Айтыс
Әр белесі, әр төбесі тұнған тарих, табиғаты тамылжыған Бурабай баурайында бабадан қалған жыр байрағы көтеріліп, аймақтық айтыс өткізілді. Айтыс қана емес, Алаштың төл өнері мен мәдениеті шуақ шашқан күн болды бұл. Жиналған қауымды облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова мен ел ағасы, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев құттықтады.
Айтысқа еліміздің әр түкпірінен келген он ақын қатысты. Алдымен іріктеу сайысы. Алғашқы жұп ақмолалық Еркін Советхан мен қостанайлық Салтанат Өтепбаева. Әп-әдемі қыз бен жігіт айтысының көркем көрінісіне куә болды көрермен. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, қос ақын шама-шарқынша құрдастық қалжыңмен, әдемі әзілмен әдіптелген сөз семсерін сілтесті. Хакім Абайдың мол мұрасы, тәрбиелік мәні зор нақыл сөздері айтылды. Мұнан соң астаналық Тоба Өтелбай мен ереймендік Жаңылжан Жолдымұрат сөз сынасты.
Көрермен Солтүстік Қазақстан облысының өкілі Берденбек Мырзат пен Сәттібек Серікболаттың айтысына разы болды. Әсіресе, мектеп оқушысы Сәттібектің жыр семсерінің жарқылдағаны-ай! Тапқыр сөз, балталаса бұзылмайтын ұйқас қана емес, ақыл-қайраты астасқан, білім мен мағына үстеген жыр шумақтары жіпке тізген маржандай жарқырап, ой тұңғиығына тартқаны бар. Алматылық Нұрболат Серік пен көкшетаулық Мұхамед Қоңқаев та Бурабай баурайындағы жыр жарысының жүйріктері десек, артық айтпағандығымыз. Әсіресе, Арқаға танымал ақын Мұхамедтің табан астынан тауып айтқан қарымта жауаптары көп көңілінен шығып жатты. Ереймендік Ерлан Дәулет пен Арқалықтан келген Батырлан Сағынай жыр додасының шын жүйріктері ретінде танылды.
Іріктеу сайысында шабыт пырағы шарықтап, жастықтың буымен ауыздығымен алысқан тұлпарлар сәл қиыс басқан, сүрінген тұстар да болмай қалған жоқ. Тырнақ астынан кір іздегендіктен емес, жалпы, кейінгі толқын сахна мәдениеті, сөз киесі дейтін қасиетті ұғымдарды санасына сіңіре жүрсін деп айтуға мәжбүрміз. Бұл тарапта жөнсіз сөздің жүйесі жеке басқа тиісу төңірегінде. Абай әлемі туралы тақырып аз емес еді, ой да он сан. Әйтсе де, қалқиған құлақты, басты, шашты әжуалау келісімсіз еді. «Көш жүре түзеледі» деген бар емес пе, сахнада ысылар, тәжірибе жинақтап, кейін бұл абырой әпермейтін жеңіл сөзді аузына алмас деп топшыладық. Лайым солай болғай.
Қорытынды айтыс Бурабай баурайындағы Ботай ашық аспан астындағы музейінде өткізілді. Батырлан Сағынай мен Сәттібек Серікболаттың айтысы шымыр да ширақ шықты. Әсіресе, Батырлан ақын таным деңгейінің жоғары, білімінің бекем екендігін айқын аңғарта білді. Көрермен айтыс әлемінің жаңа жұлдызы – Сәттібектің де сәтті қадамына ризашылық танытты. Батырланның азулы ақын екендігінен ықпай, қапысын тауып қарымта сөз қайтара білген жас ақын ақыр соңында ағасына жол беретіндігін айтып, ізеттілік көрсетті. Мұнысы да өзіне жарасып тұрды. Аға сыйлай білетін кейінгі ұрпақтың кішіпейілділігі қандай жарасымды. Мұхамед Қоңқаев пен Ерлан Дәуіттің айтысы да Абай әлеміне бойлап кірген салмақты айтыс санатында болды.
–Айтысқа қатысқан ақындардың бәрі дерлік Абай мұрасын ұлықтай білді, – дейді айтыстың жүргізушісі, белгілі айтыскер ақын, халықаралық айтыскерлер мен жыршы-термешілер одағының Ақмола облыстық филиалының төрағасы Құдайберлі Мырзабек, – әрқайсысы өз танымындағы Абай бейнесін хал-қадірінше жырлап берді.
Қазылар алқасының ұйғарымы бойынша бас бәйгеге Батырлан Сағынай ие болса, бірінші орынға Мұхамед Қоңқаев көтерілді. Екінші орынға Ерлан Дәулет лайық деп танылды. Үшінші орын Сәттібек Серікболат пен Салтанат Өтелбаеваның еншісінде.
Бурабай баурайы сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан ұлттық ұлық мұрамызды жарқыратып көрсеткен көрініске толы болды. Бұл тек мереке емес, халықтың ұлы Абаймен қауышуы. Қ.Қуанышбаев атындағы Ұлттық музыкалық-драмалық театрының әртістері «Абай мен Тоғжан» арасындағы әсерлі махаббат пен рухтың биіктігін бейнелейтін сәтті жан тебірентерлік нәзіктікпен сомдап шықты.
Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының «Гәкку» би ансамблі әдемі өнер көрсетті. Ансамбльдің жетекшісі, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі Гүлмира Ордабаева. Қырмызы қызғалдақтай мың бұрала билеген биші қыздардың әдемі иіріміне мәңгі жасыл қарағайлар мен ақ қайыңдар қосыла билеп, дархан даланың төсіндегі салтанатқа мағына үстеп тұрғандай. Бурабай баурайындағы Алаштың рухымен мазмұны мол әдемі дәстүрін кеңінен дәріптеген шараға Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Қапаш Құлышева да қатысып, туған топырағының төсінде тебірене сыр толғап, әсем әнімен шашу шашты. Ұлттық рух пен нәзік сезімнің үндестігін қатар өрген шарада белгілі әнші Аягөз Қалмағанбетова Абай әндерін шырқады. Атақты «Орда» этнографиялық тобының орындауындағы «Ер Тұран» ел еңсесін көтерген айтулы сыбаға болды. Этнографиялық топтың жетекшісі, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі Әнуарбек Файзуллин.
Абай халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталатын жарық жұлдыз екендігі әлмисақтан белгілі. Ақынның өнегелі өлеңдері мен ғибратты қара сөздері ұлт болмысының темірқазығы. Замандастарымыздың рухани көңіл көкжиегін кеңейткен әдемі шараны Бурабай аудандық әкімдігі ұйымдастырып, киелі жердің көкжиегінде Абай әлемінің айшықты жұлдызы жарқырай жануына себепші болды. Аудандық мәдениет бөлімі қыруар шаруаны тап-тұйнақтай етіп атқарып шықты.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.
Бурабай ауданы.
![]()

