Ақмола облыстық әкімдігінде Ұлттық статистика бюросы мен Қазақстан Республикасындағы БҰҰ балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілдерімен кездесу өтті.
Сапар ЮНИСЕФ-тің балалардың құқықтарын қорғау, орнықты даму және өңірлік деңгейде әлеуметтік саясат саласындағы әріптестікті нығайтуға және басымдықтарды ілгерілетуге бағытталған арнайы миссиясы шеңберінде өтті.
ЮНИСЕФ 2024 жылы Мульти-индикаторлық кластерлік зерттеу (МИКС) жүргізу кезінде тиімді ынтымақтастық пен белсенді қолдау көрсеткені үшін Ақмола облысы әкімдігіне алғысын білдірді. Зерттеу медициналық көмек деңгейінен бастап білім беру, тамақтану және әлеуметтік қорғаумен қамту жағдайларына дейін аймақтағы әйелдер мен балалардың жағдайы туралы құнды мәліметтер алуға мүмкіндік берді.
МИКС нәтижелеріне сәйкес, Ақмола облысы бірқатар бағыттарда маңызды жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Соңғы 10 жылда өңірде 5 жасқа дейінгі балалардың өлім-жітім деңгейі 1000 тірі туылғанға шаққанда 10,13-тен 4 жағдайға дейін төмендеді, ал, неонаталдық өлім-жітім көрсеткіші нөлдік деңгейде. Аймақтағы вакцинация көрсеткіштері барлық вакцина түрлері бойынша, В вирустық гепатитінен басқа, ел бойынша орташа деңгейден жоғары. Орта есеппен 50-80 пайыз аралығында. Жекелеген вакциналар бойынша көрсеткіштер сәл жоғары – БЦЖ1 – 91,3 пайыз, ВВГ (туғаннан кейін) – 86 пайыз. Өңірде әйелдердің 97 пайызы жүктілік кезінде кемінде 4 рет дәрігерге қаралады, бұл халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Облыста 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдер арасындағы ерте неке 1,3 пайыз және бала туу көрсеткіштерінің ең төмен көрсеткіштерінің бірі, ел бойынша 18-ші орын. Өңір Қазақстанда балаларды ерте дамыту индексі бойынша 4-ші орында тұр, мектептерде үш ауысымдық оқыту жоқ, ал апаттық жағдайдағы оқу орындарының үлесі небәрі 0,4 пайыз.
Сонымен қатар, зерттеу жіті назар аударуды қажет ететін бірқатар бағыттарды анықтады. Балалар арасындағы артық салмақ пен семіздік көрсеткіштері ерекше алаңдаушылық туғызады. 5-9 жастағы балалардың әрбір үштен бірі орташа семіздікке, 100 баланың 8-і ауыр семіздікке шалдыққан. Сондай-ақ, соңғы 10 жылда орташа бой өсуінің баяулау мәселесі (2,9 пайыздан 3,9 пайызға артқан). Аймақ жаңа туған нәрестелерге күтім жасау бойынша 18-ші орында. Себебі, әрбір екінші нәресте шығарылғаннан кейін бір апта бойы бақылаусыз қалады. Әр 100 мың балаға шаққандағы педиатрлар саны бойынша аймақ елде 10-орында. Сонымен қатар, математика және оқу сауаттылығы бойынша білім сапасы елдік орташа деңгейден төмен, яғни, ел бойынша 14-орын.
Ақмола облыстық әкімдігінің және ЮНИСЕФ, Ұлттық статистика бюросының өкілдері балалар мен әйелдердің мүддесі үшін өңірлік бағдарламаларды әзірлеу және түзету кезінде МИКС деректерін тұрақты пайдаланудың жоғары маңыздылығын атап өтті. Алынған деректер өңірдегі тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) ведомствоаралық жоспарлауда және іске асыруды жеделдетуде маңызды құрал болып табылады.
Тараптар кездесуде өңірдің тұрақты дамуына және әрбір бала үшін қолайлы орта құруға бағытталған одан әрі стратегиялық ынтымақтастыққа және бірлескен бастамаларды іске асыруға әзір екендіктерін растай түсті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

