Жуырда Жақсы аудандық сотында бюджет қаражатын заңсыз иемдену туралы қылмыстық іс бойынша жария сот отырысы өткізілді.
Жақсы аудандық сотында қызмет бабын пайдаланып, бюджет қаражатын ірі мөлшерде иемденгені, яғни, жымқырғаны үшін Т.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды (ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігінің 1)-тармағы).
Сотта келесі жайлар анықталды. Балабақша бухгалтері Т. 2021 жылдан 2023 жылға дейін өзінің банктік шоты мен қызының шоттарына заңсыз түрде 9 миллион теңге ақша аударған.
Сонымен қатар, Т. салық есептілігін тапсыру кезінде салықты да толық аудармаған болып шықты. Ол тек бірнеше қызметкерге ғана мәліметтер толтырып, мекеменің салық бойынша 6,6 миллион теңге берешегі пайда болуына себепкер болған.
Сотта Т.-ның кiнәсi куәгерлердiң айғақтарымен, сараптама қорытындысымен, банк мәлiметтерiмен және iстiң басқа да материалдарымен дәлелденді. Жаза тағайындауда сот Т.-ның кінәсін мойындағанын, істеген ісіне өкінгенін және залалдың ішінара өтелгенін ескерді.
Жақсы аудандық білім бөлімі Т.-дан материалдық залалды өндіріп алу туралы сотқа азаматтық талап арыз берді. Сот азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен талап арызды қанағаттандыру құқығын таныды.
Сөйтіп, «Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заң қолданыла отырып, сот үкімімен Т.-ны 2 жыл 9 ай 18 күнге бас бостандығынан және бухгалтерлік есеп саласындағы қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Ақмола облысының Жақсы аудандық соты.
![]()

