Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен кезекті әкімдік отырысында биылғы бірінші жартыжылдығының қорытындылары шығарылып, қол жеткен одан әрі баянды етудің жолдары мен мүмкіндіктері қарастырылды.
Ақмола облысы экономикалық өсім қарқынын сенімді түрде арттырып келеді. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 110 пайыздан асты. Әсіресе, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс және сауда салаларында айтарлықтай ілгерілеу бар.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмагүл Шүгірмақованың мәліметінше, облыстың жалпы өңірлік өнімінің жартысына жуығын индустриалық және аграрлық сектор қалыптастырады.
Өнеркәсіп саласында биылғы бірінші жартыжылдықта 1 триллион 200 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім қамтамасыз етілді. Оның ішінде өңдеуші өнеркәсіп 2 пайызға жуық өсім көрсетіп, жалпы көлемнің 80 пайыздан астамын құрады. Өнеркәсіп бойынша көш басында Көкшетау қаласы мен Бурабай, Атбасар, Жақсы, Зеренді және Бұланды аудандары тұр.
Ауыл шаруашылығы саласы да тұрақты даму үрдісін көрсетуде. Жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің өсімі 4,1 пайызды құрады. Жылдық жоспар 106,4 пайыз деңгейінде орындалып, шамамен 1 триллион 40 миллиард теңгені құрады. Негізгі басымдық егін шаруашылығына, оның ішінде астық өнімділігіне берілуде. Қолайлы ауа райы мен климаттық жағдай сақталған жағдайда 6,9-7 миллион тонна көлемінде астық жинау көзделіп отыр.
Мал шаруашылығында да оң динамика бар. Алты ай ішінде өндірілген өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 104,1 пайызды құрады, 2024 жылы бұл көрсеткіш 100,8 пайыз болған.
Өңірде инвестиция тарту бағытында да оң серпін байқалады. Инвестиция тарту бойынша Көкшетау қаласы мен Аршалы ауданы көш бастап тұр. Әсіресе, шетелдік инвестиция көлемінің айтарлықтай артқанын атап өткен жөн, 31 миллиард теңгеден астам қаржы тартылып, бұл өткен жылғы көрсеткіштен үш есе жоғары. Мемлекеттік инвестициялар көлемі бірінші жартыжылдықта 102 миллиард теңгені құрады. Жыл соңына дейін тағы шамамен 100 миллиард теңге игеру жоспарланып отыр. Облыс әкімі Марат Ахметжанов тиісті ведомстволар мен аудан, қала әкімдерінің алдына жыл соңына дейін қосымша 800 миллиард теңге жеке инвестиция тарту жөнінде нақты міндет қойды.
Облыстық қаржы басқармасының басшысы Татьяна Белая өңір бюджетінің орындалу қорытындылары туралы баяндады. Оның мәліметінше, есепті кезеңде кірістердің өсімі 106,9 пайызды құрады, бұл облыс бюджетінің тиімді және тұрақты орындалуын көрсетеді.
Кеңес қорытындысы бойынша салықтық және салықтан тыс әкімшілендіруді күшейту, мемлекеттік сатып алуларды уақытылы ұйымдастыру және бюджет міндеттемелерін тиімді орындау бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.
![]()

