Қазақстан Республикасы Конституциясы күні қарсаңында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов Целиноград ауданының Аққайың ауылына табиғи газдың келуіне байланысты өткен салтанатты шараға қатысты.
Ауылда 233 үй көгілдір отынға қосылды. Жалпы ұзындығы 62,8 шақырым газ құбырының 7,4 шақырымы орташа қысымдағы, ал, 55,4 шақырымы төмен қысымдағы газ. Осының арқасында газдың тиісті деңгейде ұсталып, тұрақты берілуін арнайы құрылғы қамтамасыз етеді.
–Халықты табиғи газбен қамтамасыз ету – өңір экономикасын қолдауға, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Мемлекет басшысы әрбір қазақстандықтың өмір сапасы жоғары болуы қажет екендігін әрдайым айтумен келеді. Біз осы стратегиялық міндетті жүзеге асырып жатырмыз. Аққайың – Целиноград ауданындағы орталық газбен қамтамасыз етілген үшінші елді мекен. Биыл осы аудандағы Қоянды, Алтынсарин, Талапкер, Қызылсуат, Қаражар және Қараөткел ауылдарында да газ тарту жұмыстары жүргізілуде. Қоянды, Алтынсарин, Талапкер ауылдарындағы жобалар аяқталуға жақын. 432 шақырым газ құбыры іске қосылады, бұл 35 мың адамды немесе 8,7 мың абонентті табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мемлекет тұрғын үйлерге газ тарту кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау шараларын қабылдауда, – деп атап өтті облыс әкімі Марат Ахметжанов.
–Мемлекет басшысы елдегі газдандыру жұмысын тездетуді тапсырған болатын. Осы орайда «QazaqGaz» ұлттық компаниясы жергілікті әкімдіктермен белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Оның ішінде Ақмола облысының әкімдігі де бар. Жалпы, өңірдегі елді мекендерді газдандыру көрсеткіші артып келеді. Жыл басынан бері Нұрлы, Шұбар ауылдарына газ берілсе, жыл соңына дейін тағы 5 елді мекенге газ беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл ұлттық компанияның Ақмола облысымен бірлесе атқарып жатқан жүйелі жұмысының нәтижесі,–деді «QazaqGaz» басшысы Санжар Жаркешов.
Елеулі оқиғаны асыға күткен ақақйыңдықтардың бірі – халықтың әлеуметтік осал тобына жататын Күлзада Мұқажанова.
–Екі ұлымды бағып-қағып жеткізіп, олардан 5 немере көрген жан ретінде мені «әлеуметтік әмиян» бағдарламасына тіркейтініне алғыс айтамын. Әлбетте, біздің жақта қыс мезгілінің ерте түсетінін ескерсек, экологиялық таза энергия көзі тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартатыны анық, – деп жылы лебізін білдірді газ құбырына бірінші болып қосылатын абонент.
Ауылда халықтың осал топтарына тұтынылған газ үшін 20 пайызға дейін жеңілдіктер қарастырылған. Сондай-ақ, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі тұрғындар үшін 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әлеуметтік көмек көзделген.
Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
![]()

