Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында биылғы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады.
Қазіргі таңда ең қажетті сұранысқа ие болып тұрған нақ осы қарапайым жұмысшы мамандықтары. Сонысына қарамастан, бұл мамандық иелерінің атқаратын қызметтерінің жауапкершілігі аса зор. Бұл мамандықтардың біразы мектеппен де тығыз байланысты.
Мектеп – балалардың білім алып қана қоймай, дұрыс тамақтануын қамтамасыз ететін екінші үйі. Осы орайда, Сандықтау ауданы, Жыланды ауылының негізгі орта мектебінің аспазшысы Сәуле Сәдібекқызы Исмаилова туралы мақтанышпен, аса сүйіспеншілікпен айтуға болады. Ол кісінің еңбегі ерекше маңызға ие. Аталған мектепте бір өзі 16 жыл аспазшы болып қызмет атқарып келеді. Оқу жылы басталғаннан қашан аяқталғанша, оқушылардың денсаулығы мен күш-қуатын сақтау мақсатында күн сайын дәмді әрі пайдалы тағамдар әзірлейді.
Ең алдымен, Сәуле Сәдібекқызы көпбалалы ана. Жолдасы Қуатбек ағай екеуі 4 қыз бен бір ұл баланы өсіріп, оқытып, тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы6 қазіргі кезде ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере сүйген мейірімді ата-әже.
Сәуле апайдың еңбегі қарапайым ғана ас дайындаудан әлдеқайда ауқымды жұмыспен өлшенеді. Әрбір тағамның құрамы мен калориясы санитарлық талаптарға сай болуы керек. Балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты, тағамның құнарлылығы мен қоректілігі де мұқият қадағаланады. Ол баланың ағзасына қажетті дәрумендер мен минералдарға бай тағамдар әзірлеуге тырысады. Сонымен қатар, тағамның сапасы мен дәміне ғана емес, оның тартымды әрі балалардың тәбетін ашатындай болуына да мән береді.
Әрбір балаға ұнайтын тағамды табу оңай емес. Сондықтан, Сәуле апай ас мәзірін түрлендіріп, жаңа тағамдар дайындауға тырысады.
Оның күнделікті жұмысы ерте таңсәріден басталады. Ол ең алдымен ас үйдің тазалығын тексеріп, тағамға қажетті азық-түліктерді дайындайды. Сол асты тек дайындап қана қоймай, оқушылардың дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыруға да күш салады. Оқушыларға өзі әзірлеген тағамдардың маңыздылығын түсіндіре отырып, пайдалы әдеттерді бойларына сіңірулеріне көмектеседі.
Қорыта келгенде, Сәуле Сәдібекқызындай мектеп аспазшысының еңбегі зор құрметке лайық. Өз ісінің шын шеберінің балалардың денсаулығы мен өсіп-жетілуіне қосқан үлесі ерекше. Сол себепті6 осындай мектеп аспазшыларына алғыс айтып, олардың еңбегін бағалау – әрқайсымыздың міндетіміз.
Ж.ЖОЛДАСОВА.
Сандықтау ауданы.
![]()

