Абай Құнанбайұлына – 180 жыл
Абайдың 180 жылдығы қарсаңында Көкшетауда жаңа арт-нысан пайда болды. Абай көшесінің бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің қабырғасына қазақтың ұлы ақыны, ойшыл ағартушының портреті салынды.
Тұрғын үйдің қабырғасына салынған суреттің, қазіргі жастар тілімен айтқанда, муралдың авторлары – көкшетаулық және ақтаулық суретшілер. Олар ұлы Абайдың бейнесін оның 180 жылдығына орай, өзінің атына берілген көшеде салуды ұйғарған. Бұл жұмысқа шамамен бес күн уақыт кеткен.
– Біз бұл муралды салудағы мақсатымыз халық ұлы Абайдың осы суретін көру арқылы оның бейнесін ғана емес, шығармаларын да жиі еске алсын деген ойдан туындаған болатын. Абай Құнанбайұлының муралын ақынның атындағы көшеге салу идеясын әкімдікпен кеңесіп, бірлесіп жүзеге асырдық, әрі тамыздың 10-ы күні ақынның 180 жылдығы аталып өтілетінін білеміз. Біз осы мурал арқылы жастарды, қатарластарымызды Абайдай кемеңгерімізді ұмытпауға шақырамыз, әрі қаламызды көркейтуге өз үлесімізді қостық деп ойлаймыз, – дейді суретші Алдияр Жәкеев.
– Мен Ақтау қаласының тумасымын. Бұл жерге жұмыс барысымен келдім. Тұрғын үйлердің қабырғаларына мурал салу өзіме қатты ұнайды. 10-шы тамыз Абай атамыздың мерейтойы, әрі бұл жұмысым адамдарға танымдық тұрғыдан пайдалы болады деп ойлаймын. Жұмысымыз халықтың назарына ілігіп, көңілдерінен шығады деп сенемін. Бұл жерде бұрын да Абай атамыздың суреті орналасқан. Оны барынша жаңарттым, қолымнан келгенше күшімді, білімімді қосып жасадым, – дейді суретшілердің бірі Асхат Орынбасар.
Қала тұрғындары да жаңа арт-нысанды жоғары бағалауда. Олардың айтуынша, мұндай сурет кез-келген адамға шабыт сыйлап, қала келбетіне ерекше реңк береді.
– Бұл – Абайдың туған күніне орай өте тамаша бастама. Мен жақында ақынның басына барып келдім, ал қайтып оралғанымда осындай жаңашылдықты көріп қуандым. Жұмысқа бара жатып, осы муралды көріп, көңілім көтеріледі. Абайды тек туған күнінде ғана емес, күнделікті өмірде де еске алып жүретінімізге қуаныштымын. Көп адам осы жерде суретке түсіп жатады. Бұл біздің тарихымыз, біз болашақ ұрпаққа осындай өнеге қалдырып жатырмыз, – дейді Қарақас Іргебаева есімді қала тұрғыны.
Айта кетейік, 10 тамыз – Абай күні аталып өтіледі. Енді көкшетаулық тұрғындар үшін қазақ халқының ұлы перзентін еске алуға тағы бір себеп бар. Алдағы уақытта суретшілер тағы 16 мурал салуды жоспарлап отыр.
Р.АХМЕТҚАЛИЕВА.
![]()

