Ақмола облысында 2025-2026 оқу жылына жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі біліммен кадрлар даярлау үшін мемлекеттік білім беру тапсырысы қалыптастырылды.
Бұл ретте, бөлінген гранттар саны 110, оның 76-сы – бакалавриат, 34-і – магистратураға тиесілі.
Жаңа оқу жылына мемлекеттік білім беру тапсырысы конкурстық негізде 3 жоғары оқу орнында орналастырылды. Ол оқу орындары – Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті және А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті.
2025 жылғы 17 тамызда аталған жоғары оқу орындарында бакалавриатқа жергілікті атқарушы органның гранттарын тағайындау үшін талапкерлерден офлайн түрінде өтініштерді қабылдау аяқталды. Абитуриенттерден 13 мамандық бойынша барлығы 114 өтініш түсті.
Жергілікті атқарушы орган білім беру грантын тағайындау конкурстық негізде, талапкердің Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) сертификатының балдары мен арнайы емтихан нәтижелерін ескере отырып жүзеге асырылды.
Сонымен қатар, грант тағайындау кезінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 26 шілдедегі № 57 бұйрығымен бекітілген жоғары оқу орындарына қабылдау кезіндегі квоталар да ескерілді.
Осы ретте айта кететін бір жай, ЖАО қаражаты есебінен грант негізінде оқуға түскен азаматтармен Ақмола облысы аумағында кемінде 3 жыл еңбек ету туралы келісім-шарт жасалады. Грант иегерлерінің толық тізімі Ақмола облысы әкімдігінің, білім басқармасының сайтында және әлеуметтік желілерде жарияланды.
Ақмола облысы əкімінің баспасөз қызметі.
![]()

