Оқуын жақсы бітірген түлектерге сенім жоғары

Жаңашылдық

Мемлекеттік қызмет саласындағы қолданыстағы заңнамада мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру мақсатында «Б» корпусының кейбір мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурстан тыс тағайындау мүмкіндігі көзделген.

Бүгінгі таңда мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуларын жақсы аяқтаған жоғары оқу орындарының түлектері диплом алғаннан кейін бір жыл ішінде конкурстан тыс негізде кейбір мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналаса алады. Осы норма күшіне енген сәттен бастап департамент 29 жас маманды конкурстан тыс тағайындауға келісім берді.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің ресми өкілі Жазира Сейітмағанбетованың айтуынша, олардың қатарында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің және басқа да жоғары оқу орындарының түлектері бар.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы білім беру ұйымдарының түлектері уәкілетті органның келісімі бойынша мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурс өткізбей орналасу мүмкіндігіне де ие болып отыр. Бұл мүмкіндікті әзірше Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының 4 түлегі пайдаланды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес ауылдық округтердің әкімдері өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін бір жыл ішінде уәкілетті органмен келісім бойынша конкурс өткізбестен «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналаса алады. Осылайша департамент әртүрлі лауазымдарға 7 әкімді тағайындауға келісім берді. Сонымен қатар, қолданыстағы заңнамаға сәйкес уәкілетті органның келісімі бойынша конкурстық іріктеусіз «Б» корпусының басшы лауазымдарына кандидаттарды тікелей тағайындау мүмкіндігі көзделген. Бұл өз кезегінде бірінші басшылардың өз қызметкерлері үшін жауапкершілігін күшейтеді. Осыған байланысты 11 облыстық басқарманың басшылары Агенттікпен келісім бойынша конкурстан тыс тағайындалды.

Конкурстан тыс тағайындау мүмкіндігі бар адамдардың арасында Өңірлік кадр резервінің мүшелері де бар. Қазіргі уақытта Өңірлік кадр резервінің 12 мүшесі жергілікті атқарушы органдарда түрлі лауазымдарға қызметке тағайындалды.

Бұл өзгерістер аудандық және ауылдық деңгейдегі кадрлар тапшылығы проблемасын шешуге, мемлекеттік қызметтегі жастардың үлесін арттыруға, мемлекеттік аппаратты жаңа тұрпатты кәсіби, жоғары білікті кадрлармен уақытылы толықтыруға игі ықпалын тигізері сөзсіз.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

сурет www.gov.kz сайтынан.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар