Заң және тәртіп
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті мемлекеттік органдарға 46 тексеріс жүргізді.
Осынау бақылау іс-шаралары барысында мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама мен қызметтік әдеп нормаларын бұзудың 382 фактісі анықталды. Тексерістердің нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтарды жою мақсатында 22 ұсыныс енгізілді.
Департамент басшылығының мәлімдеуінше, талдау нәтижелері мемлекеттік органдар тарапынан бірқатар негізгі бағыттар бойынша белгіленген талаптардың жүйелі түрде сақталмайтынын көрсетеді. Атап айтқанда, іссапар шығындарын өтеу тәртібін бұзу бойынша 52 жағдай, мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану рәсімдерін бұзу бойынша 51 жағдай, сондай-ақ, конкурстық рәсімдерді ұйымдастыру және өткізу қағидаларын бұзу бойынша 42 жағдай тіркелді.
Жүргізілген тексерістердің нәтижесінде 26 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ, 3 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Заңдылықты қалпына келтіру мақсатында мемлекеттік органдардың қолданыстағы заңнама талаптарын бұза отырып қабылдаған 23 шешімі мен актісі күшін жойды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 88 заң бұзушылыққа тосқауыл қойылды.
Ақмола облысының ветеринария басқармасында жүргізілген тексеріс нәтижесінде мемлекеттік орган қызметкерлеріне іссапар шығындарын заңсыз төлеу фактілері анықталды. Сөйтіп, департаменттің талабы бойынша 450 424 теңге көлеміндегі қаражат кері қайтарылды. Анықталған заң бұзушылықтарға байланысты аталған басқарманың 6 мемлекеттік қызметшісі әртүрлі жауапкершілік түрлеріне тартылды.
Департаменттің енгізген ұсыныстарын қарау нәтижесінде өздерінің заңды құқықтарын қорғау мақсатында жүгінген 49 мемлекеттік қызметші мен азаматтың бұзылған құқықтары қалпына келтірілгенін де атап өткен жөн.
Осы бағытта қабылданған шаралар аясында заңнама талаптарына сәйкес келмейтін конкурстық комиссия мен кадр қызметінің 3 шешімінің, сондай-ақ, тәртіптік жаза қолдану туралы 9 актінің күші жойылды. Еңбек құқықтарын қалпына келтіру мақсатында 21 мемлекеттік қызметшіге демалыс күндері берілді, 13 қызметкерге еңбек демалысы төлемдерінің кешіктірілгені үшін өсімпұл төленді, ал, 2 қызметкерге мереке және демалыс күндері жұмысқа тартылғаны үшін өтемақы төленді.
Осылайша департамент енгізген бұл ұсыныстар анықталған заң бұзушылықтарды жоюға және мемлекеттік қызметшілер мен азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге игі ықпал етумен бірге, осыған жүргізілген талдау нәтижелері мемлекеттік органдар тарапынан алдын алу жұмыстарын күшейту және бақылау функцияларының тиімділігін арттыру қажеттігін көрсетіп отыр.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

