Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте Ақмола облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің өкілдері ведомствоның 2025 жылдың алғашқы алты айында атқарған жұмыстарын қорытындылады.
Брифингте мемлекеттік органдарда қандай заң бұзушылықтар жиі тіркелетіні және бақылау жүйесі қалай өзгеретіні туралы айтылды. Ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Гүлшат Жапарованың айтуынша, алғашқы жарты жыл ішінде ведомство 47 аудиторлық тексеріс жүргізген. Тексерістер нәтижесінде 10 миллиард теңгеден астам сома бойынша заң бұзушылықтар анықталған. Соның ішінде 1,8 миллиард теңгеге жуығы қаржылық сәйкессіздіктер, 6,7 миллиард теңгеден астамы рәсімдік қателіктер, ал, қалған 1,5 миллиард теңгеден астам қаржылық заң бұзушылық мемлекеттік сатып алу саласында орын алған.
–Мұндай заң бұзушылықтар көбінесе тапсырыс беруші мемлекеттік мекемелердің мердігерлерге жұмыстарын нақты орындамаса да, бюджет қаражатын ерте аударып қоюы салдарынан орын алып жатады. Сондай-ақ, мемлекеттік мекемелерде артық төлем жасап қою, мақсатсыз іссапарлар мен сыйлықақылар тағайындау секілді жағдайлар да кездеседі, – деп атап өтті департамент басшысының орынбасары.
Бұл заң бұзушылықтарды жою үшін департамент тексеріс жүргізілген мекемелерге 38 нұсқама жіберіп, олардың 23-і орындалған. 26 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 24 миллион теңгені құрайтын 290 әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынған. Айыппұлдардың 91 пайызы қазынаға түскен.
Ішкі мемлекеттік аудиторлар еңбекақы төлемдерін төлеу бойынша да бақылау жүргізеді. «Онлайн бюджеттік мониторинг» жүйесі арқылы ағымдағы жылдың қаңтар-маусымы аралығында 1,8 миллиард теңгені құрайтын 5 мыңнан астам тәуекелді төлем анықталған. Оның көп бөлігі білім беру саласына тиесілі, десе де денсаулық сақтау, мәдениет және спортта да осындай жағдайлар кездеседі дейді мамандар.
Камералдық бақылауға жетекшілік ететін департамент басшысының орынбасары Шарап Сәдуақасовтың мәлімдеуінше, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жеңілдетуге және оларды ашық етуге арналған «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң күшіне енген. Дегенмен, соған қарамастан, бұл салада әлі де заң бұзушылықтар анықталуда.
–Кейбір тұтынушылар жеткізушілерге жоғары талаптар қоюды жалғастыруда, бұл сауда-саттықтағы бәсекелестікті шектейді. Сондай-ақ, сатып алуларда электрондық жүйені айналып өтіп, қағаз жүзінде жасалған заңсыз шарттар кездесуде, – деді брифинг барысында Шарап Сейітқасымұлы.
Бұл ретте келтіруге болатын фактілер жеткілікті. Мәселен, конкурстық талаптарды бұза отырып, көмір сатып алатын білім бөлімдерінен бастап, миллиондаған теңгеге күмәнді шарттар жасайтын коммуналдық кәсіпорындар да бар. Осы орайда, небәрі жарты жылдың ішінде 16,7 миллион теңгені құрайтын 229 әкімшілік хаттама толтырылыпты.
Ақмола облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің мамандары брифинг соңында журналистер қауымы қойған бірқатар сауалдарға жауап беріп, бұл бағыттағы аудиторлық тексерістерді әрі қарай жүргізе беретіндіктерін айтты. Бұл орайда, бюджеттің тиімді жұмсалуы мен «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның сақталуы департаменттің қатаң бақылауында екендігі, соған байланысты кез келген бұзушылық фактісінің жолы кесілетіндігі айтылды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

