Прокурор назары
Ақмола облысы прокурорының орынбасары Ерболат Жүсіптің төрағалығымен заң мәселелеріне арналған кезекті семинар-кеңес болып өтті.
Онда қылмыстық процесті оңтайландыру мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының қолданылуы сөз болды.
Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге енгізілген бірқатар өзгерістер мен толықтырулар жеке бостандықты сақтау және қамауда ұстау мерзімін ұзарту кезінде тұлғалардың құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған Конституциялық Соттың Нормативтік қаулыларын іске асыру мақсатында енгізілгені атап өтілді.
Іс-шараға құқық қорғау және арнайы органдардың басшылары, сондай-ақ, адвокаттар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында адвокаттардың процессуалдық мүмкіндіктерін арттыру, қылмыстық процестің жарыспалылығын күшейту, қорғау құқығына ие куәгерлердің құқықтарын қосымша реттеу, сондай-ақ, «сталкинг», «дропперлік», «некеге тұруға мәжбүрлеу» және тағы басқа жағдайлар үшін жаңа қылмыстық жауапкершілік түрлері талқыланды.
Нәтижесінде қылмыстық қудалау жағдайларына тартылған азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етудің қосымша шаралары әзірленіп, заңнамадағы жаңа нормаларды қолданудың бірыңғай тәсілдері айқындалды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

