Тіл жағдайы
Бүгінгі таңда көптің көңілін алаңдатқан өзекті мәселелердің бірі – қоғамдық тамақтану нысандарындағы ас мәзірлерінің тек бір тілде ұсынылуы. Бұл тілге деген сұраныстың жоқтығынан ба, әлде кәсіпкерлердің заңнама талаптарынан хабарсыздығын көрсете ме?
Мәселе екеуінде де жатыр. Әрине, заң тұрғысынан көрнекі ақпараттардағы бұзушылықтарды болдырмауға қатысты нақты нормалар жоқ емес, бар.
«Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» ҚР Заңының 21-бабына сәйкес, хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тiлдерде де орналастырылады. Алайда, кәсіпкерлер тарапынан бұл нормалар толықтай сақталмай отырғанын байқауға болады.
Өңірдегі тіл саясатын іске асыру саласындағы уәкілетті орган ретінде Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы тарапынан аталған мәселеге қатысты ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұдан бөлек, бекітілген Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында да көрнекі ақпарат саласы бойынша нақты нысаналы индикаторлар бекітілген.
Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы және тіл мәселесіне жауапты қалалық, аудандық бөлімдер өңірдегі сауда және қызмет көрсету нысандарының деректемелері мен жарнамаларына зерделеу жұмыстарын жүргізіп, кәсіпкерлерге заңнама талаптары бойынша жүйелі түрде әдістемелік көмек көрсетеді. Мәселен, 2025 жылдың өткен жеті айында көрнекі ақпараттарды мемлекеттік тілдің нормасына сәйкестендіру мақсатында облыс бойынша 1 759 көрнекі ақпарат зерделенді. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде 941 көрнекі құралда қателіктер анықталып, түзету жұмыстары жүргізілді. Бұл бұзушылықтардың басым бөлігі – ас мәзірлерінің, сыртқы жарнамалардың, түбіртектердің мемлекеттік тілде берілмеуі. Бұл – тіл нормаларын ғана емес, тұтынушының таңдау құқығын, мемлекеттік тілде қызмет алу мүмкіндігін шектеу деген сөз.
Жоғарыда айтылғандардан бөлек, мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ету, мемлекеттік тілде жарнама мәтіндерінің сауатты ресімделуіне атсалысып жүрген азаматтарға қолдау көрсету мақсатында, жыл сайын «Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» облыстық байқауының ұйымдастырылатынын атап өтуге болады. Мәселен, биыл осы облыстық байқауға 3 санат бойынша, яғни, квазимемлекеттік сектордың, кәсіпкерлік субъектілердің жарнама мәтінін әзірлейтін мамандардан; өз өнімдерін жарнамалайтын тауар өндірушілерден; заң талаптарына қайшы орналастырылған жарнама мәтіндерін анықтап, түзету жұмыстарына атсалысып жүрген азаматтардан барлығы 29 өтінім келіп түсті.
Қатысушылардың жұмыстарын мазмұны, көркемдік деңгейі және тіл тазалығы жағынан жете қарастырған қазылар алқасының шешімімен жеке тұлғалар арасында Қорғалжын ауданынан Нұргүл Иманова, жарнама агенттіктері арасында Көкшетау қаласынан «Naruzhka» жарнамалық-өндірістік компаниясы, өз өнімдерін жарнамалайтын тауар өндірушілер арасында тағы да облыс орталығынан «Ualikhanov University» brand book үздік деп танылды. Сонымен бірге, аталған байқау аясында облыс бойынша 1 537 жарнама заңнама талаптарына сәйкестендірілді.
Мемлекеттік тілдің мәселесі – тек тіл мамандарының ғана емес, әрбір азаматтың, кәсіпкердің, тұтынушының ортақ ісі. Мемлекеттік тілдің қоғамдық ортада толыққанды қолданылуына үлес қосу сіздің де, біздің де ортақ жауапкершілігімізге жатады.
Құрметті кәсіпкерлер, сіздер халықпен тікелей жұмыс істейсіздер. Әрбір тұтынушы – өз құқығын білмейді емес, біледі. Сондықтан, оның қызмет пен ас мәзірін қазақ тілінде алуға толық құқығы бар. Бұл – ең алдымен, осы мемлекетке, тілге, заңға деген құрмет. Оның үстіне ас мәзірі сіздің кәсібіңіздің бет-бейнесі. Ол мемлекеттік тілде де жазулы тұруы тиіс.
Осы ретте, тұтынушыларға айтарымыз, кез келген ортада мемлекеттік тілге сұранысты тудыру өз қолымызда екенін ұмытпайық. Сіздерге қызмет көрсету орындарында мемлекеттік тілде ақпарат берілмеген жағдайда, облыстық call орталыққа (87162-25-81-09) хабарласуларыңызға болатынын естеріңізге саламыз.
Мөлдір ДЕМЕУОВА,
Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы.
сурет tilalemi.kz сайтынан.
![]()

