Салынып жатқан құрылыстар көз қуантады

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласының Сарыарқа шағын ауданында болып, жаңадан салынып жатқан аурухана мен спорт сарайының және «Kokshetau MALL» ойын-сауық орталығының құрылысын тексерді.

Сонымен қатар, облыс әкімі бастаған жұмыс тобы қала көшелерін жаяу аралап, облыс орталығын абаттандыруға қатысты жүргізіліп жатқан бірқатар ірі жобалардың іске асырылу барысымен танысып шықты.

Көкшетауда жыл санап жаңа нысандардың саны артып келеді, олардың кейбірі жекелеген инвесторлармен серіктестік аясында бой көтерсе, ал, басым бөлігі мемлекет көмегімен салынып жатыр. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды аспектісі тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру болып табылады. Бұл бағытта облыс орталығында көптеген жұмыстар атқарылуда. Соның арқасында қала тынысына жаңаша серпін бергелі отырған мұндай әлеуметтік нысандар аз емес. Сондай ауқымды нысандардың бірі қазіргі таңда құрылысы жүріп жатқан 630 орындық көпсалалы аурухана болып отыр.

Аймақ басшысы ең алдымен, осы аурухананың құрылысына келіп, мердігерлермен кездесті. Мұнда жер қазу жұмыстары толық аяқталып, монолитпен ғимараттың негізгі қаңқасы тұрғызылып жатыр. Құрылыс жұмыстарына шамамен  1800-ге жуық адам тартылған. Дәл қазіргі уақытта нысанды салу жұмысы 30 пайызға орындалыпты.

Облыс әкімі өз кезегінде бұл жоба толық аяқталған соң оны іске қосу аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымындағы айтулы оқиғалардың бірі болатынын, әсіресе, ол халық денсаулығына оң ықпалын тигізетінін атап өтті.

–Аурухана тек біздің облыс тұрғындарына ғана емес, көршілес аймақтарға да қызмет көрсетеді. Сол себепті бұл өңіраралық аурухана болады, яғни, солтүстік облыстардың тұрғындарын қамтиды.  Мұнда ең заманауи медициналық құрал-жабдықтар орнатылады әрі ол халықаралық стандарттарға сай алдыңғы қатарлы мекемелердің бірі болады, — деді аймақ басшысы құрылыс басында.

Көпсалалы аурухана құрылысын 2027 жылы аяқтау жоспарлануда. Жоба құны 330 миллиард теңгеден астам соманы құрайды. Мердігер ұйымының өкілі, еңбек және күзет қауіпсіздігінің бастығы Бағдат Әбіловтің айтуынша, мұндағы жұмыстар жоспарланған мерзімнен алда келе жатыр.

–Бұл аурухананы түріктің «Ренессанс» компаниясы салып жатыр. Ол дүнежүзіндегі тоғызыншы орында тұрған ең ірі компаниялардың бірі болып саналады. Қазір ғимараттың үшінші қабатын қалап жатырмыз. Астыңғы екі қабаттың кәріз жүйесі, жарықтандыру жұмыстары толық аяқталды. Құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындар тартылған. Компания жұмысшылар үшін 2000 кісілік жатақхана салып берді, онда асхана, медпункт, спорт залы қарастырылған, –дейді Бағдат Әбілов журналистермен әңгімелесу кезінде.

Қызу жүріп жатқан құрылыс жұмыстарымен толық танысып шыққан соң, жабық кеңседе болашақ аурухананың техникалық базасы мен медициналық персоналы, кешендері таныстырылды. Облыс тұрғындарына ғана емес, көршілес аймақтарға да сапалы медициналық қызмет көрсетілуі тиіс мекемеде жалпы саны екі мыңға жуық медицина мамандары жұмыс істейтін болады. Жалпы ауданы 111 мың шаршы метр аумақты құрайтын ауруханада 63 күндізгі стационар, 38 оңалту палатасы, 26 ота жасау залдары қарастырылған. Әлемнің ең озық технологиясымен жабдықталатын ауруханада істейтін мамандар бүгінде шет елдерде арнайы даярлықтан өтіп жатыр.

Бұдан соң облыс әкімі 10 мың шаршы метр аумақта салынып жатқан  «Көкше Арена» спорт сарайының құрылысы басына барды. Былтыр басталған кешеннің құрылысы жоғары қарқынмен қызу жүріп жатыр. Көпфункционалды спорт кешені пайдалануға берілген соң, волейбол, футбол, баскетбол, бокс, ауыр атлетика, үстел теннисі және ұлттық спорт түрлеріне арналған залдар мен алаңдар өз жұмысын бастайды. Сондай-ақ, мұнда корттар мен жүгіру жолақтары қарастырылған. Облыс әкімі бұл бұқаралық спортты дамытуға оң ықпалын тигізетін теңдессіз спорт сарайы болатынын айта келіп, мұнда да жаттықтырушылар  мен спортшылар үшін бар жағдайдың жасалатынын атап өтті.

–Қаржыландыру толық көлемде қамтамасыз етілген, жыл соңына дейін нысан пайдалануға берілуі тиіс. Мен бас мердігерге барлық жұмыстарды сапалы әрі, уақытында орындауды тапсырамын, – деді облыс әкімі.

Жоба жетекшісі Руслан Тоқпанбаев өз кезегінде облыс әкімінің тапсырмасы сөзсіз орындалатынын жеткізіп, нысанды жыл соңына дейін аяқтауға уәде етті. Спорт сарайының құрылысына 200-ден астам жұмысшы тартылған. Қаржыландыру арнайы мемлекеттік қор есебінен қамтамасыз етілген.

Осы сапар барысында Марат Ахметжанов Көкшетауда салынып жатқан «Kokshetau Mall» сауда-ойын-сауық орталығының құрылысымен де танысты. Орталық директоры Рустам Әубәкіровтің айтуынша, мұнда жергілікті тауар өндірушілердің қатысуымен жылына 350 тоннаға дейін дайын азық-түлік өнімдерін шығару жоспарлануда. Жобаны жүзеге асыру 600-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

–Бұл облыс орталығындағы теңдессіз ойын-сауық орталығы болмақ. мұндай орындарды Көкшетауға келетін қонақтарға ұялмай көрсетуімізге болады. Мұнда азық-түлікпен айналысатын жергілікті тауар өндірушілер өз тауарларын осы жердегі цехтарда өндіріп, оны осы жерде сатылымға шығаруға мүмкіндік алады. Тұрғындар дәмді әрі өндірістен жаңа ғана шыққан азық-түлікті сатып алуға қол жеткізеді, – деді Марат Ахметжанов жаңа нысанды аралап, көру барысында.

Осы жолы облыс әкімі ерекше назар аударған жобалардың тағы бірі – «Көкшалғын» абаттандыру жобасы. Бұл жоба арқылы Мәңгілік алау саябағын, Даңқ аллеясын, Тәуелсіздік алаңын және Сағдиев көшесін қайта құру көзделген. Көкшетаудың орталық көшелерінде жүрігізіліп жатқан ауқымды абаттандыру жұмыстарының барлығы да халық тұрмысына қолайлы жағдай туғызып, қала көркіне көрік қоса түсетіні сөзсіз. Облыс әкімі қаланы абаттандырумен айналысып жатқан сала және мердігерлік ұйымдар басшыларын қолға алынған осы жобаларды сапалы әрі уақытында тапсыруға міндеттеді.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар