Файл: ел патриоты
Тәуелсіздік тұғыры
Біз бабалар аманатына әрдайым адал боламыз. Шетелдіктерге қазақтың бір қарыс жерін де, бір уыс топырағын да бермейміз. Оны көздің қарашығындай сақтаймыз.
(Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың
Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінен, 16 маусым 2022 жыл).
Қазақ жері дүние жүзі картасында жер көлемі жағынан тоғызыншы орында тұр. Кезінде батырларымыздың күшімен, ақ найзаның ұшымен осындай жерді қорғап қалдық. Одан кейін Кеңес үкіметі құрылған кезде жаңа үкіметке шекарамызды сақтап қалу үшін дәлел қажет болды. Алашорда осы мәселені қорғауға Әлімхан Ермековты өкіл eтіп жіберген. Әлекең төрт-бес сағат В.И.Ленинге шеткі аймақтардың, әсіресе, батыс жағының қазақ жері екендігін дәлелдеп беріп, тиісті құжатқа қол қойғызған.
Сөздің реті келгенде айта кетейін, әлі де болса, Ермековтың есімі Алашорда қатарында өз дәрежесінде тұрмай тұрғандай. Мен ол кісіні айдаудан оралған соң Қарағандының политехникалық институтында сабақ беріп жүрген кезінде көрдім. Сырттай өте қарапайым кісі, меніңше, институтқа сол кісінің есімі берілгені дұрыс болатын еді. Естуімше, қайтыс болғанда да елеусіз қоя салыпты. Ол кездегі көзқарас басқашада болды ғой, соны қазір түзетуге болатын сияқты.
Тарихты кім жасайды, меніңше, елден шыққан Алашордалықтар сияқты халқын, елін сүйетін азаматтар жасайды. Соларды зерттеп, дәлелдеп, үлкен тарихқа енгізу тарихшылардың міндеті ғой деп есептеймін. Бауыржан Момышұлының мынадай сөзі бар: «…шындық шығады, бірақ, кешігіп шығады». Шындығында, кезінде баға бере алмаймыз. Ұзақ уақыт өткеннен кейін айтылып, жазылса, ол дәл шындық болмаса да, шындыққа таяу болады.
Мысалы, қазір Кеңес дәуіріндегі шынайы тарихты жазу керек. Оған сакталған мұрағаттарды табуға болады. Соңғы жылдары Ж.Шаяхметов, Н.Оңдасынов тағы басқалары туралы материалдар газет беттерінде жазылып жатыр. Сол мақалаларды оқи отырып, біздің ұрпақ Жұмабай Шаяхметовтың елге, ұлтқа қандай еңбек сіңіргенін біліп жатырмыз. Соғыстың ауыр кезеңінде елді басқару оңай шаруа емес. Оған қоса, Сталин сияқты қатаң мемлекет басшысына жағып, Ұлттар Кеңесінің төрағасы болу әркімнің қолынан келмейді. Сондай жағдайда жүріп, ұлтының жағдайын ұмытқан жоқ. Осы кісімен қатарлас еңбек еткен Нұртас Оңдасыновты халық қалай ұмытады?! Елімізде екінші басшы бола тұрып, Қазақстанның дамуына, өркендеуіне зор үлес қосқан, Қазақстан халқы үшін аянбай еңбек еткен.
Ұлттық құрылтайда Президенттің «…Біз бабаларымыз аманатына әрдайым адал боламыз. Шетелдіктерге қазақтың бір карыс жерін де, бір уыс топырағын да бермейміз. Оны көздің қарашығындай сақтаймыз» деп қадап айтқаны есімізде.
Біз тарихшы емеспіз, мұндайды білсек, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы білеміз. Зиялы қауым туралы жазғандар да төбеден алған жоқ шығар, соған сенеміз. Кеңес дәуірінің орта шенінде Хрущев барлық жүйені өзгертпекші болып, неше түрлі реформалар жасап, халықты дүрліктірген жоқ па, бірақ, олардың бәрі өміршең болмай, қайта бұрынғы қалпына келді ғой.
Соның ішінде қазақ жерін бөлшектегісі келді. Оңтүстікті бір көршімізге, оңтүстік-батысты екінші көршімізге, солтүстіктегі бес облысты солтүстіктегі көршімізге беріп, қазақ жерін талан-таражыға салғысы келді. Ол арам ойының біреуі ғана іске асып, қазақтарымыздың біразы оңтүстіктегі көрші мемлекетте тұруға мәжбүр болды. Қазақтың ең астықты өлкелері Қостанай, Ақмола, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары бір адамның батылдығының арқасында аман қалды. Сол кездегі бірінші хатшы Дінмұхамед Қонаевты Хрущев әртүрлі тәсілдермен келісуіне мәжбүрлеген. Бұл ақпарат құралдарында да жарық көрді.
Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, Дінмұхамед Ахметұлы Кремль басшысынан Қазақстан Министрлер Кеңесінің төрағасы Ж.Тәшеновтың келісімін алуды сұраған. Сол өтінішті орындау үшін екі басшы да Орталыққа шақырылған. Мәселені, Жұмабек Ахметұлының алдына қойғанда, ол кісі «…бұл мәселені шешпек түгілі, күн тәртібіне қоюға қарсымын…» – депті деп жазады.
Осы сөзді айтардан бұрын Жұмабек ағамыз келешегіне зиян келетінін сезді, бірақ, халықтың мүддесі өзінен жоғары болу керек екендігін түсінді. Сол заманда Мәскеудің тапсырмасын мүлтіксіз орындағандар қазақ халқының зиялылары емес, соны орындай жүріп, өз халқының жерін, мүддесін сақтауға тырысқандар ғана ұлтына шын жаны ашитындар қатарына жатқызылып, ұлықтауға лайық азаматтар деп есептеймін. Еліміздің зиялы азаматтары Ғабит Мүсірепов «менің жүрегімнің төрінде Жұмабек Тәшенов» десе, Бауыржан Момышұлы «Бейбіт күннің батыры» – деп баға берген, ал, Сағадат Нұрмағанбетов «Қамқор аға еді» – деген, кезінде Орталық Комитеттің бірінші хатшысы болған Исмаил Юсупов «Қазақ халқы біреуге қарыздар болса, бірінші Тәшеновке» деген екен. Осылай Жұмабек Ахметұлының елінің, халқының патриот азаматы болғандығын тізбектей беруге болады. Биыл ол кісінің туғанына 110 жыл толды, сонда да жоғарғы жақ әлі бір нақты бағасын бере қойған жоқ.
Жалпы, тарихшылар Кеңестік дәуірде, ұлттық шовинизм өршіп тұрған уақытта халқының қамын ойлап, сол үшін қызметімен қоштасқандарды немесе басқа да қысым көргендерді анықтап, егеменді еліміздің тарихында өз орындарын беруі керек екендігін анықтайтын уақыт жеткен сияқты. Жоғарыда мен атап өткен Ж.Шаяхметов, Н.Оңдасынов, Ж.Тәшенов, тағы басқалары осы қатарға жатады ғой деп ойлаймын. Мұндай азаматтарды білім саласының оқулықтарына кіргізген жөн болар еді. Келесі жас ұрпақ олар Алаш қайраткерлерінің армандары үшін күрескен тұлғалар екенін түсінер еді. Бұл әрі елін, халқын сүйетін патриоттарды тәрбиелеудің негізі болар еді. Зиялы қауым өкілдері айтпақшы, өткенді білмей алға жылжу жоқ екендігін өмір көрсетіп жүр.
Ел Президенті Қ.К.Тоқаев Түркістан қаласында өткен Құрылтайда «Ономастика саласы тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы», – деген болатын. Менің көтеріп отырған мәселем осыған сай келетін сияқты. Одан кейін «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында «Менің мақсатым экономика мен егемендікті нығайту» десе, оны жүзеге асыруға ат салысу – әрбір қазақстандықтардың парызы. Əсіресе, дамыған елдердің қатарына қосылу үшін халқымыздың патриоттық сезімі жоғары болуы қажет. Ондай сезімді елі мен жері үшін күрескен ата-ағаларының жолын, тарихын білу арқылы бойға сіңіруге болады деп ойлаймын. Ал, оған оқулықтар, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қол жеткізе аламыз.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
қарт зейнеткер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Астана.
![]()

