2 қыркүйекте Астанада Палаталардың бірлескен отырысында VIII шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламентінің төртінші сессиясының ашылуы өтті.
Бірлескен отырысқа Сенаттың 50 депутаты және Мәжілістің 97 депутаты қатысты. Сонымен қатар, жиынға Президент Әкімшілігінің басшылығы, Премьер-министр Олжас Бектенов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, орталық мемлекеттік органдардың басшылары шақырылды.
Айта кетейік, осы күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға ресми сапары өтіп жатыр. Осыған байланысты «ҚР Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 6-бабы 5-тармағына сәйкес, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Президент тапсырмасымен сегізінші сайлаған Парламенттің төртінші сессиясын ашты.
– Бүгіннен бастап Парламенттің төртінші сессиясы өз жұмысын бастайды. 8 қыркүйекте Парламенттің бірлескен отырысы өтеді. Онда Президентіміз жылдағы дәстүр бойынша халыққа Жолдауын жариялап, алдымызға жаңа міндеттер қояды,– деді Мәжіліс төрағасы.
Сөйтіп, кешегі күннен бастап, Қазақстан Республикасы Парламентінің қос палатасы өзінің жылдағы заң шығарушылық қызметіне кірісті.
ҚР Парламенті баспасөз қызметінің материалдары бойынша дайындалды.
![]()

