Сапарларға шақырған темір жол

3 тамыз — темір жол көлігі қызметкерлері күні

Қазіргі дамыған заманда өз міндеттемелерін сапалы және уақытылы орындау үшін «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы да ізденіспен жұмыс істеп келеді. Ақмола облысында бұл ұлттық компанияның бірнеше бөлімшелері мен дистанциялары жұмыс істейді. Бүгінгі мақалада солардың бірнешеуіне тоқталып өтуді жөн санап отырмыз. Темір жол көлігі біздің еліміз үшін ерекше стратегиялық маңызға ие. Соның ішінде жүк тасымалы бөлімшелерінің алар орны зор. Ол бірыңғай экономикалық жүйенің байланыстырушы буыны болып табылады және өнеркәсіптік кәсіпорындардың тұрақты қызметін, өмірлік маңызды жүктерді елдің ең шалғай аймақтарына уақытылы жеткізуді қамтамасыз етеді, сондай-ақ, пойыздар көліктің ең қолжетімді түрі болып табылады.

 Үш облысты қамтитын бөлімше

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының Ақмола магистральдық желі бөлімшесі Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай секілді үш облыстың аумағында орналасқан және Көкшетау – Петропавл, Көкшетау – Зерновая, Көкшетау – Қызылту, Көкшетау – Астана, Астана – Есіл, Астана – Анар бағыттарында темір жолдарға, сигнал беру және байланыс, электрмен жабдықтау құрылғыларына қызмет көрсетеді. Ақмола ҚТЖ-1 шекарасына 65 темір жол станциясы кіреді.

Бастапқыда бөлімшенің меншікті шаруашылығының құрамына үш қалпына келтіру және бес өрт сөндіру пойыздары кіріп, Жаңаесіл, Көкшетау, Бурабай курорты, Астана, Атбасар секілді бес жол дистанциясы мен бес сигнал беру және байланыс қашықтығы жедел басқарушылығында болған еді.

Бүгінгі таңда бөлімше жетекшілік ететін кәсіпорындардың құрамы едәуір кеңейіп, жалпы саны 7023 штаттық бірліктен тұратын 29 құрылымдық бөлімшені қамтиды. Бұл бөлімше кадрлардың ұстаханасы іспетті. Олай дейтініміз, компанияның қазіргі басшылық құрамының бірқатары осы магистральдық желі бөлімшесінің қазанында қайнап, шыңдалған. Мәселен, әр кезеңде бөлімшелердің басшылық құрамында болған Жанат Қашқымбаев, Айдос Майқыбеков, Ерлан Қизатов, Артур Қизатов, Жәнібек Тайжанов, Анатолий Әбдірахманов, Сәбит Рамазанов және тағы басқалары осында еңбек жолын бастап, қызметтік өсу жолдарынан өткен. Бүгінде бөлімше тізгінін тәжірибелі темір жолшы Артур Қизатов есімді басшы басқарып отыр.

Әрине, басқа 13 бөлімше сияқты Ақмола ҚТЖ-1 қызметінің негізгі міндеті темір жолдар мен құрылыстарды, автоматика, телемеханика және байланыс құрылғыларын, электрмен жабдықтауды, қалпына келтіру және өрт сөндіру пойыздарын техникалық жарамды күйде ұстау арқылы магистральдық темір жол желісінің қызметтерін көрсету болып табылады. Сондай-ақ, бөлімше халық шаруашылығы жүктерін және жолаушыларды тасымалдауды қамтамасыз етеді.

Жаңа жолдар мен «Нұрлы Жол» вокзал кешенін салу, жолдарды күрделі жөндеуден өткізу мен жаңартуда, электр орталықтандыру жүйелеріне жаңа жабдықтарды енгізу, электрмен жабдықтау сияқты жұмыстардың артында болат магистральды қажырлы еңбеккерлері тұрғаны белгілі.

Астана қаласындағы шоғырлану орталығы пойыздар қозғалысын басқарудың Солтүстік өңірлік орталығын құру арқылы тасымалдау үдерісін басқаруды ұйымдастыру жүйесінде елеулі өзгерістер жүргізді. Бұл орталыққа Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Қостанай бөлімшелерінің пойыздық диспетчерлерінің диспетчерлік аппараттары кірді.

 

Келесі жылы бір ғасыр толады

Ғасырға жуық бай тарихы бар Көкшетау жол дистанциясының қалыптасуы сонау 1926 жылдан бастау алады. Ол Кеңес өкіметі орнағанға, яғни, 1917 жылға дейін жоспарланған Петропавл-Көкшетау темір жол құрылысы аяқталған соң, іске қосылған. Бұл темір жол арқылы кезінде Солтүстік Қазақстан өңірінен аштық жайлаған Поволжье өңірі мен орталық Ресейге астық жеткізілді. Петрокок деп аталған жол құрылысы 1920 жылы аяқталып, алғашқы пойыз Көкшетауға 1922 жылы келген көрінеді. Жол құрылысы екі жылда аяқталып, осы жол Бурабай курорты станциясына  дейін тартылып, 1925 жылғы 14 қазанда толығымен іске қосылыпты. Ал, 1926 жылғы 25 мамырдан бастап, Бурабай курортынан Ақмолаға дейінгі аралыққа шойын жол тартыла бастаған.

Сөйтіп, Көкшетау жол дистанциясы 1926 жылы құрылып, Омбы теміржолына қараған, оған №16 реттік саны берілген. Ол Көкшетау – Тайынша, Көкшетау – Бурабай курорты аралығына қызмет көрсеткен. Жол дистанциясының қызметі осы аралықтағы жолдардан пойыздарды ешбір қауіпсіз өткізіп, жол күтімін қадағалау болған. Дистанцияның алғашқы жұмысшылары болған Григорий Тырков, Василий Пунько, Александр Уфимцев, Сәдуақас Әубәкіров, Қасымбек Ысқақовтардың есімдері жол дистанциясының тарихында алтын әріппен жазылған.

Ұлы Отан соғысы жылдарында темір жол әскери режимге ауысып, әскери эшелондар мен мобилизациялық тасымалдаумен айналысты. Жол дистанциясының 50-ден астам жұмыскері майданға аттанып, олардың орнын әйелдердің басуына тура келді. Ұлы Отан соғысынан аман-есен оралғандар әрі қарай жұмыстарын дистанцияда жалғастырған. Олардың да есімдері ел есінде. Бұл қатарда Сүлеймен Оразов, Леонард Рудницкий, Владимир Вершинин, Иван Богачев, Викентий Козорез, Евкен Мақатаев, Манаш Ескендіров, Мария Шевелева, Төлеген Мәдиев секілді құрметті темір жолшылар бар еді.

Соғыстан кейінгі қалпына келтіру кезінде темір жол төсеу жұмыстары қарқынды жүрді. Тың игеру кезеңінде темір жолдың қажеттілігі арта түсті.  Осы жылдары Көкшетау – Володарское тар темір жолы салынып, ол 1969 жылы кең жолға ауыстырылды. Сол тәрізді 1956 жылы ұзындығы 204 шақырымды құрайтын Көкшетау – Қызыл-Ту бағытындағы темір жол салынды.

1996 жылдың 1-шілдесінен бастап Тайынша жол дистанциясы Көкшетау жол дистанциясы құрамына енгізіліп, бұдан былай дистанция Көкшетау – Жаңа тұрмыс бағытына да қызмет көрсете бастады.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасының 2013 жылғы шешімімен Бурабай курорты жол дистанциясы жабылып, Көкшетау жол дистанциясы ірілендіріліп, активтері мен міндеттері 160 бірлік штатымен белгіленген шекара шеңберіндегі жол телімдері Көкшетау жол дистанциясына өтті.

Ал, 2017 жылдың 2 ақпанынан бастап, Көкшетау жол дистанциясы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының «Ақмола магистральдық желі бөлімшесі» филиалының құрамына енді.

Әр жылдары осы Көкшетау жол дистанциясында жұмыс істеп, үлкен жетістіктерге жеткен, темір жол саласының ең жоғары атағы «Құрметті теміржолшы» белгісімен марапатталған ардагерлер де баршылық. Олардың бірқатарын атап өтсек, Х.Давленов,  Е.Мақтаев, А.Жүсіпов,  Е.Сағатов, Ә.Қасенов, М.Балтаев, В.Янковский. Ә.Жуанышпаев, В.Горбатюк, А.Неғметжанов, Л.Шарипова, А.Ахметов, С.Доценко, Қ.Мұсина, В.Антипин, П.Незнахин, Қ.Зарапов, С.Хамзин, Ө.Қасенов, М.Тасымов секілді тағы да басқа айтулы темір жолшылар.

Көкшетау жол дистанциясының қалыптасуына өз үлесін әр жылдары қосқан бірінші басшыларды атап өткен жөн болар. 1926-1935 жылдар аралығында басқарған адамдарға байланысты мәлімет табылмаса да, 1935 жылдан бері қарай Кудрин, Цыганаш, Касацкий, Д.Соколовский, Стародынов,  Г.Бабаев, Х.Давленов, Б.Жүнісов, В.Вибе, А.Замараев, тәуелсіздік алғаннан бергі уақыттардағы Е.Әлжанов, Б.Бикенов, С.Қасымбеков, А.Шуманов,  Ж.Ережепов, Ж.Кашкимбаев секілді басшылардың есімдері дистанция тарихында мәңгі сақталып қалары сөзсіз. 2018 жылдан бастап оны Нұрлан Мұхатаев басқарып келеді.

Жол дистанциясының негізгі міндеттері – темір жолдың барлық элементтерінің (жер төсемі, үстіңгі қабат құрылғылары, жасанды құрылыстар) техникалық тұрғыда жарамды болуын, поездардың белгіленген жылдамдықпен қауіпсіз жүруін қамтамасыз ету, яғни жолдың ағымдағы күтімімен айналысу.

Көкшетау жол дистанциясы бүгінде «ҚТЖ» ҰК» акционерлік қоғамындағы ірі дистанциялардың бірі. Ол Петропавловск– Бурабай курорты, Жаңа Есіл – Көкшетау, Көкшетау – Қызыл-Ту  бағыттары бойынша тартылған жолдарға күтім жасайды. Қазіргі кезде Көкшетау – Васильковка теліміндегі жол күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр.

Көкшетау жол дистанциясында ұжым мүшелерінің әлеуметтік жағдайына жете көңіл бөлінеді. Дистанцияда жұмыс істемейтін 307 зейнеткер тіркелген. «ҚТЖ» ҰК» акционерлік қоғамы мен оның жұмыскерлері арасындағы ұжымдық келісімде көрсетілген әлеуметтік көмектер толық мәнді жұмыскерлерге де зейнеткерлерге де көрсетіліп отырады.

24 станция  — үлкен күш

Көкшетау сигнализация және байланыс дистанциясының тарихы Бурабай курорты дистанциясынан бастау алады. Ол 1930 жылы құрылып, ШЧ-5 деп аталған. Омбы темір жолының құрамына кірген және Ақкөл-Көкшетау-Петропавловск учаскесіне қызмет көрсеткен. Жол учаскесі 1940 жылдан 1958 жылға дейін Қарағанды темір жолының құрамына кірген.

Тәуелсіздік алған жылдары Көкшетау сигнализация және байланыс дистанцияның бастығы лауазымына Жаңабаев Тазабек Жаңабайұлы тағайындалады. Бұл уақытта байланыс құрылғыларын қайта жаңғырту жалғасып жатады. 1999 жылы Көкшетау Бас сигналиазация және байланыс дистанциясы (ГШЧ-12) құрылып, оның құрамына Көкшетау (ШЧ-12), Новоишимск (ШЧ-13) және Бурабай курорты (ШЧ-14) дистанциялары беріледі. Сол кездері Көкшетау сигнализация және байланыс дистанциясының бастығы лауазымына Искаков Төлеутай Мұқатайұлы тағайындалады.

Бұл уақытта кәсіпорындарды басқаруды ұйымдастырудың және құрылғыларға қызмет көрсету мен жөндеуді жетілдірудің жаңа әдістері енгізіледі. Көкшетау станциясында бұрын бытырап жатқан БСП-тер (бақылау сынау пункті) мен шеберханалар бір жөндеу -технологиялық учаскеге (ЖТУ) біріктіріледі.

Дистанцияларға компьютерлік техника келе бастайды, диспетчердің жұмысы автоматтандырылады.

Егеменді Қазақстанның жаңа темір жол учаскелерін салуға сигнализация және байланыс дистанцияның жұмысшылары белсенді қатысты.

2013 жылдан бері қарай Смирново, Тайынша, Азат, Шағалалы, Васильковка, Көкшетау-2, Володар, Уголки, Карағай станциялары бойынша 16 объектіде және Көкшетау станциясының ЭО постыларының ғимараттарында, байланыс үйлерінде, цифрлы бейнетіркеу базасында бейнебақылау жүйесі орнатылды. Әр станцияның декректері онлайн режимінде байланыс үйлерінің серверіне шығарылады.

Көкшетау дистанциясы сигнализация және байланыс шаруашылығында техникалық жарақтандырылған филиалдардың бірі болып саналады. Қазіргі күні дистанцияның ұзындығы 496,843 шақырымды, жарақтандырылуы- 320,409 техникалық бірлікті, тізімдік саны 238 адамды құрайды.

2014 жылдан бері дистанцияны Сергей Сарсекеев басқарады, бас инженері болып Серік Базарбаев.

Бүгінде дистанцияның құрамында 24 станция бар, оның ішінде санаттан тыс Көкшетау станциясы, екініші санатты – Тайынша станциясы, үшінші санатты –Саумалкөл, Шағалалы, Смирново станциялары бар. Қалғандары төртінші және бесінші санатты станциялар.

Көлік тасымалының ішінде халық сенімінен шығып отырған бірден-бір тасымал саласы темір жол көлігі десек қателеспеспіз. Тәулігіне мыңдаған жолаушыға қызмет көрсетіп отырған жолсеріктердің, жалпы, темір жол саласының жұмысын халық бағалайды. Рас, арасында жол жүру ақысының, яғни, билеттің қымбаттауы қарапайым халықтың қалтасына ауыр соғатыны анық. Дегенмен, біз әңгімелеген темір жол құрылымдарының күш-жігерімен пойызбен жол жүремін деген жолаушының жолда қалмасы сөзсіз. Сол үшін темір жолды жолаушы біткеннің сенімді серігі деп айтуға болады.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар