Әкім – іс үстінде
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Қазақстан Республикасы Спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосыновпен бірге «Дала қырандары» жастар қоғамдық бірлестігі «Заң мен тәртіп» тақырыбына ұйымдастырған екінші республикалық патриоттық форумына қатысып, сөз сөйледі.
Еліміздің 20 өңірінен мыңдаған белсенді қазақстандықтардың басын қосқан форум Шортанды ауданы Бектау ауылдық округіне қарасты орманды дала аймағында «DALA Camp 2025» шатырлы лагері форматында өткізілуде.
Елордада «Дала қырандары» қоғамдық қозғалысы екі жыл бұрын ұйымдастырылған болатын. Оның қатысушылары қауымдастыққа 16 жастан бастап конкурстық негізде қабылданады. Олар алдымен, тестілеуден, спорттық нормативтерден және даму деңгейі мен өзін-өзі танытуы үшін әңгімелесуден өтеді. Қатарға қосылғандар «қыран» атанып, ұйым жарғысына сай өмір сүріп, жұмысын жалғастырады.
«Қырандардың» басты құндылықтары – ұлтжандылық, адалдық, белсенді азаматтық ұстаным. Ұйымдастырушылар 10 мыңнан астам жас қазақстандықтарды біріктіруді жоспарлап отыр. Форумға қатысушылар жеті күн бойы кемпингтік өмір атмосферасына енеді. Олар киіз үйлер мен шатырларда тұрады, тыныштық пен тәртіпті сақтай отырып, лагерьлерде тағамдарын дайындау үшін от жағып, шеберлік сабақтарын өткізіп, ойын-сауық және спорттық бағдарламаларды ұйымдастырады.
– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң және тәртіп» тұжырымдамасына сәйкес, сіздер қоғамда патриоттық идеологияны қалыптастырып, өзара сыйластық пен заңға бағыну құндылықтарын дәріптеп отырсыздар. Есірткі және қолдан жасалған ішімдіктің заңсыз айналымы сияқты келеңсіз құбылыстармен күресу, жастарды спорт арқылы тәрбиелеу, мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау, құқықтық сауаттылық пен қоғамдық белсенділікті арттыру өте маңызды. Сіздердің жұмыстарыңыз жауапты азаматтық қоғам құрудың лайықты үлгісі болып табылады, – деп атап өтті облыс әкімі Марат Ахметжанов.
Қазақстан Республикасының Спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосыновта форумға қатысушылар алдында сөз сөйледі:
– Осыдан екі жыл бұрын қауымдастықтың құрамына небәрі 12 адам кірді. Бүгінде форумға Қазақстанның түкпір-түкпірінен танымал спортшылар мен қоғам қайраткерлері қатысуда. Демек, бұл сіздердің дұрыс бағытта келе жатқандарыңызды білдіреді, – деді ол.
Қозғалыс төрт тұжырымдама аясында жұмыс істейді. Олар өз қаламыздағы аулалық спорт алаңдарына жауапкершілікті білдіретін «Жаттығу», қала көшелерінде және әлеуметтік желілерде дәрі-дәрмектің жарнамасы мен сатылуын анықтайтын «Сатқындар», акцизсіз сатылымдағы алкоголь өнімін сату нүктелерін анықтап, қалалардағы мемлекеттік алкоголь өнімінің жай-күйін бақылауға алатын «Суррогат» және қалалардағы мемлекеттік рәміздердің пайдаланылу тәртібін қадағалап, заңбұзушылықтар орын алса, құзырлы органдарға хабар беретін «36.1» тұжырымдамашылары.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 36-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасын қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы әрі міндеті» делінген. Соған орай:
– Біздің қатарымызды өзі өмір сүріп жатқан қоғамның қамын ойлайтын жігерлі жастар біріктірді, – дейді бірлестік директоры Мәди Рымжанов. – Жастар жаңа Қазақстанның қалыптасуына жан-жақты көмек көрсеткісі келеді. Қазақстандықтардың ортақ мәселелері – нашақорлық пен есірткі бизнесімен, синтетикалық есірткінің кең таралуымен, алкоголизммен күрес. Бұл – біздің жұмысымыздың басты бағыты. Біздің балалар жөнсіз өмір салтын ұстанатын адамдар жиналатын, қираған балалар алаңдары мен спорт алаңдарының арасында өспеуі керек. Біз жастардың қауіпсіз ортада, мысалы, ел болашағы үшін жеке жауапкершілік, өзара көмек пен адалдық бағаланатын спорт қоғамдастығында дамуы үшін барлығын жасауға тырысамыз.
– Мұнда екінші күні ұйымдастырушылардың барлығын ұсақ-түйекке дейін ойластырғанына тәнті болдым. Мен әр өңірден келген жастармен әңгімелесіп, достасқаныма өте қуаныштымын. Мен өзімді қайта жаңарғандай сезіндім, ақылды, сауатты, адамгершілігі мол, мейірімді бола түскендеймін, – деп ойымен бөлісті павлодарлық форум қатысушысы, еркін күрестен жаттықтырушы Сұлтан Қайыржан.
– Әр қыран өз жасағына бекітіліп, топ болып жұмыс істеп, бір-бірімізге оң қуат береміз, спортпен шұғылданып, садақ атамыз, футбол ойнаймыз, – дейді Астана қаласынан келген екі жылдық тәжірибесі бар қыран Ерасыл Сайлауов. – Біздің қозғалысқа барлық топтар қосылады. Әр кездесу сайын жұмысымда бір саты жоғары көтерілгендеймін. Басты міндетіміз – қауіпсіз қоғам құру үшін еліміздің жастарын біріктіру.
Сол кеште белсенді жастар алау маңында, қайың мен қарағайдың түбінде бейресми жағдайда мемлекеттік органдар, Ішкі істер министрлігі және прокуратура өкілдерімен ел азаматтарын толғандырып жүрген нақты мәселелерді талқылап, бағалы ұсыныстарын білдірді.
Жастар үшін күн сайын белгілі спортшылармен және қоғам қайраткерлерімен тағылымы мол жаңа кездесу өтеді, ол белгілі тұлғалардың қатарында Мейірболат Тоитов, Нұрғали Тұрсынғазиев, Василий Тахтай, Алмат Кебіспаев, Мерей Ақшалов, Фируза Шәріпова, тағы басқалары бар.
Вероника БУРДА,
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Шортанды ауданы.
![]()

