Аршалы мен Жібек жолының мәселелері қатар шешіліп келеді

Әкім – ел ішінде

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Аршалы ауданына жұмыс сапары барысында аудан орталығы Аршалы кентімен Жібек жолы ауылында жаңа әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстарымен танысты.

Биыл ауданда жаңа тұрғын үй, жаңартылып жатқан теміржол вокзалы мен мәдени демалыс орталығының құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Реновация бағдарламасы аясында Аршалы кентінде 100 пәтерлі бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жоба жеке инвестициялар есебінен, ескі апатты үйдің орнына іске асырылуда. Тұрғын үйдің құрылысы осы жылдың қараша айында аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар, аумақты абаттандыру, балалар алаңын орнату және көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Күн сайын құрылыстың барысын бақылап жүрген тұрғын Нонна Журавлева өз әсерімен бөлісті.

– Біз бұл баспанаға жылдар бойы кезекте тұрдық. Реновация бағдарламасы көптеген отбасы үшін жайлы өмір сүрудің нақты мүмкіндігі деген ойдамыз, – дейді ол.

Сондай-ақ, Аршалы теміржол вокзалын қайта жаңарту басталды. Аталған нысан 1945 жылы салынған. Бас мердігер – «Integra Construction KZ» ЖШС. Бүгінгі таңда демонтаж жұмыстарының 80 пайыздан астамы орындалып, инженерлік желілер тартылып, еден төселген. Тамыз айының соңына дейін әрлеу материалдарын сатып алып, орнату жоспарланған. Жаңарту жыл соңына дейін аяқталады. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, вокзал алдындағы алаңды абаттандыру жұмыстары да жүргізіледі.

Жібек жолы ауылы өңірдегі ең ірі елді мекендердің бірі. Қазіргі таңда мұнда ресми тіркелген тұрғындар саны 12 мыңға жуық болса, нақты бұл көрсеткіш 30 мыңнан асады. Осыған байланысты инфрақұрылымға түсетін жүктеме айтарлықтай жоғары болып отыр. Бұл мәселені шешу мақсатында мемлекеттік органдар кешенді инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда. Бүгінде ауылда электр және сумен қамту, жол жөндеу, әлеуметтік нысандар салу бағыттары бойынша сегіз жоба бір мезгілде қатар жүргізілуде.

Өңір басшысы бұл ауылда алдымен, 150 орындық мәдени демалыс орталығына барды. Жаңа нысанда 150 адамға арналған көрермен залы, сахна, үйірмелерге арналған бөлмелер, 4000-нан астам қоры бар кітапхана орналасқан. Орталықты 30 тамыз – Конституция күніне орай ашу жоспарланып отыр. Ауыл тұрғыны, жергілікті қоғамдастық өкілі Талғат Әбілқасымов заман талабына сай мәдени нысан үшін алғысын білдіріп, оның ауылдың дамуына және жастардың шығармашылық бастамаларға тартылуына игі ықпал ететінін атап өтті.

Аудан әкімінің орынбасары Ержан Жолымбетовтың айтуынша, ауыл тұрғындарын көптен бері электр қуатының жиі өшуі мазалап келген. Бұл мәселе жеке меншіктегі электр желілерінің тозуымен байланысты. Қазіргі уақытта осы мәселені шешу үшін ауылда жаңа электрмен қамту желісі тартылуда. Жобаны «Энергохолдинг LTD» ЖШС жүзеге асыруда. Қазіргі таңда 2000-нан астам бағана орнатылып, 52 шақырым сым тартылып, 1000-нан астам көше шамы қойылған. Алда тағы 150 бағана мен тарату пунктін орнату жұмыстары тұр. Сонымен қатар, «Новоалександровка» қосалқы стансасы қайта жаңғыртылып жатыр. Ол 2025 жылдың соңына дейін іске қосылады деп жоспарланған. Бұған қоса, желілерді «АРЭК» акционерлік қоғамының балансына беру жұмыстары да жалғасуда. Ауылдың 8-шағын ауданында су сорғы станциясының құрылысы жүріп жатыр. Ал, үш шағын ауданда 67 шақырым су құбыры тартылған.

Қазіргі таңда құдықтарды қосу, құбырларға гидросынақ жүргізу, жуып-шаю және залалсыздандыру жұмыстары қолға алынған. Ауыз су жаңа желілер арқылы қыркүйек айының соңына дейін беріле бастайды деп күтілуде. Ірі жобалардың қатарында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, соның ішінде шағын аудандар мен үш тұрғын үй алабындағы көше-жол желісі де бар. Қазірдің өзінде 36 шақырымға асфальт-бетон төселді.

– Ауыл толыққанды дамуы үшін барлық инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар сапалы әрі мерзімінде аяқталуы тиіс. Құрылыс барысына тәулік бойы бақылау қажет. Жұмыс біздің күткенімізге сай болуы керек. Мемлекет басшысы түпкі нәтижені тапсырды. Бұл нәтижелер халыққа нақты пайда әкелуі қажет,  – деп атап өтті бұл ретте Марат Ахметжанов.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар