Бәрекелді!
Өскемен қаласындағы «Дарын» сауықтыру жазғы лагерінде жол қозғалысы жас инспекторларының слеті өтті. Осы шарада көкшетаулық «Жол патрулі» командасы жалпыкомандалық есепте жүлделі орынға ие болды.
Ақмола командасының құрамында №13 «ЭКОС» экологиялық мектеп гимназиясының оқушылары болды. Еліміздің әр аймағынан және алыс-жақын шет елден келген қатысушылар он күн бойы жол қозғалысы саласына қатысты алған білімдері бойынша сынға түсіп, өзара бақ сынасты. Сондай-ақ, шара барысында жол сақшылары жол қозғалысындағы алғашқы көмек, жол қауіпсіздігі турасында өздерінің жаңа идеяларын, заманауи тәжірбиелерін ортаға салды.
Сөйтіп, жарыс қорытындысында біздің «Жас патруль» командасы «Жас санитарлар» байқауында барлық қатысушылар арасынан топ жарып, үздік атанды. Осы жарыста ақмолалықтарды ақжолтай жаңалығымен қуантқан өзге де қатысушылар марапаттар тізбегін толықтыра түсті. Атап айтсақ, Руслан Қалижанов автоқалашықта велосипед жүргізуден бірінші орынды алса, Мансұр Тұлғабек пен Жанель Ерғалиева «Эрудит» және «Жол қозғалысы ережелері» бойынша екінші санатты маман атанды. Бұл жарыстан жас инспекторлардың жетекшілері де қалыс қалмай, аталған байқауларға белсене қатысты. Галина Генш «Ашық үзіліс» байқауында үшінші орын алса, полиция мойоры Назира Түсімбаева үздік баспасөз парағы үшін екінші орынға ие болды. Осылайша көкшетаулық команда жалпыкомандалық есепте күміс медальға қол жеткізді.
Байқаудан жүлделі оралған оқушыларды мектеп ұжымы салтанатпен қарсы алып, оларға көрсеткен толымды нәтижелері үшін сый-сияпаттар табысталды.
–Бұл жеңіс оқушыларымыздың табандылығының арқасында келді, сондай-ақ, жетекшілеріміздің еңбегі мен командалық рухтың жоғары болғандығының арқасында осындай нәтижеге қол жеткізіп отырмыз. Біз республика көлемінде мектебіміздің ғана емес облысымыздың намысын қорғап жүрген барша оқушыларымыз үшін мақтанамыз. Әрине, бірлескен дайындықтар мен атқарылған жұмыстардың арқасында бұдан да биік марапаттарға жетуге болады. Біз үнемі соған ұмтылып келеміз. Ал, біздің үздіктеріміздің жеңісі бізге әрдайым шабыт сыйлап, шығармашылық, ұжымдық жетістіктерге жетелейді, – дейді мектеп басшылығы.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

