Инвестиция
Жуырда «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2025 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша Инвестициялық бағдарламаның орындалуы жөнінде тыңдаулар өткізді.
«Көкшетау Энерго» ЖШС-нің коммерциялық мәселелер жөніндегі бас директордың орынбасары Гүлшат Иржанованың атап өтуінше, инвестициялық бағдарлама тұтынушыларды сенімді, үздіксіз және сапалы электр қуатымен жабдықтауды қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл – электр желілері мен энергетикалық жабдықтарды жаңғырту, қайта құру, жаңа арнайы техникаларды сатып алу және электр энергиясын беру есебін жетілдіру арқылы жүзеге асырылады.
2025 жылға арналған «Көкшетау Энерго» ЖШС-нің Инвестициялық бағдарламасының жалпы сомасы – 2 700 000 мың теңге. Бағдарлама аясында онымен бірсыпыра жұмыстар жоспарланған. Олардың қатарында электр қуатын жеткізу желілерін ұзарту және қайта құру, жаңа техникалар алу, Көкшетау қаласындағы «РК-2» жылу беру кәсіпорнының қосалқы станциясын жаңарту, тағы басқа жоспарлы істер бар.
2025 жылдың бірінші жартыжылдығында осы бағытта 257,243 миллион теңге игерілді. Қазіргі таңда әуе желілерін қайта құру жұмыстары аяқталуға жақын. Жалпы ұзындығы 44,5 шақырым әуе желілеріне 1925 дана темірбетон бағана орнатылды. Барлық нысандарда СИП 4х50 маркалы магистральдық сым тарту жұмыстары аяқталды. Қазіргі кезде тармақтар мен қосқыш арматураларды монтаждау, жеке учаскелерді іске қосу және сынақ жұмыстарын жүргізу жүріп жатыр.Ұзындығы 1,75 шақырым 0,4 кВ кабельдік желілерді қайта құру бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары толық көлемде аяқталды. Сонымен қатар, 10 кВ кабельдік желілерді қайта құру жұмыстары да аяқталу сатысында.
Жеті данажиынтықты трансформаторлық қосалқы станцияларын қайта құру жұмыстары да аяқталуға жақын. Барлық қажетті құрылыс материалдары мен жабдықтар жеткізілді.Өндірістік процестердің тиімділігін арттыру және пайдалану шығындарын азайту мақсатында 2025 жылғы Инвестициялық бағдарлама аясында 10 тонна жүк көтергіштігі бар манипулятор және 25 тонна жүк көтергіштігі бар автокран сатып алынды.
–Көкшетау қаласындағы «РК-2» кәсіпорнының және Кішкенекөл ауылындағы «Қызылту» қосалқы станцияларын жаңғырту жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Жаңартылған нысандар мен Инвестициялық бағдарлама аясында ауыстырылып жатқан басқа да объектілердің пайдалануға берілуі осы қосалқы станциялар қызмет көрсететін тұтынушылардың электрмен жабдықтау сапасын айтарлықтай жақсартады, апатты ажыратулар санын азайтып, шығындарды төмендетеді. Барлық жұмыстар жоспарға сәйкес уақытында орындалады, – деп түйіндеді тыңдауда өз сөзін Г.Иржанова.
Тыңдауға қатысқан қоғамдық жұртшылық өкілдері «Көкшетау Энерго» серіктестігіндегі өндірісті жаңартуға деген бұл ұмтылысты қолдап, алда да кәсіпорынға түскен қаржы есебінен осы жұмыстарды жалғастыра түсу жағына тілектестіктерін білдірді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

