Жуырда Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен Көкшенің күміс көлдерінің бірі Шортан су айдынында жаппай жүзуден «Pikeman 2025» ашық турнирі өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 500-ден астам қатысушы жиналды.
Бұл айтулы спорт додасы жай ғана бастама емес, спорттың, ішкі туризмнің және экологияға қамқорлық танытудың мерекесі болды деуге келеді. Ерлер санатында осы Владислав Сухарев жүзудің абсолютті чемпионы атанса, әйелдер сапында Людмила Яковлева жеңімпаз болды. Олардың жеңісі бізді үлкен қуанышқа бөледі. Десе де, біз үшін рекордтық көрсеткіштер ғана маңызды емес, адамдардың бірігіп, жаппай қатысуына көбірек алаңдаймыз – дейді ұйымдастырушылар қауымы.
Аталмыш жаппай жүзуге кәсіби спортшылармен қатар қарапайым азаматтар да, балалы отбасылар да және Бурабайға дем алуға келген туристер де қызығушылық танытты. Іс-шара қолжетімді, тегін ұйымдастырылды.
Жаппай жүзуді ұйымдастырушы және спорттық жобалардың бастамашысы Теміржан Әбдірахманов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға ыстық ықыласын жеткізді.
–«PIKEMAN» – бұл жай ғана спорттық шара емес. Бұл үлкен идеяның бір бөлігі. Бұқаралық спортты қолжетімді ету, адамдарды белсенді болуға талпындыру, айналасындағы табиғатты сүюге және туған жеріне саяхатқа шығуға ұмтылдырып, сол арқылы ел азаматтарына шабыт беру. Біз мұндай оқиғалар арқылы қоғам мүшелерінің бойында салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастырып, ішкі туризмнің дамуына ықпал етуге ұмтыламыз. Қатысушыларды табиғат-анаға құрметпен қарауға тәрбиелеу де өте маңызды және біз оларды әр қадамы сайын экологиялық жауапкершілікті ұмытпауға шақырамыз, –дейді бізге де Теміржан Әбдірахманов.
«PIKEMAN — 2025» Қазақстанның ең әдемі мекендерінде өтетін жазғы спорттық іс-шаралар топтамасының бірі ғана. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар белсенді демалысты насихаттап қана қоймай, көрікті Бурабайдың бірегей табиғатын қорғауға назар аудартуға көмектеседі, спортты салауатты және экологиялық өмір салты құндылықтарын ілгерілетудің қуатты құралына айналдырады деген сенімде.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Бурабай ауданы.
![]()

