Соттың «Қоғаммен байланыс орталығы» ашылды

Мереке қарсаңында Көкшетау қаласында салтанатты жағдайда Ақмола облыстық сотының «Қоғаммен байланыс орталығы» ашылды. Оның ашылу салтанатына облыс әкімі Марат Ахметжанов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Жаңа сот ғимараты – әділдікке қолжетімділікті қамтамасыз ету мен қоғамның сот жүйесіне деген сенімін нығайтудағы маңызды қадам ретінде бағаланды. Құрылыс жұмыстары рекордтық мерзімде – небәрі 3,5 айда аяқталды. Жобаны Qazaq Union құрылыс компаниясы сапалы әрі уақытында орындап шықты.

Облыс әкімі Марат Ахметжанов өз сөзінде жаңа орталықтың Конституцияның 30 жылдығы қарсаңында ашылуы мен тарихи маңыздылығын атап көрсетті.

–Қоғаммен байланыс орталығы – әділдіктің, заңдылықтың және халыққа қызмет етудің үлгісі болады деген сенімдеміз. Бұл фронт-офис Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына толық сай келеді, – деді аймақ басшысы өз сөзінде.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаторлар кеңесінің мүшесі, мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев салтанатты рәсімде ақ батасын беріп, ғимараттың ашылуы тек сот жүйесі үшін ғана емес, қоғамымыздың  дамуы үшін де маңызды екенін жеткізді.

Ақмола облыстық сотының төрағасы Арман Жүкеновтің жетекшілігімен өткен игі шараға Қазақстан Республикасы Сот Әкімшілігі басшысының орынбасары Жантемір Шакиев, мемлекеттік органдардың басшылары, судьялар мен сот қызметкерлері қатысты. Салтанатты жиында сөз сөйлеушілер жаңа орталықтың ашылуы сот төрелігінің қолжетімділігін арттыруға, оның ашықтығын қамтамасыз етуге және азаматтардың құқықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтеруге бағытталғанын атап өтті.

– Осы айтулы мерекеде ашылып отырған жаңа ғимарат жай ғана кезекті бір нысан емес, ол сот жүйесінің қоғаммен байланысқа, ашықтыққа ұмтылуының көрінісі, – деді өз сөзінде Ақмола облыстық сотының төрағасы.

Салтанаттың ресми бөлімінен кейін оған  қатысушылар жаңа ғимараттың ішімен танысты. Кең әрі заманауи ғимаратта тиімді жұмыс істеу үшін барлығы ұтымды ойластырылған. Сот отырысы залының ыңғайлылығы, азаматтар үшін жайлы күту аймақтарының болуы, адвокатқа, балалар мен психологтарға арналған бөлмелер орталықтың артықшылықтарын көзге бірден айқындап тұр. Орталықта алқа билер алқасының жұмысына қолайлы жағдай жасалған.

Өз жұмысын бастағалы отырған жаңа ғимаратта бір топ судьялар мен сот жүйесі мамандарына осы саладағы адал еңбегі, кәсібилігі және сот беделін арттыруға қосқан елеулі үлестері үшін құрмет белгілері мен грамоталарының тапсырылуы да салтанатты шараның шырайын келтіре түсті. Ел Конституциясының 30 жылдығы алдында ашылған ғимарат аймағымызда сот жүйесінің дамуына, осы тұрғыда, облыс тұрғындарына әділ және ашық қызмет көрсетуге өзінің игі ықпалын тигізері сөзсіз.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар