Отандық өндіріс
Көкшетау сүт зауытының абыройлы атауы тіл ұшына іліккенде, алдымен бал татитын балмұздағы жадыңа оралар еді. Балмұздағы ғана емес, дәмі тіл үйіретін сүті мен қаймағы, ірімшігі мен қоспасы және бұл күнде көзден бұл-бұл ұшқан кәдімгі құрты да.
Өнімінің бәрі табиғи. Сұранысқа ие болуы да сондықтан. 2023 жылы компания Алматы қаласында өткен «Ұлттық өнім» отандық тауар өндірушілер көрмесінде балмұздақ пен құрт аталымдары бойынша өзгелерден оқ бойы озып шықты. Оны айтасыз Қытайда өткен China EXPO көрмесінде балмұздақтың сапасы мен дәмін Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық округі Қытай коммунистік партиясы ұйымының хатшысы Ма Синжуй де атап өтсе керек. Тәнті болғаны соншалық, Қытайдың ең дәмді балмұздағынан да артық екен деп мойындаса керек қой. Әлгі лепесті естіген қарақұрым халық Көкшетаудан жеткізілген балмұздақтың кезегіне сап түзеп тұра қалды дейді. Абыройдың асқақтағаны да осы жер. Әрине, оның бәрі сапаның арқасында.
– Ешбір құпиясы жоқ, – дейді қалалық сүт зауыты даму бөлімінің жетекшісі Бақшагүл Нұрмолдина, – ұзақ жылғы тәжірибеден толық өткізілген, тиімділігіне әбден көз жеткен технология бойынша өндіріп келеміз. Ең басты зауыттың шығаратын өнімдері мейлінше сапалы болуы керек. Сонда ғана тұтынушының назары ауады. Тіпті басы артық жарнаманың да қажеті шамалы. Зауыт өнімдерін бір рет тұтынып, адал астан ауыз тиіп көрген адамдардың өзі-ақ бір-біріне айтып жеткізеді емес пе? Өз өлкемізде біздің қаншалықты сапалы өнім шығаратынымыз әлмисақтан белгілі. Ендігі мақсат алыс-жақын шет елдердегі кірпияз көңіл тұтынушының көңілін аудару. Бұл бір жағынан нарық айдыны болса, екінші жағынан еліміздің атын шығаратын әрекет.
Сөз арасында сүт зауыты Қытайға өнім шығаратын кәсіпорындар қатарында екендігін айта кетсек артық болмас. 2024 жылы зауыттың балмұздағы мен сары майы мемлекеттік тізімге енгізілген. Бұл да сенім мен жауапкершілік. Бөлім жетекшісінің ұзақ жылғы тәжірибе мен сан түрлі сынақтан өткен әдіс тәсіл деген жалғыз ауыз сөздің астарындағы ойды тірілтетін болсақ, кәсіпорынның алпыс жылдық тарихы бар екендігін сыналай айта кеткеніміз жөн болмақ. 1965 жылы Көкшетау қаласында сүт өңдейтін шағын ғана зауыт ашылыпты. 1993 жылы «Сүт» акционерлік қоғамы болып құрылған. Міне, осы кезден бастап өрлеу кезеңі жолға қойылған. Өнім түрлерін көбейтіп, байыта бастаған. 1999 жылы «Көкшетау сүт зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып қайта құрылған.
Зауыттың қайта жаңғыруы 2019 жылдан басталды дедік қой. Міне, сол кезде тәулігіне 50 тонна сүт өңдеуге қуаты қаптал жететін жаңа цех іске қосылған. Балмұздақты әдемілеп қаптау қолға алыныпты. Мұздатқыш камералар жаңғыртылып, кәсіпорынның сүт өңдеу үшін тоқтаусыз жұмыс істеуіне қажетті құрылғы газбен жұмыс істейтін болған. Кейінгі үш жыл ішінде газ қоймасын салып, жаңа су құбырын пайдалануға берген. Автопаркті де жаңғыртып, зауыт өнімін сапалы күйінде тұтынушыға жеткізуге мән берген. Бүгінде зауыт өңірдегі ірі кәсіпорынның санатында. Жыл сайын қала бюджетіне 95 миллион теңге төңірегінде салық төлейді. Компанияның құрамына Көкшетаудағы сүт зауыты мен Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Айыртау ауданындағы филиалы енеді. Сүт жинайтын дайындау кеңселері жұмыс істейді. Дайын өнімді сату да біршама жолға қойылған. Қазір зауытта бес цех ырғақты жұмыс істеп тұр. Бес цехта елу түрлі сүт өнімдері өндіріледі. Оның ішінде йогурт, сүт, май, қаймақ, айран, түрік айраны, балмұздақтың бірнеше түрлері және ұлттық тағам құрт пен қоспа дайындалады.
Кәсіпорын басшыларының айтуларына қарағанда, зауытты сүт өнімдерімен қамтудағы кінәрат – шикізат тапшылығы. Жазғы маусымда күніне жүз тоннаға жуық сүт өңдейтін болса, қыста бұл көлем азаяды. Тығырықтан шығар жол іздеген кәсіпорын басшылары Зеренді ауданына қарасты Приречен селосында 250 бас сауын сиырға лайықталған тауарлы сүт фермасын ұстап отыр. Көкшетаудан 300 шақырым төңіректегі елдің қолындағы түліктің сүтін сатып алуды ұйымдастыруда. Әрине, әр жерден жиналған сүт болғандықтан сапасына мейлінше көңіл аудару керек. Онсыз өтімді өнімді шығара алмас еді. Айтпақшы осы арада төрт түліктің сүмесімен күн көріп отырған ауылдағы малсақ ағайын үшін бұл істің тиімділігін де айта кеткен ләзім. Қысы ұзақ солтүстік өңірде сүтін бұлдап сата алмаса, қара мал ұстау тиімсіз. Зауыт ауылдың ахуалын жақсартуға да біршама септігін тигізіп отырғандығы бар. Сүт сапасын тексеру үшін өздерінің зертханасын іске қосқан. Бұл жерде күн сайын шикізаттың және дайын өнімнің сапасы тексеріледі. Зауыт зертханасына Азамат Мырзалин жетекшілік етеді. Шикізатта да, дайын өнімде де қылаудай ауытқу болмауы керек. Осы кірпік қақпай күзететін сапа мәселесін оң жолға қою зауыттың бар шаруасының нәтижелі болуына ықпал етіп тұр.
Өнімді өндіру бар да, тұтынушыға жеткізу бар. Қазіргі күні компания 40 автокөлікті пайдалануда. Оның 18-іне мұздатқыш пен тоңазытқыш орнатылған. Қалған техника шикізат пен дайын өнімдерді тасиды. Бір жақсысы, зауытта қол еңбегі барынша азайтылған. Жұмыс ырғағы жаңа заманғы қондырғылармен қамтамасыз етіліп, барынша автоматтандырылған. Мәселен, ұлттық өнім өндіретін цехта 17 жұмысшы еңбек етеді. Олар сықпа құртты қолмен дайындайды. Кәсіпорын басшыларының айтуынша, алдағы уақытта сықпа құрт дайындауға қажетті құрылғы сатып алынбақ. Сол кезде ұлттық өнімнің көлемі де молаяды деп күтілуде.
Зауыт өз өнімдерін облыс орталығымен қоса ірі елді мекендердің басым көпшілігіне жеткізіледі. Астана қаласында 10 сауда орны бар. Өнім өткізу географиясы да кеңейіп келеді. Көкшетаулықтар дайындаған дәмді Ақтау, Алматы, Атырау, Жезқазған, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Семей, Тараз, Түркістан, Екібастұз қалаларының тұрғындары да татуда.
Зауытта бүгінгі күні 300-ге жуық адам жұмыс істейді. Ел тірлігіне араласып, қайырымдылық көрсету де әлмисақтан дәстүрге айналған. «Арлан» хоккей клубына өз өнімдерін жеткізіп береді. Компания басшылары өтініш айтып келген мұқтаж жандардың меселін жыққан емес. Балаларды қорғау күні 1700 келі балмұздақ таратып, ұлттық рекорд орнатқан. Бұл игілікті іс Қазақстанның рекордтар кітабына еніпті.
Қайырымдылық шарасы ғана емес, өзге бар шаруасы толайым отандық өндірістің көшбасшыларының қатарында жүрсе, шынымен ғанибет емес пе?!
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
![]()

