Суреткерлігі мен тектілігі мәңгілік тұғырына қондырған

Сәкен сері әлемі

Еш балама табылмайды, қазақ туған Сәкенге,

Сәкен ғана Ай секілді Көкшетаудай мекенге.

Сексен көлдің ортасынан серпіп ұшқан қанатын,

Қасиетті пірдің құсы – ұшпайды Аққу бекерге.

Өтежан НҰРҒАЛИЕВ.

Осы бір ауыз сөзден қазақтың біртуар ұлы, жазушы, драматург Сәкен Жүнісовтің өз ұлтына, ұлттың тіліне деген жанашырлығын көреміз. Шындыққа жаны құмар, мінезі бірбеткей,  жүзінде  жылылықтың лебі бар  жазушының сөзінің әрқашанда жаны бар болғандығы ақиқат.

Міне, биыл қазақ әдебиетінің тарихының алтын қорына қомақты дүние қалдырған, қазақтың Сәкен серісі атанған  жазушының туғанына 90 жыл толды. Артында өшпес мұра қалдырған Сәкен сері өмірден озса да, халықтың жүрегі мен жадында сақталуда. Жазушының өзіндік бір ерекшелігі, туындыларының өн бойы  қазақи, ұлттық салт-дәстүрге бай. Сонысымен де дархан даланың рухы биік, еркін ұлының жарқын бейнесі әр қазақтың көз алдында қалғаны анық.

Сәкен серінің  ұлттың тілі мен ар-ожданына, дініне, дәстүріне нұқсан келтіріліп, арнайы шектеулер қойылған солақай кеңестік саясаттың заманында дүниеге келгендігі белгілі. Десек те, қазақ әдебиетіне сүбелі үлес қосып, ұлттық тәрбиеге жол сілтеген Сәкен сері заманында Бекасыл әулие (1822-1915) айтқанындай:

Тектіден текті туады,

Тектілік тұқым қуады.

Тектілердің тұяғы,

Таңдайды құз-қияны.

Шын тектілер халқы үшін,

Өлімге бас қияды.

Жақсы жаман деместен,

Жанына жұртты жияды, – деген теңеуге сай келіп, қазақтың тектілігін бойына сіңіріп, сол қалпы сақтаған асыл азаматтың бірегейі болды. Оған дәлел, ата бабадан жалғасқан салт-дәстүріміздегі серілік қасиетін   бойына сіңіріп, соған сай мінезінің қалыптасуын қазақ халқының мойындағандығы және еркелетіп «сері» атағын қосуы  еді. Өнердің әр қырын жетік меңгерген, елдің, ұрпақтың болашағын ойлаған ұшқыр ойлы жазушының мінезінің бірбеткейлігін өз заманындағы қаламдас, әріптестері, достарының әңгімелерінен білуге болады. Оның туған елінде ұстаз болып жүрген уақытында тың игерушілердің іс-әрекеті үшін қудаланғандығы да белгілі. Жазушының «Жапандағы жалғыз үй» шығармасы да сол тұстағы шынайы өмірден алынған  оқиға желісінде жазылған.

«Сәкен туған Көкшетаудың Қызылту ауданы Ресейдің Омбысымен шекаралас ел.  Кеңестік  солақай саясаттың тепкіні мен екпінінен алдымен ауылдағылар жапа шегіп, қазақ мектептері жабылып, мал бағып күнелткен ел-жұрт отырған ауылдарынан жан-жаққа ағыла көше бастайды. Сол кезде үсті-үстіне қаулап шығып жатқан  тың туралы қаулылардың бірін халық алдында оқып беруді жас мұғалім Сәкенге тапсырады. Сонда, болашақ жазушы Сәкен   сол жерде не істеді  дейсіз ғой? Шағын кітапша болып шыққан қаулыны қалың жұрттың алдында белінен бір-ақ жыртыпты да:

–Мен, Хрущевтің саясатына қарсымын! – деп трибунадан түсіп, алды-артына қарамай тартып отырған.

Сол сәттен бастап, Қызылту ауданында алашапқыншылық басталады. «Ойбай, Сәкен Жүнісов деген жас жігіт «халық жауы» болып шығыпты!». 1937 жылдан болмаған осынау «тосын жаңалықты» мектеп директоры дереу аупарткомға хабарлаған, аупартком жерден жеті қоян тапқандай обкомға жеткізген. Обком жедел «комиссия» құрып, Қызылтуға аттандырады. Ішінде «қызыл жағалылары» да бар дейді. «Саяси қылмыскер» болған соң, әрине, қауіпсіздік комитетінің мүшелері де кеңінен қамтылыпты… «Мұздай қаруланған» жедел топ келе жатыр!» деген хабар Сәкенге де жетеді. Содан, әлдекімдер «қаш» деп үгіт айтып, ақыры Алматыға аттандырып жібереді. Қызылтуға келген соң «комиссия» Сәкеннің орнын сипалап қалады. («Сәкен серіні сағыну», естелік-эссе, С.Тұрғынбекұлы. «Қазақ әдебиеті»,1994 жыл).

Осылайша, осы бір жағдай  оның туған ауылынан Алматыға кетуіне себеп болып, ол жақта да Сәкен Жүнісовтың соңынан үкімет адамдары түсіп, біраз әуре-сарсаңға салса керек. Міне, жетпіс жыл бойы қылышынан қан тамған кеңестік биліктің қызған тұсында оған қайыспай қарсы шығу көзсіз ерлік еді. Сәкеннің кеңес үкіметінің қазақ даласына, ұлтына, салт-дәстүріне қолдан жасалып жатқан қиянатына шыдап тұра алмағандығы анық. Сондықтан да, ол ешқашан коммунистік партияның мүшелігіне өтпеген, тіпті, оны мойындамады десе де болады. Ол өз өмірін тек жазуға, шығармашылыққа арнады. Алматыда Сәкеннің шынайы шығармашылық шеберлігі шыңдала түсті. Сол кездегі атақты тұлғалар М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, тағы басқа да белгілі жазушылармен етене араласып, жазуға белсене кірісе бастады. М.Әуезов оның аспирантурада ғылыми жетекшісі ғана емес, әрі сыншысы, ақылшысы да болды.

Сәкен алғашқы шығармаларын балаларға арнап жазды. Автор қолымен көптеген спектакльдер мен пьесалар дүниеге келді. Оның шығармаларының бірсыпырасы шет тілдерге аударылса, ал, өзі Л.Н.Толстойдың, С.Цвейгктің әңгімелерін, О.Т.Гончардың «Перекоп», «Көкадыр» романдарын қазақ тіліне аударған. Сәкен Жүнісов өз туындыларының барлығын шынайы өмірмен тығыз байланыстырды. Жазушы әрбір шығармасының мазмұнында қоғамдық, отбасылық, ұлттық тәрбие мәселелері мен ұлттық құндылықтарды насихаттаумен қатар, осы бір қадір-қасиеттерді айқын бейнелеуге аса ыждағаттылықпен көңіл бөлді.

Осы орайда, Сәкеннің «Ажар мен Ажал», «Тұтқындар», «Жаралы жүрек», «Әр үйдің еркесі», «Қос анар», «Қызым, саған айтам» пьесалары республика театрларында қойылып,  көпшілік көрермен көңілінен шықты. Жазушы-драматургтың «Қызым, саған айтам» пьесасының мазмұнына көз салар болсақ, ел ішіндегі соғыстан кейінгі тұрмысты, адамдардың тыныс-тіршілігін боямасыз шынайы суреттеген. Ел басына төнген сонау сұрапыл жылдарда соғыстан оралған Мұраттың отбасылық өмірін, оның жеке басының адами қасиеті, жарға деген адалдығын, өзінен тумаған қызы Сәулеге әкелік қамқорлығын әсерлі  бейнелесе, оның әйелі Рәзияның өз айналасындағы Құмар, Шүйкетайлармен қосылып, отбасының қадірін түсінбей, байлық, мансап, жеңіл өмірді қуамын деп мүгедек болып, өмірді кеш түсінуін де шебер сипаттайды. Пьесада Шарипа мен өгей әкесі, қойшы Жәкуда арасындағы әке мен қыздың бір-біріне қамқор, жанашарлығы жақсы суреттелген. Келесі кейіпкерлер, қоғамға жат тұрпайы, зиянды іс-әрекетпен айналысушы Шүйкетай мен Құмардың өмірлерінің соңы қорлықпен өткендігі кез-келген дүниенің өмірде сұрауы болатындығын айқындап береді. Жас жүргізуші солдаттың, «Ұяң жігіт» пен медбикенің жоғары адамгершілік қасиеттері де сәтімен  бейнеленеді.

Пьесаның соңында Рәзияның қызы Сәулеге өзінің өмірі туралы бар шындықты айтуы, әкесі болып ақша салып келген Мұраттың  адал, ер азамат екендігін мойындауы жүрекке терең ой салатындығы анық. Ол өзінің жар қадірін білмегендігі, өмірдің жеңіл тұстарын таңдауының салдары осындай халге душар еткендігін мойындады. Сәуленің өз әкесі Құмардың қиындық туғанда қолдау көрсетпей, бой тасалағандығын, қиын сәтте Мұраттың осы жүкті ер азамат ретінде бірге көтергендігін, бірақ, асыл азаматтың қадірін білмегендігін кеш түсінген әңгімесінен үлкен өкініштің ізі білінеді. Рәзия, Құмар екеуінің  жолда тоқтатқан көліктегі жүргізуші жас солдаттың өз басын саудаламай, бүлдіршіндерді қорғаймын деп қапыда қаза табуының өзі үлкен ерлік, үлгі ретінде суреттеледі. Аңдамай басып, өзінің мүгедек болып қалуының  бәрі, өмірдің мәнін түсінбей, сол өмірді шын бағаламағандығының себебі екендігін кеш ұғынғандығы баяндалған.

Мұраттың сот алдында жазықсыз сәбиді қор болмасын деп панасына алып, қамқор болуы үлкен  азаматтыққа лайық іс еді. Қызы Сәуленің өз әкем деп келген Мұратқа өкпе-ренішінің болмауын өтінгендей кейіпте болған Рәзия, соңында операцияға келісім беріп, өмірден озады. Рәзия өлер алдында қызына ағынан жарылып, дүниеқоңыздық пен мақтан сүйгіштік, өтірік көлгірсу сияқты бойымдағы ағаттық саған дарымасын деп 18 жыл бойы сені сабындай жуып келемін. Енді соңғы сөзімді тыңда!.. Қызым, саған  айтам! – дейді.

Автор пьесасындағы Рәзия бейнесі болашақ ана, адал жар, ретінде болашақ қазақ қыздарының өмірдегі қадамдарын аңдамай баспас үшін үлкен өмірлік сабақ іспетті. Міне, осылайша автордың бұл шығармасы өмірдің сахнасынан алған шынайы бейнелер, кейіпкерлер. Пьесада өмірдегі құндылық атаулының, қиындықтар, адамгершілік пен ар-ождан, адамдар арасындағы қарым-қатынас, жауапкершіліктің қай-қайсысы болсын анық жазылған. Жазушының қай туындысы болсын, қайнаған күнделікті өмір тынысы мен тіршілігінен алынған. Қойылымдарды көре отырып, туындыларды оқи отырып, сол жазылған дүниеде бірге болғандай күй кешесіз.

Жазушы-драматург Сәкен сері, оның шығармашылығы хақында «мен» деген небір әдебиет саласының майталмандары шынайы жоғары бағасын бере білген.

Ендігі кезекте сонау бір кезеңдегі сол бір замандастарының Сәкен серіге деген ықылас-ниеттері, оның бітім-болмысы боямасыз сипатталған әңгімелеріне көз жүгіртер болсақ, нағыз қазақтың біртуар дара тұлғасы болғандығын көреміз.

«Ол әдебиет пен өнер шеберлерінің ішіндегі аса дарындыларының бірі екені даусыз». Кезінде көрнекті  жазушы Рамазан Тоқтаров Сәкен серінің 60 жылдық тойында шынайы адал сөзін арнай келе, Сәкен Жүнісов туралы ойын былай қорытындылаған екен: «Жазушы халық арасында жүргенде, ол дүниенің алақанында, ал, жазу үстелінде отырып, өзімен-өзі жалғыз қалғанда, дүние оның алақанында» (Ж.Есекеев. «С.Жүнісовтың өмірі мен шығармашылық жолы» .Massaget.kz)

Сәкеннің «Ақан сері» романындағы қазақ даласының көрінісін, Ақан серінің шынайы бейнесін, сол тұстағы қазақтың тұрмыс-тіршілігін нақты суреттеуінің өзі бұл асқан шеберлікпен, тарихқа терең бойлап, ұшқыр оймен жазылған туынды екендігін еріксіз мойындатады. Ақан сері өз заманының қайталанбас тұлғасы болса, Сәкен сері өзгерген заманның тұлғасы болып, сол бір өткен кезеңдерді көз алдымызға келтіреді, Ақанның кейпін  қайталағандай көрініс береді. Егер де, Сәкен сері  тұсында сол замандағы уақыт тынысы қайта оралса, ол да Ақан серідей ел аралап, жанына өңкей жақсы мен жайсаңдарды жинап, серіліктің салтын жасар ма еді.

Міне, Ақан серідей ұлы тұлғаны суреттеуіне және автордың бойында да сондай барлық дерлік қасиеттің бар екеніне сүйсіне отырып, академик жазушымыз Ғабит Мүсірепов те «Бойындағы қасиеттері, жазуына қосымша әншілік, домбырашылық өнеріне, мінез, тірлік әрекетіне орай, мен Сәкенді біздің Сәкен сері деп атағаным бар» деген. Жазушы, драматург  Серік  Тұрғынбековтың Сәкен ағасына:

«Жанып бір алсаң жарқылдар нағыз алмастар,

Алмас бар жерде алтының оған болмас пар,

Әлемде мынау аққудың аздығы секілді,

Сәкендер аз ғой, Сәкендер аз ғой, жолдастар», –

дегенін дұрыс айтылған теңеу деп қолдаған академик Зейнолла Қабдоллов 1984 жылы.

Қазақтың жазушы, драматургі Сәкеннің кесек тұлға, кереметтей тума талант екендігін осы бір ізгі-ілтипаттардан анық байқауға болады. Ол 17 пьесаның, көптеген шығармалардың авторы. Шығармашылығын өлең жазудан бастап, прозамен жалғастырған Сәкен серінің жарты ғасырлық ғұмырында әдебиеттегі басты тақырыбы  ұлт тағдыры, халқымыздың өткен тарихы, адамгершілік, мораль, ана тілі сияқты өткір де сарабдал мәселелер болды.

Жазушы қоғамдағы, отбасы тәрбиесіндегі  ұлттық тіл мен ұлттық қасиетке аса мән берді. Әсіресе, ана тілімізді қайткен күнде көтеріп, оның жойылып кетпеуіне жол бермеу қажеттігін ұдайы ел болып, халық болып басты назарға алу керектігін насихаттаудан бір танбады. Тілге қатысты бүгінгі белгілі тұлға Дихан Қамзабекұлымен өз кезеңіндегі бір сұхбатында  былай деген: «Тілді табиғи қалпына түсіру, халық сұранысына сай дамыту құрғақ ұранмен, жалпақ шешейлікпен, ақымақтықпен жүрмейді.

Балаларымның анасы қайтып,қыздарымды тәрбиелеуді өз қолыма алдым. Қыз баласы нәзік жан, көп аялауды, баптауды қалайды. Оларға жүрекпен сөйлеу керек, айтқанын жүрекпен қабылдау керек. Содан бір қызым қазақ балабақшасына баратын.  Бәрі жақсы сияқты еді. Бір күні бала бақшадан біреу телефон шалады: «Ойбай, бізде төтенше жағдай. Ата-анасыз ғой, жиналысқа келіңіз» деп. Бардым. Сөйтсем, оқиғаның мән-жайы былай екен. Балабақша басшылары қазақ тіліндегі топтар үшін ауылдың қыздарын жұмысқа алған. Олардың бірлі-жарымы балақандарды «тәртіпке салған» кезде «көгермегір», «жетпегір», тағы басқа деп қарғайды екен. Директордан бастап, талайлар мінберге шығып, әлгілерді қарша боратып сынады. «Қуу керек, босату керек!» дегендей. Содан мен сөз сұрадым. «Айналайындар, мен Сәкен Жүнісов деген классик жазушы ағаларың боламын. Мен қалайша жазушы болдым? Мені екі шешем бағып өсірді. Бұзық болған шығармын, бала сотқар болмай тұрмайды, солар мені азаннан кешке дейін қарғайтын. Қазақ тілінің бір байлығы сол қарғыста жатыр. Содан мен жаман болдым ба? Олар мені жақсы көріп тұрып қарғайтын.

Себебі, әйел адамы, ұяты бар, боқтай алмайды. Сондықтан қарғайды. Мына тәрбиеші қыздардың басқа жағы дұрыс болса, қарғысында тұрған ештеңе жоқ» дедім. Бұл сөзімнен кейін жиналыс 180 градусқа өзгерді. Менен кейін сөйлегендер тәрбиеші қыздарды қорғады. Сөйтіп, әлгі қыздар аман қалды. Мұны неге айттым? Тілді үйретуде, дәстүрді меңгертуде орайын табу керек. Қатып қалған заң да, тәртіп те жоқ»

Сәкен серінің осы бір сұхбатындағы әңгімесінен қазақи тәрбиеден өткен, таза жанды, ұлт жанашырын көреміз. Жазушы қамқор әке, ағайын-туысқа жақын, шындық бар жерде жалтаруды білмейтін жайсаң жан екендігімен көпшілік көкейінде мәңгілікке сақталып  қалғандығы рас. Жүрген жерінде сөзге шебер, ұтқыр тіл мен ұшқыр ойдың иесі болғандығын, домбыра шертіп, әуелетіп ән салып, отырған ортаның  сәніне айналғандығын көпшілік қауым сүйсіне еске алады. Онымен сыр шертісу, оның әңгімесін тыңдау, онымен дос-жолдас болудың өзі ұзақ сапардағы жолаушыға «шаршамайтын қанат беретіндей» әсер ететін дейді жақын білетін замандастары.

Сәкен сері «Маған адамгершілік ұлылығы бар тұлғалар ұнайды» деген. Иә, өйткені, оның өзі де  дара туған, өз заманының адамгершілгі жоғары ұлы тұлғасы еді. Жазушының кейінгі ұрпақтар үшін, қазақ әдебиеті тарихының қоржынына   қосқан сүбелі үлесі ұшан-теңіз.

Қазақтың тарихындағы ұлттық сана мен салт-дәстүрдің шайқалмас шаңырағын көтеріп, қазығын қаққан Ақан сері, Біржан салдардың Көкшетауды әуелеткен әнінің, сай-саласы,  тау-тасын жүріп өткен ат тұяғының ізімен  Сәкен сері де мәңгілікке жол тартты. Арқада Ақан сері сияқты Сәкен сері әуелеткен ән де қалықтап, сайын даланың қыраны қазақ халқының көк аспанында мәңгі самғай бермек. Жазушы Сәкен серінің бейнесі қазақ халқы үшін ұлттық рухтың өзіндей қазақ  әдебиетінің тарихында  мәңгі сақталады.

                                                                            Ғалия НАЗАРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар