Тағзым
Бұл мақалада өмір бойы ата-баба қонысында, өздері туған бұрынғы Көкшетау облысы Алқатерек ауылында бірі – ауылдық Кеңесте қызмет атқарса, екіншісі сиыр фермасында сауыншы болып еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан Әшімовтар жайлы сөз болмақ.
Алғаш отау құрған кезде Қалел Әшімов 22 жаста болса, Қайыржан 19 жаста еді. Екеуі де менің мектептес замандастарым еді. Қайыржан біздің әулетке құдаша болғанықтан, біздің үйде тұрды, бір төсекте жатып, бір класта оқыдық.
Мектепті тәмамдап, мен арман қуып Алматыға кеттім, құдашам Қайыржан тұрмысқа шығып, жеті бала тәрбиелеп, әрқайсысы өз алдына отау тіккен осы үйелмелі-сүйелмелі ұл-қыздар әулетінің иелері Қалел мен Қайыржанның отасқандарының «Алтын тойларын» дүрілдетіп өткізгендігінің куәгері болдым.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, Әшімовтар әулетімен құда-құдағи болып араласып кеттік. Көсегеміз көгеріп, көрпеміз ұлғайды десем, артық айтқандығым емес. Ізгі ниетті қауымның өз ішінде азаматтық ажарымен, орнықты кішпейілдік, ақпейіл мінездерімен, адалдығымен, еңбеккерлігімен танымал Қалел мен Қайыржан ұл-қыздарынан 20-ға жуық қыр қызғалдақтарындай құлпыра өсіп келе жатқан немерелер мен шөберелер сүйіп, екеуі отыз күн оразаларын ұстап, бес уақыт намаздарын да қаза етпеген жандар-ды.
Ұрпақ бойындағы асыл қасиеттің бәрі ананың ақ сүтінен жаралып, күннің нұр шапағатынан нәр алып жайқалары баршамызға баяғыдан белгілі ғой. Балаларының өмірі үшін шыбындай жанын қиятын, қасықтай қанын төгуге әзір Қайыржан ана үй ішінің алаңсыз тіршілігін ойлап, бар ғұмырын, тыныс-тіршілігін отбасына, балаларына арнап, сәбилерінің көкірегіне шуақ ұялата білді. Алтын той үстінде балалары мен немерлері ата-аналарына арнап:
Ел ішінде абыройға кенеліп,
Адал еңбек еттіңіздер Отанға.
Отырсыздар қошеметке бөленіп,
Бізді өсіріп қосқаннан соң қатарға.
Сіздер бізге болдыңыздар саябақ,
Кеңейді ғой Сіздер салған жол бүгін.
Жанымызға құйдыңыздар аялап,
Дүниедегі жылылықтың барлығын,– деген еді.
Қайыржан ана «Алтын алқа» иегері болып, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Әшімовтар әулеті өсті, өрбіді, өрісі кеңейді. «Тәңірінен «перзенттерімді адал жолға ұмтылдыр» деген тілегі қабыл болды. Шүкір, бұл күнде өз кіндігінен тараған ұл-қыздарының отауларының түтіні түзу шығып келеді. Өзіне де, өзгеге де талапшыл, адалдық пен адамдықты өмірінің басты қағидасына айналдырған, дүниедегінің бәрінің есебі барын ұрпағына ұқтырған Қайыржандай ананың байлығы – балалары. Оларға берген таусылмайтын қазынасы – білімге құштарлық, еңбекқорлық, ізденгіштік, қол жеткенге мастанбау, қарапайымдылық қасиеттері. Әрі қарай осы әулеттің балаларына тоқтала кетсек, Әділхан Әшімов – үлкен ұлы, ойын-тойдың көркі, ауыл үйдің көңіл ашары –домбырашы, әнші болды. Шаршап-шалдыққанын домбыраның сазымен, ән шырқаған назыменен жуып тастап, адамгершілік, азаматтық қасиетін жоғары ұстаған азамат. Өнерге жақын адамдарының сал-сері екендіктері баршаға мәлім ғой. Әділханның мамандығы агроном.
Әулеттің ең үлкен немересі Айнаш Әшімова – шет тілінің маманы, Алматыдағы Сәтбаев университетінің докторанты, ал, Дәурені Көкшетауда қызмет атқарады. Екінші ұлы Уәлихан мен жұбайы Қарлығаш бизнеспен айналысады. Сәкен және Зәуре атты екі баласы жоғары білімді, Астанада қызмет атқаруда.
Кенже ұлы Дулат пен жұбайы Самал да жоғары білімді, бірі заң қызметкері болса, келіні бухгалтер. Дулаттың бойында да Көкшеге тартқан кербездік барлығын, кеуделеріне әншілік қасиет ұялағандығын, туған өлкенің керемет табиғатын сезінетінді білетін едік. Жастау болса да, әр кездескенде сұхбаттасқанда, айтары мол, тынысы кең Дулат оқшау жаратылған, аталарынан дарыған көптеген асыл қасиеттерді бойына жинап, бір емес, екі мамандықты игеріп, әр нәрсені алыстан болжап, өрнекті тілмен, жырмен ойындағысын айтып отырады. Осы ұлында нәсіл қуалаған бір дарын бар екендігін байқап, немересінің атын да Дарын деп қоюы тегін емес еді Қалел құданың. Атасы өмірден озды, ал, Дарын Қалелов бүгінде Сәтбаев университетінде архитектура мамандығын игеруде.
Қыз балалары Ләззат, Мәнсия, Салтанат, Бақыт та ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, ұйып отырған отау иелері. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, балалар жастайынан ананы, әкені қалай сыйлау керектігін көздері көрді, үлкен мектеп тәрбиесінен өтті. Қашанда қарттарды сыйлап, қастерлеу ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан дәстүр, ол ұрпақтан-ұрпаққа даруы керек. Біздің ұлттық әдет-ғұрпымыздың бірден-бір артықшылығы мен ерекшелігі де осында.
Әйелдің ең үлкен міндеті – ол жақсы жар болу, ерінің сенімді серігіне айналу, оның алаңсыз жұмыс жасауына жағдай жасау, қолынан келгенінше көмектесу. Тірлік болған соң, оның түйткілі де болады ғой. Осындай жағдайларда азаматының жағдайын жасап, жаманын жасырып, жақсысын асырып, сыртқа сыр шашпау. Бұл тек қазақ әйелдеріне тән мінез. Ләйім, біздің қыздарымыз осындай бола берсін. Халқымызда «Би болмаса да, би түсетін үй болсын» деген мақал бар. Оның басты мәнісі барды ұқсата білуде, тазалықта, ниет пен көңілдің кеңдігінде дер едім. Қалел құданың үйінің де табалдырығын аттаған жұрттың бәрі телегей-теңіз таза пейілді сезінетіні анық. Бір байқайтынымыз, қашан барсаң да алдыңнан жайылған кең дастархан мен ананың аялы алақанының жылуы қарсы алады.
Өмір деген бір қалыпты тұра ма. Өзінің жақсылығы мен жаманшылығы қатар жүреді ғой. Жұмыс жоқтықтың салдарынан, ауылды тастап қалаға көшкендер, кейбіреулері қомақты ақша табу үшін шет ел асып кеткендер болды, болып та жатыр. Өкінішке орай, қазіргі заманымыздың тәлкегі, тағдыр талқысы, уақыт сыны осындай ұйып отырған әулетті де айналып өтпеді. Қайыржан ана орны толмайтын, ойдан кетпейтін қайғыға аяқ асты душар болды деген осы да. Қырық тоғыздағы мүшел жасында, кенже ұлы Дулаты шет елде қайтыс болды. Қасқайып отыратын ақжарқын мінезі, тігінен сөйлейтін сөзі, жымиып күлген күлкісі, бауырмалдылығы есте сақталып, ананың көз алдында елестеп қала берді.
«Баланың жақсылығына қуанып, кемшілігіне қынжыласың. Жанымдай жақсы көретін, келбетіне ақылы сай, алғырлығы зор, ізбасарым осы болар деп үміт артып, Самал келін екеуін қатарынан қалдырмай, немерелерімді өзім бағып-қағып, қолымнан келгенін аямадым. Не керек айырылып қалған соң», – деп көзінің жасын төгіп қала берді Қайыржан ана.
Анаға бұдан зор қайғы бар ма? Ана жүрегінің тілім-тілімі шықты. Сондай ауыр күндерде орны толмас қазаны бөлісуге туған-туыстар, жекжаттар елге бардық, Қайыржан ананың жанында болдық. «Уайым түбі тұңғиық, батасың да кетесің» демекші, Дулатының қайғысынан айыға алмай, жүрек қырық жамау болып жүрген анаға ұлы Әділхан мен қыздары қамқор болды, інісінің жылын берді.
Дулаттай інісінен айырылған Әділханға да оңай болған жоқ. Сырты бүгін, іші түтін бола жүріп, ол самолетпен келген інісінің табытын Астанадан Көкшетауға алып келіп, үйіне түнетіп, қонағасын беріп, мешіттен жаназа намазын шығартып, басын көтеріп, жылын бергенше тыным таппады.
Ол халық ортасынан шығып, онымен біте қайнаған, қуанышы мен қайғысына ортақ болған, көлеңкесіз өмірдің күнгейінде жүріп, ащы-тұщысының дәмін татқан, ел еңбеккері, айналасындағыларға қамқорлығымен, қайырымдылығымен танылған азамат. Дүние-мүлік, дәулет жиюдан ар тазалығын артық көріп, адамгершілікті өзіне мұрат еткен жан-ды. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруді қаламайтын, Әділхан 68 жасында инфаркт ауруына ұшырады. Қайыржан ананың қыздары, немерелерінің апармаған жері, көрсетілмеген дәрігері, емделмеген емшісі, тексерілмеген компьютері, ішілмеген дәрісі қалмады десек, артық айтқанымыз емес. Маңдайға жазылғаннан аса алмайды екенсің. Осы науқастан бір жылға жетпей, өмірі үзіліп, «бесікке тиген жамбас жерге тимей қоймас» дегендей, қимас бауыр, құда, өзім дегенге өзегін суырып беретін азамат 2025 жылдың 7 шілдесінде мәңгілікке «қош» деп кете барды. Алланың әміріне шара бар ма? Өкініштісі, жанында отырған інісі Уәлихан, қарындастары, бала-шағаларына, көзін қанша ашып, тырысса да, бір ауыз сөз айта алмай, айықпас дерт құшағында жатқандығының куәсі болды.
Мұндай қайғының ауырлығын басына түскен ғана біледі. Бұл жалғыз жанұяның, бір ғана Әшімовтар әулетінің қайғысы емес, ел қайғысы болды. Әділханның жалғыз емес екендігі, артында аңыраған достары, бауырлары, бөлелері, ел-жұрты бар екендігі байқалды. Құдайға шүкір, ақтық сапарға шығарып салғандағы ел ықыласы мен құрметінің шексіздігінен, Әділхан өмірде қандай таза болса, кейінгі жолы да сондай болатынына көзіміз жетті.
Көкшенің абзал азаматтары, қадірлі де қадірменді Әділхан Қалелұлы, Дулат Қалелұлы қайтыс болды. Аз уақыт ішінде көп нәрсе өзгерді. Өзгермеген жалғыз нәрсе – ол Әділхан мен Дулатқа деген туған-туыстары, дос-жарандарының көңіл-күйі, ыстық ықыласы, шынайы сүйіспеншілігі. Олардың жұдырықтай жүректері Сарыарқаның кең даласы сиятындай дархан еді. Қырда көшкен сағымдай жосылып, арада жылдар өтсе де, ғасырдың ызғары мен суық желі олардың бейнесін жұрт көңілінен өшіре алмайды.
Неге? Себебі, оларды ұлым дейтін елі бар, елім деп еңірей білер ерлері де бар. Сондай азамат ердің бірі де, бірегейі де Әділханның өзі болатын.
Бұл қазақта жігіттер бар нарқасқа,
Жарқылдаған алмас па,
Дейсің-ау, дейсің сен оны,
Айырып кетсе жол басқа,
Орны тіпті толмас та, –
деген жыр шумағы шашасына шаң жуытпас азаматтар, абзал жар, ардақты әке, мейірімді ата бола білген Әшімовтарға да арналған десек артық емес.
Тоқсанға аяқ басқан, кеше ғана кенжесінен, ал, бүгін тұңғышынан айырылған Қайыржан ана есеңгіреп қалды, қайғы қаусатып, қабырғасы сөгілді, тек қана жүрегі әлсіз соғып жатты. «Өлу керек болса егер, балалардан бұрын, менің өлгенім жөн еді ғой» деген әзер естілген сөзі кез-келген жүректі шым еткізді де, баласының артынан кете барды. Жұдырықтай жүрегі шыдамады.
Айналайын, Уәлихан, Қарлығаш, Ләззат, Мәнсия, Салтанат, Сәлия, Бақыт және ағайындар! Аналарың мен ағаларыңның қатар қайтқан қазасы сіздерге ғана емес, барша ағайын-туысқа жеңіл тиіп жатқан жоқ. Алайда, Алланың ісіне шара бар ма? Қайғыларына ортақтаса отырып, «Қазаның артының қайырын берсін» айтамыз. Жатқан жерлері жарық, жандары жәннатта болғай! Артында қалған үрім бұтақтары өздеріңіз аман болғайсыздар.
«Қатарымыз азайып бара жатыр,
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнекей, жағада тұр» дегендей, мен де жағада кезегімді күтіп отырған жанмын.
Сіздерге мына шумақы арнаймын. Қабыл алыңыздар.
Айрылған арыстарынан Қайыржан ана,
Көз жетті келмесіне барма шара.
Дулат пен Әділханы шыңға біткен,
Шынарлары еді әулеттің жеке дара.
Неше түрлі басыңа келеді ой,
Кеше ғана бұл дүние кең еді ғой.
–Өлу керек болса егер, балалардан бұрын,
Ананың өліп кеткені жөн еді ғой, –деп, қайғы жұтып ана қалды.
Тасы сынып, Көкшетау жараланды.
Шыдамады жүрегі жараланды,
Қара шаңырақ қасірет арқалады.
Бәйтеректей әулетке сая болған,
Бәрінен де мейірімін аямаған.
Жәннатта жаның болсын, рухың биік,
Өзіңдей қайда бізге аяулы адам.
Жылағанда қыздары – тотылары,
Көңіл айтуда көңілде оты бары.
Торқа болар төсектей толқып кетті,
Алқатеректің ол басқан топырағы.
Еті қашып арыпты жазық маңдай,
Екі ұлының өлімі жасытқандай,
Бейнесі Қайыржан құдағидың сақталады,
Жол жүріп бір жаққа кеткен жандай.
Жүрмей қалған сияқты күн ілгері,
Көкшенің соқпай қалды жылы желі.
Қайыржан сен бармайтын ұлы тойға,
Барсын Даурен, Нұркен сынды балалары.
Өлшемі қысқа өмір-ай…
Маржан НҰРПЕЙІСОВА,
Сәтбаев университетінің профессоры,
академик, техника ғылымдарының докторы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын.
Алматы.
![]()

