Әңгіме өзегі – Ақмола аймағы мен Көкшетау қаласын дамыту мәселелері

Баспасөз мәслихаты

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өткен сәрсенбі күні бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізіп, аймақтың жыл басынан бергі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен ой бөлісті және журналистер тарапынан  қойылған сауалдарға жауап берді.

Алдыңғы орындарда

Облыс әкімі биылғы жылды аймақтың ауыл шаруашылығы саласының дамуында тарихи жыл деп атады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өсімі таяу арада біздің аймақ еліміздің аграрлық секторында көшбасшылық орынға ие болатындығына сенім ұялатады. Бұған мемлекеттің фермерлерді кең көлемде қолдап отырғандығы да игі ықпалын тигізуде.

–Біздің облыс жалғыз Астананың ғана емес, сонымен бірге, бүкіл еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр деп сенімді түрде айта аламын. Біз Қазақстан астығының төрттен бір бөлігінен астамын, құс етінің 30, тауық жұмыртқасының 16 пайызын өндіреміз. Жыл басынан бері аграрлық секторда өндірілген жалпы өнім көлемі 149 миллиардтан 161 миллиард теңгеге дейін өсті. Сондай-ақ, ірі қара, жылқы, қой мен ешкінің саны да едәуір артты, ет пен сүт өндіруде де айтарлықтай ілгерілеушілік бар, – деді Марат Ахметжанов.

Сонымен  бірге, аймақ басшысы мал шаруашылығын дамытуға баса назар аудару қажеттігін де атап өтті. Егер облыс егіншілері республика астығының төрттен бірін өндірсе, аймақтың мал шаруашылығындағы үлесі 10 пайыз ғана. Өнім көлемін ұлғайтуға мемлекеттік қолдаудың жаңа бағдарламасы көмектеседі. Бұл бағытта жұмыс бұрын да жүргізіліп келді. Соңғы уақытта 5,4 мың ірі қараға арналған бес ірі тауарлы-сүт фермасы ашылды. Биыл жыл аяғына дейін Атбасар және Зеренді аудандарында 1,2 мың сиырға арналған тағы екі ферманың құрылысы аяқталады. Осының бәрі толық қуатында іске қосылғанда тауарлы сүт өндіру 40 мың тоннаға, яғни, бір жарым есеге ұлғаяды.

Мемлекеттен қолдау бар болғанда

Биылғы егіннің беталысы туралы айта келіп, Марат Ахметжанов ең бастысы, былтырғы жағдайдың қайталанбауына назар аударды. Өткен жылы астыққа баға түсіп кетіп, көптеген аграршылар өз еңбектерінің жемісін дұрыс көре алмағаны белгілі.

–Мемлекеттік бағдарламалар бойынша жеңілдетілген несие қаржылары бар. Несиелерді жабу мерзімі – 2026 жылдың наурызы. Ол астықты күзде сатпай, жақсы бағаны тосуға жағдай туғызады. Өткен жылдың желтоқсанынан бері облыстың 900-ден астам шаруашылығы 117 миллиард теңгенің қаржыландыруына ие болды. Бұл мемлекет бүкіл елімізге бөліп отырған қаржының үштен бірі. Қазір біз егін орағына дайындала бастадық. Өткен жылдың қалған астығы элеваторлардағы орынды босату үшін еліміздің оңтүстік аймақтарына шығарылып жатыр.

Облысымызда ауқымы үлкен жаңа жобаларға үміт артылуда. Ауыл шаруашылығында дайын өнімнен шикізат басым болып келді. Ендігі мақсат терең өңдеуге көшу болып табылады, – деді облыс әкімі.

Бұл мәселеде Аршалы ауданының «Aqmola» индустриалдық аймағында қытайлық инвесторлар сала бастаған астықты тереңдетіп өңдеу жөніндегі зауыт көмектеспек. Бұл кәсіпорында облыс тұрғындары үшін бір мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Классыз астықтан натрий глутаматын, крахмал, минералды тыңайытқыштар шығаратын болады. Компания басшылығымен қызметкерлердің еңбек ақысы бір мың доллардан кем болмауы жөнінде келісім бар.

Бір саланы дамыту келесілерінің дамуына серпін беретіндігі белгілі. Бұған аймақта өнеркәсіп өнімдері көлемінің айтарлықтай өскені дәлел. Облыс әкімінің мәліметі бойынша облысымызда жүк көліктерін шығару 43 пайызға, мамандандырылған көліктер шығару екі есеге өскен. Сондай-ақ, комбайндар өндірісі екі есеге, тракторлар бір жарым есеге өсіп отыр. Мұнда фермерлер техникаларын жаңартып жатқан мемлекеттік лизинг бағдарламасының да игі ықпалы бар. Ескілерін жаңаларына ауыстыру қарқыны жоспардағы 4 пайыздың орнына 10 пайызға жетіп отыр. Ал, бұл егістік алқаптарында алпысыншы жылдары шығарылған тракторларды енді кездестіре алмайсыз деген сөз. Тыңайтқыштарға мемлекеттік субсидиялар да өндірістің дамуында аз рөл атқармауда. Аймақта пестицидтерді шығару көлемі 41 пайызға өскен.

Инвестициялар – өркендеу жолы

Басқа салаларда да айтарлықтай өсім бар. Құрылыс индустриясында аймақ еліміз бойынша жиырмасыншы орыннан көш басына шықты. Алайда, басты көрсеткіш, әрине, инвестициялар. Облыс экономикасына салынған нақ осы инвестициялар ұзақ уақытқа жұмыс орындары мен адамдардың өмір сүру сапасының жақсаруын қамтамасыз етуде. Соңғы бір жарым жылда экономикаға тартылған 300 миллиард теңге инвестицияның 70 пайызы бюджеттен құйылған емес, жекеменшік инвестициялар.

Астана мен Көкшетаудың іргесіндегі жаңа өндірістер шоғырланатын екі индустриалдық аймақ инвесторларды тартуға одан әрі де көмектесетін болады. Көкшетауда майлы дақылдарды өңдейтін зауыт құрылысы туралы нақты келісім бар. Ал, тұтастай алғанда, осы индустриалдық аймақтарда кем дегенде бес ірі кәсіпорын ашу жоспарланып отыр. Аймақта тұрғын үй құрылысы да жоғары қарқынмен жүргізілуде. Жарты жылда 2,5 мыңнан астам отбасы өздерінің тұрмыстық жағдайларын жақсартты. Бұған өткен жылы іске қосылған реновация бағдарламасы да жағдай жасады. Щучинск қаласындағы ескі ағаш үйдің орнына салынған жаңа үйдің құрылысы қазірдің өзінде аяқталды. Ал, Көкшетау қаласында осы айда Уәлиханов көшесіндегі сырылған екі қабатты үйдің тұрғындары жаңа пәтерлерге ие болады. Бұл үйлерге барлығы 230 отбасы қоныстанады.

Марат Ахметжанов айтқанындай, биыл Тәшенов көшесінде тағы төрт үйді немесе 52 пәтерді сыру жоспарлануда. Олардың орнына 216 пәтер мен коммерциялық орындардан тұратын үш тұрғын үй кешені салынатын болады. Облыс орталығының басқа аудандарында да реновация жүргізу көзделуде. Осы бағдарлама бойынша кем дегенде бір мың пәтер салынады. Өзін жақсы жағынан көрсеткен бұл перспективалы бағдарламаны облыстың басқа өңірлері де іліп әкетті. Аршалы, Бұланды және Бурабай аудандарында да осылай істелмекші. Тұтастай алғанда, соңғы екі жылда пәтермен қамтамасыз етілген отбасылар санына келсек, ол соңғы жеті жылдағы қоныс тойлаушылар санынан асып кетеді.

Марат Ахметжанов, сондай-ақ, облыста мектептерді кешенді түрде жаңарту және жабдықтауды қарастырған үш жылдық реновация жоспары жасалып, бекітілгенін атап өтті. Бұл бағдарлама 2027 жылға дейін 90 оқу орнын қамтиды. Тек биыл ғана 20 мектепті реновациялауға облыстық бюджеттен 9 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.

Атқарылып жатқан істердің өзекті тұстары

Баспасөз мәслихатында журналистер аймақ үшін маңызды бірқатар проблемаларды көтерді. Марат Ахметжанов Атбасар ауданындағы сібір жарасының ошағы туралы айта келе, бүгінгі таңда аурудың ошағы жойылғанын, бір ғана аудан тұрғыны ем алып жатқанын атап өтті. Болған жағдайдан кейін облыстық ветеринария басқармасының басшысына өз қызметіне толық сәйкес келмеуі жөнінде шара қолданылды. Мұнымен бірге, келешекте осындай жағдайлардың алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Облысқа осы мәселеде зерттеу жүргізіп, көмек көрсететін ғылыми топ шақырылып отыр.

Кездесу барысында сақалды құрылыстар туралы да мәселе көтерілді. Облыс әкімі олардың көбі жақын арада іске қосылатынын айтты. Біртіндеп Қосшыдағы проблемалық тұрғын үйлердің үлескерлеріне қатысты мәселе де шешілуде. Осы жақында ғана олардың бірі пайдалануға беріліп, үлескерлер көптен күткен пәтерлерін алды. 2021 жылғы салынуға тиіс болған төрт ауылдық мектептің құрылысы да аяқталып келеді.

Мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң да Марат Ахметжановтың пікірінше, жағдайды жақсартуға септігін тигізуде. Конкурстарды өткізу мерзімі қысқарды және олардың қорытындылары енді шағымдануға жатпайды. Бұл жұмысты тездетіп қана қоймайды, сонымен бірге, жергілікті кәсіпкерлердің жұмыс істеуіне, ақмолалықтар үшін жұмыс  орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Егер 2022 жылы барлық келісім-шарттардың 18,5 пайызы ғана жергілікті мердігерлермен жасалса, биыл бұл көрсеткіш 87 пайызға өскен. Жергілікті бизнестің арқасында бюджеттің кіріс бөлігі де артып отыр. Жарты жылда облыс қоржынына өткен жылға қарағанда 80 миллиард теңге артық түскен.

–Маған кім салса да, айырмашылығы жоқ. Мен үшін керегі нәтиже. Егер бұрын белгілі бір проблемаға кезіккенде мердігерлік ұйымдардың басшыларын тіпті, таба алмасақ, қазір ондай мәселе жоқ, ол жағы күн тәртібінен түскен, – деді Марат Ахметжанов.

Кездесуде бұдан басқа да көптеген маңызды мәселелер көтерілді. Зеренді ауданында электр қуатын берудегі іркілістер туралы айтылды. Бұл мәселеде әкімдік осы электр желілеріне ие болып отырған жекеменшік нысан иесімен тиісті жұмыстар жүргізуде. Көкшетау қаласында жеке тұрғын үй құрылысына жер беру мәселесі де жылу және электр қуатының тапшылығынан әзірше шешілмей тұр. Сол сияқты, Көкшетаудағы балалар көркемсурет мектебінің ғимараты да сөз болмай қойған жоқ. Оны қала тұрғындарының қатысуымен өтетін қоғамдық тыңдаулар шешеді.

Баспасөз мәслихатынан белгілі болғанындай, барлық проблемалар мен олардың шешу жолдарын облыс әкімі өз бақылауында ұстап келеді.

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА,
Владислава КОКОРИНА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар