Тағзым
Өмірден Альберт Сейдахметұлы Өтепов ағамыздың өткендігі туралы хабарды ауыр сезіммен естіп-білдім. Медицина саласында жүрген көбімізге абзал аға, тәлімді ұстаз бола білген жан еді.
Альберт ағамыз 1941 жылы 1 қаңтарда Көкшетау облысы Арықбалық ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін 1959 жылдан 1961 жылға дейін Көкшетау механикалық зауытының циферблатты сағаттарды құрастыру цехында слесарь-юстировшы болып жұмыс істеп, осы екі жылда кәсіби тұрғыдан бесінші разрядқа дейін өседі. 1961 жылы арман жетелеп, Қарағанды мемлекеттік медицина институтына оқуға түсті. Тәжірибелік жұмысын институттың үшінші курсында Қарағанды қалалық ауруханасының қабылдау бөлімінде бастады.
Институтты бітіргеннен кейін 1966 жылы Көкшетау денсаулық сақтау бөлімінің қарамағына келіп, облыстық ауруханаға ортопед-дәрігер ретінде жұмысқа қабылданды, кейіннен травматологиялық бөлімшенің меңгерушісі болып тағайындалды. Альберт Сейдахметұлы облыстағы балалар мен ересектерге арналған жалғыз травматологиялық бөлімшенің меңгерушісі болды. Ол ең ауыр халдегі науқастарды қабылдады, емделушілердің жанынан шықпай, талай ұйқысыз түндерді өткізді. Осы тұрғыда өзіне түскен ауыр салмақтарға сыр бермеді. Аудандық ауруханалардың жанынан травматологиялық төсектер ашу туралы ұсыныс жасады, бұл үшін Альберт Сейдахметұлы кадрлар даярлаумен, аудандық ауруханалардың жанындағы жаңа бөлімшелерді жарақтандыру мәселелерімен айналысты. А.С.Өтепов бастаған травматолог дәрігерлер бригадасының травматологиялық бөлімшелерді ұйымдастырғаннан кейін аудандағы мамандарға тәжірибелік көмек көрсету мақсатында жоспарлы және шұғыл операцияларға барды. Әрине, ағамыздың бұл жүргізген үлкен жұмысы оң нәтижесін беріп, екі-үш жыл ішінде жергілікті жерлерге шұғыл шығу саны азайды.
Осындай қажырлы еңбегі мен білім-білігінің арқасында 1973 жылы Көкшетау облысының денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары лауазымына ауыстырылды. Осы лауазымда жұмыс істей жүріп, ол ана мен бала өлім-жітімін азайтуға, туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға, ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау ісін дамытуға зор үлес қосты.
А.С.Өтеповтың мол тәжірибесі мен жоғары кәсібилігі ескеріле отырып, 1983 жылы ол Көкшетау облысының денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Осы лауазымдағы жұмысы кезеңінде А.С.Өтепов облыстың денсаулық сақтау саласының дамуына үлкен үлес қосты.
Оның басшылығымен облыстық және қалалық деңгейдегі ондаған емдеу – алдын алу мекемелерінің, аудандық ауруханалардың, дәріхана ұйымдарының, санитарлық-эпидемиологиялық және дезинфекциялық қызметтердің, ФАП-тардың материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Көкшетау қаласындағы онкологиялық диспансердің, облыстық аурухананың, облыстық балалар ауруханасы мен тері-венерологиялық диспансерінің, перзентхананың ғимараттары салынды. Ол жергілікті билік органдары алдында Чкалов, Уәлиханов аудандарында орталық аудандық ауруханалар үшін типтік ғимараттар, Ленинград ауданында емхана ғимаратын салу қажеттілігін дәлелдей алып, осыған ойдағыдай қол жеткізілуіне дәнекер болды.
Мен ол кісімен жиі жолығып, медицина тақырыбына көп сөйлесетінмін. Сонда: «Кез келген адамның өміріндегі ең басты мақсаты – басқа адамдарға қажет болу, ол үшін сен өзің атқаратын жұмысты шын жүректен жақсы көруің керек. Бұл ретте, дәрігерлер ерекше санатта. Елде болып жатқан өзгерістерге қарамастан, олар нағыз зиялы қауым болып қала береді. Менің осы медицина саласына бастапқы жолым институттың үшінші курсында оқып жүргенімде Қарағанды қалалық ауруханасының қабылдау бөлімінде орта буын қызметкер болып жұмыс істей бастаған кезде басталды. Сол тұста-ақ жақсы маман болуды армандадым, ол үшін институтта, тағылымдама кезінде, біліктілікті арттыру курстарында жақсы оқуым керек болды. Маман ретінде дамығаным үшін тәлімгерлерім Гельмут Пфафф, Петр Гетман, Ангелина Науменко, Виктор Семенов, Алексей Светличныйға алғыс айтамын. Ал, басшыға керек ұйымдастырушылық қабілетін Көкшетау облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері, профессор Қоңыратбек Құрманбайұлы Құрманбаевтан үйрендім. Еңбек жолым облыстық аурухананың дәрігер-ортопедінен басталды, кейін жарақат бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалдым. Талай рет ауруханада, санитарлық авиацияда кезекшілікте болуыма тура келді. Көбінесе ауылдарда тасымалданбайтын науқастарға операция жасау туралы шұғыл шешім қабылдауға тура келетін. Облыстық аурухана дәрігерлері өз күштерімен бүкіл облысты қамти алмайтындарын түсінді. Сондықтан, аудандық ауруханалардағы дәрігерлерге өз тәжірибемізді үйретіп, науқастарға бірлесіп шұғыл және жоспарлы түрде ота жасай бастадық. Осының нәтижесінде 2-3 жылдан кейін мұндай сапарлар саны айтарлықтай азайды. Сондықтан, бұл салада өз ісіңді сүйіп, науқастарға жанашырлық танытып, Гиппократ антына адал болуың керек», – дегенді жиі айтатын.
А.С.Өтепов ауылдық, аудандық, облыстық деңгейдегі дәрігерлердің, денсаулық сақтау ұйымдарының бірінші басшыларының тұтастай кілең жүйріктерін тәрбиелеп шығарды. Оның шәкірттері мен тәрбиеленушілері республикадағы денсаулық сақтаудың жетекші ұйымдастырушылары, медицина ғылымдарының докторлары, профессорлар С.Е.Ибраев, С.А.Аяғанов, К.Ш.Шайсұлтанов, А.К.Мақышев және тағы басқа да көптеген ғалым дәрігерлер. Ал, серіктестері әлемге әйгілі ғалымдар.
Альберт Сейдахметұлы Өтеповтің ел, облыс денсаулық саласына қосқан үлесі «Құрмет Белгісі» орденінен бастап, көптеген наградалармен атап өтілді. Соның ішінде басты-бастыларын, мәселен, «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Еңбек ардагері» медальдарын, «Н.И.Пирогов», «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқаны үшін» төсбелгілерін, Ұлттық медициналық қауымдастығының «Гиппократ» орденін ерекше атап өтуге болады. Халықтың денсаулығын қорғау ісіне қосқан зор үлесі және осы саладағы көп жылғы адал еңбегі ескеріле отырып, Альберт Сейдахметұлына 2021 жылы «Көкшетау қаласының құрметті азаматы» атағы да берілді.
Өкініштісі, кез-келген адамның тағдырын, өзіне бұйыртқан тіршіліктің жарығын табиғаттың заңы, құдіреті күшті бір жаратқан Алла шешеді. Медицина қауымы құрмет тұтатын аяулы Альберт Сейдахметұлы Өтепов ағамыз өзімен бірге денсаулық сақтау саласының тұтас бір дәуірін алып кеткендей көрінеді маған. Осы орайда, мынадай бір ұсыныс енгізуді өзімнің парызым деп санаймын. Көкшетау қаласындағы Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасы жанындағы медицина қызметкерлері аллеясын алдағы күндері «Альберт Өтепов аллеясы» деп атасақ, әріптестерімнің қолдайтынына күмәнім жоқ.
Қасымжан Тәшметов,
2011-2015 жылдарғы Ақмола облысының
денсаулық сақтау басқармасының басшысы,
медицина ғылымдарының докторы, еңбек ардагері.
![]()

