Біздің жастар
Қазақстанның даңқын әлем елдерінде асқақтатып, танытып, жүрген дарынды, білімді, ізденімпаз жастар қатары көбейіп келе жатқаны қуантады. Қаншама сырт елдерде ел үмітін арқалаған азаматтар білім алуда.
Солардың бірі ақмолалық жас Фариза Қажымұқанова. Ол жуырда Грузияның астанасы Тбилиси қаласында өткен «Young Professional Fellowship Georgia» атты халықаралық жастар форумына Қазақстаннан делегат ретінде қатысып, ел абыройын үстем етіп оралды.
«Талаптыға нұр жауар» демекші, Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласында дүниеге келген Фариза Русланқызы өз ана тілінен бөлек, орыс және ағылшын тілдерін жетік білетін талапты студент. Бүгінде Түркияның Стамбул қаласындағы «Istanbul Aydin University» университетінде халықаралық қатынастар мамандығы бойынша білім алуда. Абай атындағы облыстық №3 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатын «Алтын белгімен» тәмамдаған жас дарын алда жоғары оқу орнын бітірген соң, Еуропа елдерінің біріне магистратураға оқуға түспекші.
–Мен бұл халықаралық жастар бағдарламасына делегат ретінде қатысуға жолдаманы Инстаграмдағы «opportunities_ corners» аккаунтында жарияланып тұратын конкурстардың біріне қатысып, ұтып алдым. Байқау өзін-өзі таныстыру арқылы өз еліңнің дипломатиялық және көшбасшылық рөлін көрсету және аталмыш жастар бағдарламасы туралы жарнамалық бейнекөріністер түсіріп жіберу, 4 мотивациялық эссе жазу секілді кезеңдерді қамтыды. 1 ай ішінде байқау нәтижесі шығып, Грузияда өтетін Young Professional Fellowship Georgia» (Жас кәсіби серіктестік Грузия 2025) халықаралық жастар форумына қатысатын және толық қаржыландырылатын делегат мәртебесін иелендім. Жол, тамақтану, қонақ үй мәселелерінің барлығы ұйымдастырушылар алқасы жағынан өтелді, –дейді Фариза Қажымұқанова.
Мұндай байқау Фариза үшін ешқандай қиындық туғызбаған. Ол мектеп қабырғасында оқыған кезінде-ақ талай облыстық, республикалық байқаулар мен олимпиадалардан жүлделі орындар алған.
Сонымен, Грузиядағы халықаралық жастар форумына әлемнің әр түкпірінен, атап айтқанда, Молдова, Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Жапония, Үндістан, Пәкістан, Венгрия, Морокко, Франция, АҚШ, Сауд Арабиясы секілді 20-ға жуық мемлекеттен дарынды жастар мен атақты халықаралық компаниялардың өкілдері, тіпті, кейбір мемлекеттердің Төтенше және өкілетті елшілері жиналыпты. Үш күнге созылған форум бағдарламасы бойынша олар халықаралық дипломатия, жаһандық даму, әлемде болып жатқан мәселелер, психикалық денсаулық және көшбасшылық тақырыптарында өзара пікір алмасып, жаңа жобаларды бірлесе дамытуға мүмкіндік алыпты.
–Үш күндік бағдарлама бойынша ұйымдастырушылар алғашқы күні делегаттарды қарсы алып, арнайы дайындалған сыйлықтарын тапсырып, Тбилиси қаласын аралатты. Екінші күні сессия басталып, қатысушылар мен арнайы шақырылған қонақтар әлемде болып жатқан жаһандық мәселелерді талқылады. Біздер делегат ретінде оларға сұрақтар қойып, спикерлердің тапсырмаларын орындап, кейбір мәселелерді топтасып шештік. Үшінші күні форумға қатысушы жастар өз елдерінің ұлттық мәдениетін көрсетуі керек болды. Яғни, ұлттық киімдерін киіп, еліміздің нышаны ретінде танылған белгілі бір затты сыйға тарту қажет болды. Мен қазақтың ұлттық киімі қазақша қамзол-шапаным мен сәукеле киіп, ою-өрнегімен көмкерілген әшекейлерімді тағып бардым және өзге елден келген қатарластарым мен замандастарыма «Қазақстан» шоколадын тараттым. Менің үстімдегі ұлттық киім мен әшекейлерім барша қатысушыларға ұнап, олар біздің мәдениетіміз бен жастарымыздың біліміне тәнтіліктернін жеткізді, – дейді Фариза.
Көпбалалы отбасында өскен Фаризаның ата-анасы Руслан мен Шұға Тілемісовтер өз салаларының майталмандары. Анасы 30 жылдан астам өмірін шәкірт тәрбиесіне арнап, химия пәнінен сабақ берсе, әкесі машина құрастыру саласында еңбек етеді. Аида мен Зарина есімді әпкелері де жастайынан білім қуған дарынды азаматшалар. Зарина жоғары оқу орнын Италиядан бітіріп келіп, бүгінде атақты «BI-Group» құрылыс компаниясында қызмет етеді. Інісі Ерасыл Көкшетаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды.
– Мұндай форумға делегат ретінде алғаш рет қатыстым. Жан-жақтан келген өзім сияқты жастардың жаһандық мәселелерге көзқарастары, олардың ойлау қабілеттері мені таң қалдырды. Олар тіпті, феминизм мәселесіне, яғни, қоғамдағы, дипломатиядағы әйелдердің орны тәрізді тақырыптарға қатты мән береді екен. Менен Қазақстандағы дипломатия саласындағы әйелдер көрсеткішінің 20-30 пайыз аралығы екендігін естіген, олар Швейцарияны мысал етіп, 50 пайызға дейін болу қажеттігін айтты. Бұл енді әр мемлекеттің өзіндік саясаты. Солай демекші, өзге елдердің өз саясаты, өз ұстанымдары бар. Біздің менталитет пен олардың ұлттық көзқарас-ұстанымдары мүлдем басқа, – дейді Фариза Қажымұқанқызы.
Әлемдік мәселелер талқыланған жастар форумына абыроймен барып келген жас дарынға біз де тілектеспіз. Ойлаған мақсаттарыңа жете бер, Фариза!
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

