұрылымы бөлімінің қызметін екі жеке бөлімге бөлуді ұсынды.

Жаңа мектептер мен спорт кешендері салынады

Ақмола облысында сапалы білім беруге және спортты дамытуға жағдай жасау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Соңғы бір жылда өңірде балалар мен жастарды қолдауға бағытталған әлеуметтік нысандардың саны артып келеді. Соның жарқын мысалы – Степногорск қаласында салынатын заманауи мектептер мен спорт кешендері. Облыс әкімі Марат Ахметжанов бірқатар құрылыс алаңдарын аралап, жұмыс барысымен танысты.

Өңірлік саясаттың басты басымдықтарының бірі – балаларды тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы біліммен қамтамасыз ету. Облыс әкімі атап өткеніндей, аудан мен ауыл мектептерінің оқушылары да елорда мен ірі қалалардағыдай заманауи стандарттарға сай білім алуы тиіс.

Осы мақсатта Степногорск қаласына қарасты Бестөбе кентінде 300 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Заманауи талаптарға сай бой көтерген білім ошағында оқу кабинеттері мен зертханалар, спорт залы, оқу-өндірістік шеберханалар, кітапхана, қажет жағдайда акт залы ретінде пайдаланылатын трансформер-сыныптар және 110 орындық асхана қарастырылған. Нысанды 1 қыркүйек – Білім күні пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сол күні оқушылар алғаш рет жаңа мектеп табалдырығын аттамақ. Сапар барысында Марат Ахметжанов Бестөбе кентінің әкіміне балаларды олимпиадалар мен байқауларға тасымалдау үшін шағын автобус көлігін сыйға тартты.

Ақмола облысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысының міндетін атқарушы Азамат Байқуанышевтің айтуынша, мектеп құрылысы аяқталу сатысында тұр: қазір технологиялық жабдықтарды орнату, ішкі әрлеу және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Нысанның жалпы алаңы 6,6 мың шаршы метрден асады.

Бестөбеде екі ірі спорт жобасы да жүзеге асырылып жатыр. Оның бірі – жалпы ауданы 209 шаршы метр болатын ашық спорт кешені. 148 адамға шақталған нысанда футбол алаңы, жүгіру жолы және воркаут алаңы қарастырылған. «ГрадСтройСервис» ЖШС мердігер ұйымының мәліметінше, құрылыс биылғы жылдың 1 қазанына дейін толық аяқталады.

Ал екінші спорт нысанының құрылысы облыс әкімі тарапынан сынға ұшырады.

– Бұл нысанға бірнеше рет келдік, мердігермен кездесіп, мерзімді, жұмысты жеделдетудің маңыздылығын талқыладық. Алайда, әлі күнге дейін нақты нәтиже жоқ. Қысқа уақыт ішінде біз ауқымды жобаларды іске асырып жатырмыз, ал мұнда берілген уәделерге қарамастан, жұмыс ілгерілемей тұр. Қажет болса, біз көмек көрсетіп, қосымша мердігер тартуға, техника мен жұмыс күшін бөлуге әзірміз. Бірақ, олай болмаса, шартты бұзып, компанияны жосықсыз мердігерлер тізіміне енгізуге мәжбүр боламыз. Жобаға мүмкіндік беріледі, бірақ орындалуы қатаң бақылауда болады, – деді Марат Ахметжанов.

Әкім салаға жауапты басқарма басшыларына бұл мәселені ерекше бақылауда ұстап, құрылыс белгіленген бюджеттен және бекітілген мерзімнен ауытқымауы керектігін тапсырды.

Құрылыстардың алғашқылары басталып та кетті

Степногорк қаласында жаңа көпфункционалды дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы ресми түрде басталды. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Спорт нысаны қала құраушы кәсіпорын – «АК Алтыналмас» акционерлік қоғамының әлеуметтік жауапкершілігі негізінде салынып жатыр.

Болашақ спорт сарайының капсуласын салу рәсімінде Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жобаның қала дамуы үшін маңыздылығын атап өтті.

– Бүгін біз өңірде бұқаралық және балалар спортын дамыту бағытында тағы бір маңызды қадам жасап отырмыз. Бұл – жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылып жатқан ірі жоба. Бизнес пен мемлекет халықтың өмір сапасын жақсарту жолында өзара күш біріктіріп, нақты нәтиже көрсете алатынының айқын үлгісі, – деді аймақ басшысы.

Өз сөзінде «АК Алтыналмас» АҚ басқарма төрағасы Баламир Маханов компания тарапынан әлеуметтік жауапкершілік аясында 1 000 орындық заманауи мектеп салу жоспарда бар екенін тілге тиек етті.

Жаңа спорт орталығының жалпы аумағы шамамен 6 мың шаршы метрді құрайды, құрылыс көлемі – 49 мың текше метрге жуық. Кешен төрт негізгі блоктан тұрады. 40 заманауи жаттығу құралымен жабдықталған тренажер залы, 30 адамға арналған, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да қолайлы бассейн, 320 көрерменге арналған әмбебап спорт залы, көркем гимнастика мен бокс залдары болады. Екінші қабатта үстел теннисі және күрес залы, сондай-ақ, әкімшілік бөлмелер орналасады. Құрылыс 2026 жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Ғимарат айналасы абаттандырылып, автотұрақтар, жасыл аймақтар және ашық спорт алаңдары салынады. Бұл кешен қала тұрғындарына қолжетімді болып, салауатты өмір салтын ұстанатын жандардың сүйікті орнына айналмақ.

– Біз, бас мердігер ретінде, жобаны сапалы әрі уақытында аяқтауға толық жауаптымыз. 2026 жылдың соңында Степногорк тұрғындары заманауи, халықаралық талаптарға сай спорт орталығын пайдаланады, – деді «TANSU Construction» компаниясының директоры Асель Самайева.

Жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені тек спортпен шұғылданатын орын ғана емес, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстар өтетін алаңға айналады. Бұл Ақмола облысының еліміздегі алдыңғы қатарлы спорт өңірі ретіндегі мәртебесін арттырып, аймақтың спорт саңлақтары тәрбиеленген орда екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Солардың қатарында – тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Олимпиада чемпионы Владимир Смирнов, Владимир Сахнов, Николай Чеботько және Ирина Некрасова бар.

Айта кету керек, өңірде жыл сайын спорттық инфрақұрылым жүйелі түрде кеңейіп келеді. Өткен жылы 17 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілсе, биыл тағы 10 спорт кешенінің құрылысы жалғасуда.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар