Дене тәрбиесі мен спорт – ұлт денсаулығының кепілі

17 тамыз – Спорт күні

Жыл сайын елімізде тамыз айының үшінші жексенбісінде спорт күні аталып өтеді. Жалпы алғанда, спорт саласы Қазақстанда кең қолдау тауып отырған салалардың бірі.

Елдегі спорттың дамуына бұқаралық спорт қозғалысын кеңейтуге, спорттағы жетістіктерді ынталандыруға бағытталған оң саясат ықпал етуде деп ойлаймын. Ақмолалық спортшылар соңғы онжылдықтарда халықаралық жарыстарда, Олимпиада және Паралипиада ойындарында үздік нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Мемлекет басшысы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзінде спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бастамалар жөнінде айта келіп, спорт мамандарына бірқатар тапсырмалар берді. Президент өз сөзінде, әсіресе, ауыл спортын, ұлттық және бұқаралық спортқа мән берілуі тиіс екенін баса айтты. Осыған орай, Ақмола облысында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі және кешенді түрде жүргізіліп келеді. Негізгі бағдар ретінде Қазақстан Республикасының «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңы, 2023-2029 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы мен облыстың 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасы алынып, бүгінгі күнге дейін осы бағдарламалар шеңберінде ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Бүгінде облыстың 330 мың тұрғыны, яғни, халықтың 41,8 пайызы спортпен жүйелі түрде айналысады. Бұл көрсеткіш жоспарланған межеден жоғары болып отыр. Бұл бағыттағы жұмысты 285 спорт нұсқаушысы атқарса, оның 204-і ауылдық жерлерде еңбек етеді. Жыл өткен сайын спортқа қызығушылық  артып келеді. Бұған спорт инфрақұрылымының кеңейіп, тұрғындарға қолжетімді бола түсуі үлкен әсерін тигізіп отыр. Қазіргі таңда облыста 1124 спорт нысаны жұмыс істейді, оның 734-інде арнайы жасақталған спортпен шұғылдану залдары бар. Өткен жылы Есіл, Қосшы және Степногорск қалаларында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, сондай-ақ, Бурабай және Целиноград аудандарындағы кей ауылдарда спорт кешендері пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Көкшетау қаласы мен бірнеше аудандарда 16 спорт алаңы салынды.

Қазіргі уақытта Бестөбе ауылында стадион, Щучинск қаласында спорт сарайы, Көкшетауда, Аршалы ауданының Жібек жолы ауылында жаңа спорт кешенінің құрылысы басталды. Облыс орталығындағы салынып жатқан көпфункцияналды спорт кешенінде 650 орындық көрермен залы, сондай-ақ, бокс, күрес, ауыр атлетика және кроссфитке арналған арнайы залдар болады. Сыртқы аумақта жеңіл атлетикалық жолақтар, жаттығу және ойын алаңдары орналастырылады. Ал, Зеренді ауылындағы спорт нысанында 1500-ден астам жасөспірім спортпен шұғылдана алады. Бұл аталған жобалар – Ақмола облысының әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған кешенді бағдарламалардың нәтижесі. Бұл жұмыстар өңір тұрғындарының спортпен сапалы шұғылдануына және заманауи спорт құралдарына қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Облысымызда спортпен айналысушылар қатарында ерекше қажеттіліктері бар жандар да бар. Осы санатқа жататын 2540 адам дене шынықтырумен тұрақты түрде айналысады. Бұл – осындай мүмкіндігі шектеулі адамдардың жалпы санының 18 пайызын құрайды. Олар үшін «Мерген» спорт клубы қызмет етеді, мұнда спорттың 11 түрі қамтылған.

Бір қуанарлығы, соңғы жылдары облыста ұлттық спорт түрлері де кеңінен дамытылып, ол халық арасында танымалдылыққа қол жеткізіп келеді. Бүгінгі таңда 11 ұлттық спорт түрімен аймақта 30 мыңнан астам адам шұғылданады, олардың басым бөлігі, әрине, ауыл тұрғындары. Сонымен қатар, облыста он алты мыңнан астам жасөспірім ұлттық спортпен шұғылданады. Әсіресе, білекке күш, бойға қуат беретін спорттың күрес түріне қызығатын жасөспірімдер жетерлік. Өңірлердегі түрлі спорт секцияларының тәрбиеленушілері арасынан әлемдік және халықаралық додаларға қатысып ел намысын асқақтатып жүрген спортшылар жетіп артылады. Асық ату, аударыспақ, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, бәйге, жамбы ату, көкпар, құсбегілік сынды ұлттық спорт түрлерімен тұрақты айналысатындардың да қатары артып келеді. Әсіресе, соңғы кездері бәйге, құсбегілік сынды спорт түрлері дамып келеді. Мысалы, жақында ақмолалық құсбегілер Петропавлда өткен Қазақстан чемпионатында командалық жарыста бірінші орынды иеленді. Одан өзге де тоғызқұмалақ, бәйге, көкпарға қатысып, ұлттық спорттың жанашыры болып жүрген спортшыларымыз баршылық. Ақмола облысында ұлттық спорттың 11 түрі, оның ішінде қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату және ұлттық ат спорты түрлері кеңінен таралған. Ұлттық спорт түрлерімен айналысатындар саны өткен жылы 446 адамға артып, 29 591 адамды құрады. Ауылдық жерлерде ұлттық спорт түрлерімен айналысатындар саны 25 мың адамға жетті.

Ұлттық спорт түрлері бойынша секцияларда облыстың спорт секцияларында шұғылданатын азаматтардың жалпы санының 9,2 пайызы қамтылған.

Ұлттық спорт түрлерін насихаттау мақсатында өткен уақыттарда 20 000 адамның қатысуымен 150-ге жуық іс-шара өткізілді. Облыста Балуан Шолақ атындағы ұлттық спорт мектебі жұмыс істейді. Ұлттық Құрылтайдың өткізілуі бұл салаға тың серпін берді деп санаймын.

Ақмолалық спортшылар жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, республикалық және халықаралық ареналарда облыс намысын қорғап, туымызды жерге жықпай келеді. Ағымдағы жылдардың жетістігіне аз-кем тоқталып өтсем, Кәкей Айтуған Орал қаласында жамбы атудан жастар арасында өткен ел чемпионатында жүлделі I орынға қол жеткізіп, Моңғолияда өтетін халықаралық жарысқа қатысуға лицензия алды. Сондай-ақ, 2025 жылдың 7-14 ақпаны аралығында Қытайдың Харбин қаласында IX қысқы Азия ойындары өтті. Бұл дода біздің спортшыларымыз үшін биылғы жылдың басты оқиғасына айналды. Ақмола облысының атынан ел құрамасының сапында 14 спортшы өнер көрсетіп, ақмолалық спортшыларымыз үздік нәтиже көрсете білді. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан 20 медаль соның ішінде 4 алтын, 9 күміс және 7 қола медаль жеңіп алып, төртінші орынға тұрақтады. Оның ішінде облысымыздың спортшылары 11 медальді атап айтқанда, 2 алтын, 6 күміс және 3 қола медальді ел қоржынына салып берді. Бүгінде спортшыларымыз 2026 жылдың 6-22 ақпаны аралығында Италия мемлекетінде өтетін ХХV қысқы Олимпиада ойындарына дайындалуда. Қысқы спорт түрлерін дамыту және насихаттау үшін жағдай жасау тұрғысындағы жұмыс жалғасатын болады.

Биылғы жылдың тағы бір басты оқиғаларының бірі, аймақ басшысы Марат Ахметжанов ақмолалық паралимпиадашыларға жаңа пәтер кілттерін салтанатты түрде табыс етті. Жаңа пәтерге Паралимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Давид Дегтярев пен былтырғы Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Еркін Ғаббасов ие болды. Біз оларға берілген бұл баспананы облысымыздың барлық спортшыларына көрсетілген құрмет және осы салаға жасалып жатқан қамқорлық деп қабылдаймыз.

Жалпы, облысымызда спорттық резервті даярлау ісімен 35 спорт ұйымы айналысады. Бұл ұйымдарда 20 мыңнан астам бала мен жасөспірімдер жаттығады. Оларға 554 жаттықтырушы тәлімгерлік етеді. Облыстың 560 спортшысы Қазақстан құрамасының сапында ел намысын қорғап жүр. Олардың арасында тек спорттық дайындық емес, сонымен қатар, моральдық және этикалық құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған тәрбие жұмысы да тұрақты түрде жүргізіледі.

2024 жылы облыста 2096 спорттық-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылып, оларға 147 мыңға жуық адам қатысты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 200 іс-шараға көп. Бұл көрсеткіш облыс халқының бұқаралық спортқа және дене тәрбиесіне деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.

Мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында да бірқатар ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. 2025 жылы осы бағдарлама арқылы 10 500 бала түрлі спорт үйірмелеріне тегін қатысу мүмкіндігіне ие болады. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 1,9 миллиард теңге бөлінді, 21 спорт түрі бойынша өтінімдер мақұлданды. Халықты салауатты өмір салтына баулу, спортқа тарту жұмыстары тұрақты бақылауда және бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді.

Ардақ ТӨЛЕНДИН,
Ақмола облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар