Көкшетауда елімізде тұңғыш рет «Жұмысшы мамандықтары жылына» «Құрмет саған, құрылысшы!» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Қарапайым еңбеккерлердің мәртебесін көтеруге бағытталған ақындар айтысына облыс әкімі Марат Ахметжанов қатысып, өз құттықтау сөзінде айтыс өнерінің сан қырын жан-жақты аша келе, бүгінгі додада бағын сынаған барша ақындарға сәттілік тіледі.
Бұл айтыс бұрынғы айтыстан өзгерек өтті. Олай дейтініміз қарапайым жұмысшы мамандықтарының қоғам көшіндегі елеусіздеу рөлі, олардың маңдай тер, қол еңбегін сарп етіп жететін адал еңбегі жырланған бұл айтыс ел тарихында тұңғыш рет Көкшеде ұйымдастырылып отыр. Барша жұмысшы қауымның беделін арттыруға бағытталған айтулы айтысқа алдымен облыс әкімдігі барынша қолдау көрсетіп, содан соң осындағы айтыс жанашырлары дүбірлі доданың дұрыс өтуіне, айтыс десе делебесі қозатын халықтың құлағына күні бұрын жетуіне жағдай жасапты. Сол себепті айтыс деп алқынып келген көпшіліктің көптігі сонша, тіпті залда ине шаншар орын болмады. Ал, осы айтысқа қаражатын аямай төккен «Жақыпов» компаниясының директоры белгілі меценат Сайран Жақыпов демеушілік етті. Бүгінде ұлтымыздың өнері өлмей, оның әрі қарай да өркендей түсуіне өресі биік, өрісі кең осындай азаматтар демеушілік етпесе, не болатынын елестетудің өзі қиын. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген ақындардың әрқайсысы Жақыповтың жақсылығынан шет қалған жоқ. Ақындар да алқымына келген асыл сөзді ірікпестен, айтыссүйер қауым күткен думанды бәсекені одан сайын қыздыра түсті.
Облыс әкімі Марат Ахметжанов Көкше өңіріндегі айтыс өнері ежелден бастау алатынын, оның басында атақты Орынбай, Ақан сері, Науан хазірет, Нысанбай сынды арқалы ақындар тұрғанын оның жалғасында Көкшенің көк семсері атанған Көкен Шәкеевтен кейін де айтыс ақындарының бір тобы шоғырланғанын айта келіп, ұлтымыздың ұлық өнері мәңгілік жасай беретінін атап өтті. Сонымен қатар, аймақ басшысы бар қазақтың Көкшесі атанған осынау сұлу өлкеміздің қадір-қасиеті жайлы, ежелден ән-жырдың бесігі болып тербетіліп келе жатқан арқа топырағы турасында тебірене сөз сөйлеп барып, келген қонақтардың қадамына құт, ақындарға сәттілік тіледі.
– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Құрмет саған, құрылысшы!» атты республикалық ақындар айтысының Көкшетау жерінде өтуі өңіріміз үшін үлкен мәртебе. Бұл жай ғана сөз шеберлерінің сайысы емес, құрылысшылардың еселі еңбегін мойындау, олардың тек өңіріміздің ғана емес, бүкіл елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесін бағалау, – деді ол ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.
Айтыстың жүргізушісі белгілі айтыскер ақын, ғалым, қоғам қайраткері Аманжол Әлтаев болды. Бүгінгі айтылар сөздің тізгінін алақанында ұстаған жүргізуші ақындарға кезек бермес бұрын алдымен Ақмола өңірінде күндіз-түні бір тынбай, еңбегін ел дамуына арнап жатқан барша жұмысшылардың нәтижелі жұмысын айтып өтті.
– Ардақты ағайын, бүгінде Ақмола облысы елордамыз Астананың негізгі азық-түлік белдеуіне айналып отыр. Астананың миллиондаған халқының балмұздағы мен ішіп жейтін сусынынан бастап, сүті, ірімшігі мен жейтін етіне дейін осы жердің еңбеккерлерінің адал өнімі. Біздің Ақмола облысы тек қана экономикалық әлеуетті аймақ қана емес, мемлекеттігіміздің ата тарихындағы, төл тарихымыздағы небір тағдыршешті тарихи шешімдердің қабылданған өлкесі. Әріге бармаған күннің өзінде кешегі хандық дәуірдегі қазақ хандарына алтын тақтың үстінде тұғыр бола білген, кешегі хан Абылайды ақ киізге көтеріп, хан сайлап, сән-салтанатымен жараса білген өңір. Сондықтан да, осындай елдігіміздің, біздің ата тарихымыздың алтын тамыры бойлаған осынау киелі Көкшетауға ақындардың келуі тарихи сәт, – деді ол кеш барысында сөйлеген сөзінде.
Алатау мен арқадан, ақындарым келіпсің,
Тілдерінен бал тамған, жақындарым келіпсің, – деп Жамбыл ақын жырлағандай осынау жыр додасына еліміздің әр аймағынан ұзын саны 10 ақын қатысып, бақ сынасты. Арқалы ақындар Ақмоланың кешегісі мен бүгінгісін өз жырларына арқау ете отырып, бүгінгі қоғамның да түйткілді мәселелерін түйрей өтті. Тақырыптың тұздығы болған құрылыс саласына қатысты Көкшетаудағы соңғы жылдары салынған құрылыс нысандарын да жырға қосты. Ай сайын ажарланып, күн сайын көркейіп келе жатқан Көкшенің бүгінгі келбеті ақындардың аузынан түскен жоқ.
Осынау айтулы жыр додасында ақындардың сөз саптап, орамды ой тастауына филология ғылымдарының докторы, академик, жазушы әрі журналист Уәлихан Қалижан бастаған әділқазылар алқасы өз бағасын берді. Қазылар алқасының құрамына өзге де мәдениет пен ғылымның танымал қайраткерлері енді. Олардың қатарында филология ғылымдарының докторы Қойлыбай Асанов, ақын Серікзат Дүйсенғазы, айтыскер ақын Арман Бердалин, халықаралық ақындар-айтыскерлер одағы Ақмола облыстық филиалының төрағасы, жыршы-термеші Құдайберлі Мырзабек және мәдениет саласының басқа да құрметті өкілдері болды.
Еліміздің төрт бұрышынан жиналған ақындар нағыз шаппа-шап айтыс жасап, жырға сусаған халықтың қошеметіне бөленді. Әсіресе, көкшетаулық Мұхаммед Қонқаев пен павлодарлық Аспанбек Шұғатаевтың айтысы тартысты өтті. Сұлу сөз бен орамды ой құраған ақындар айтыс деп делебесі қозған жұрттың көңіл пернесін дәл тап басып, жарасымды әзіл-қалжыңға қарқ қылды. Ұтымды ұйқас пен күрделі ой орамдарынан тұратын айтысты қарапайым сөзбен суреттеп айтсақ, алғаш сөз бастаған Аспанбек ақын «әуіп» дегеннен-ақ, Мұхаммед ақынға «қорадан шыққансың, қалай музей директоры болып жүрсің» деп қағытпа әзілін төкпелей жөнелді. Аспанбектің аспандап айтқан бұл сөзіне Мұхамед те қарап қалмай, жалпы «қора» ұғымының қазақпен егіз екендігін жырлай келіп, осындағы отырғандардан «қора көріп өскендеріңіз қол көтеріңіздерші» деп залды бір шулатып жіберді. Сөйтіп, қарымтасын қайтарған Мұхаммедке «соқтығуын» доғармаған Аспанбек ақыры осы айтыста екі шапан, екі бөрік бір ат мініп қайтты. Көкшеде өнерді жоғары қоятын жомарт азаматтар аз емес қой, тегінде. Аспанбектің астына ат мінгізген Краснояр ауылы мешітінің имамы Науан имам молдалықпен қатар қазақтың сөз, ән-жыр өнерінің жанашыры ретінде көп өнерпазға қолдау көрсетіп жүрген, өзі де ескі аңыз-әңгімеге қанық, ұлтымыздың төл перзенттерінің бірі.
Көкшеде дүркіреп өткен айтыстың ажарын кіргізген ақындардың тағы бір жұбы ақтөбелік Нұрбол Жауынбаев пен алматылық ару Нұрзат Қарудың айтысы да көпшіліктің көңілінен шықты. Бұл ақындар да қазақы әзіл-қалжыңмен қыз-жігіттің айтысының көрінісін көрсетті.
Сонымен бес сағат бойы құрылысшылардың құрышты еңбегін жырлаған ақындардың сән-салтанатты айтысы да өз мәресіне жетіп, оза шапқан жүйріктер ел алдында марапатталды. Бір қызығы сол бес сағат бойы келген халықтың тоқсан пайызы тапжылмай отырып, айтысты аяғына дейін тамашалады. Бұл да болса, ұлт руханиятының әлі де әлсіремегенін көрсетеді деп топшыладық өзіміз. Сөз сайысында тақырыптан ауытқымай, тартысты айтыс жасаған түркістандық Дәурен Ақсақалов осы айтыстың Бас жүлдесін иеленді. Қанжығасына 3 миллион теңгені байлап жатып: «Мен бұл жүлдені үш жүздің басын қосқан Абылайдың орда тіккен жерінің Абылайдың жатқан жеріне тартуы деп қабылдаймын» деп аталы сөз айтып, бір ауыз ұйқаспен түйіндеді. Айтыс қорытындысында павлодарлық Аспанбек Шұғатаев жүлделі I орын иегері атанып, оған 2 миллион теңге қаржылай сыйлық берілді. Ақмола елінің атынан қатысқан Мұхаммед Қонқаев жүлделі II орын үшін бір жарым миллион теңгелік сертфикатпен марапатталды.
Ақтөбеден келген Нұрбол Жауынбаев пен түркістандық Еркебұлан Қайназаровтар өзара III орынды бөлісіп, әрқайсысы 1 миллион теңгеден қаржылай сыйлыққа ие болды. Ал,қалған қатысушы ақындардың барлығына бес жүз мың теңге қаражат берілді.
Осылайша, кешегі Біржан мен Ақанды ардақтап, Орынбай ақынның ордалы сөзі үшін ықыласын білдіріп, осы топырақтан шыққан барша жақсы-жайсаң мен бай-бағланның бәріне тілеулес болған Көкше жұрты бұл ақындарды да алқалап, жолға салды. Біз де өз кезегімізде мұндай ауқымды шараның әлі де болса көптеп өтетініне, Көкшеде өнер құдіреті өрістей беретініне сенім білдіреміз. Оған әрине, ешқандай да күмәніміз жоқ.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

